Басты тақырыпОблыс әкімі

Мүмкіндігі – жаңа, жетістігі – дара

    Қарағанды облысы ғана емес, ел көлемінде «атағынан ат үркетін» Қарағанды облыстық онкологиялық диспансері 1945 жылы ашылған. Содан бері салтынан жаңылмай, соңғы үмітке сүйенгендерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Кейінгі кезде жағдайы нашарламаса да, ғимараттың тарлық етуіне байланысты заманауи емдеуде озық құралдарды пайдаланып, ота жасауда қолбайлау болған проблемалар аз емес. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, облыстың бірқатар медицина мекемелерін аралаған облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ біраз мәселенің мән-жайын көзімен көріп қайтты.

Оңалтуды қонақүйде

жасауға мәжбүр

Басты мәселе – емделушілерге арналған орынның жетіспеушілігі. Диспансерде 19 мың науқас есепте тұр. Оған еліміздің басқа да өңірлерінен келушiлерді қосыңыз. Кеңес Одағынан бері білікті дәрігерлердің басын қосып, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де оқ бойы алда келе жатқан Қарағанды облыстық онкологиялық диспансеріндегі мәселенің түйінін жаңа ғимарат салу ғана шешпек. Мекеме директоры Мұратбек Жұмақаевтың айтуынша, 200-250 орынды ғана қамтитын республикадағы басқа диспансерлермен салыстырғанда 300 орындық диспансерде күніне 16-18 ота жасалады екен.

Мұратбек ЖҰМАҚАЕВ, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің директоры:

Біз жылына 3500 адамға ота жасаймыз. Емделушілердің бес жылдық өміршеңдік қабілеті біздің облысымызда 54%-ды құрайды. Бұл – ота жасалған және ем алған адам бес жыл өткеннен кейін өмір сүруін жалғастыра береді деген сөз. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Ауқымды жұмыстар атқаруға қызмет көрсететін аумақтың жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде қабылдау көлемін 6 дәрігерден 20 дәрігерге дейін арттырдық, әрі қарай кеңею – қажеттіліктен туындады. Ота жасалатын орынды, жан сақтау бөлмелерін көбейтуді бүгінгі күн талап етіп отыр. Сонымен қатар, жаңа ғимарат салынатын болса – емделушілерге көрсетілетін қызмет түрлері де ұлғаймақ. Қазірдің өзінде сапалы ем жасайтын диспансер жаңа ғимаратқа көшсе, халықаралық стандартқа сай қызмет түрлері көрсетіледі. Емделушілерге үздік жағдай жасалмақ.

Диспансердегі әр дәрігер күніне шамамен 300 емделушіні қабылдайды. Ол – өз алдына. Ал, күніне жасалатын әр түрлі ем-шараларды, отаны қосқанда 1963 жылы іргетасы қаланған ғимарат келушілердің мұнша көлеміне есептелмеген. Қазірдің өзінде бір орынға тиесілі 7,2 шаршы метр қысқартуға ұшырап, 5,7 шаршы метрді қанағат етуде. Ғимарат тарлық етті деп, ауру да бәсеңдеп тұрған жоқ. Жыл өткен сайын емделушілер санының артуын мекеме директоры М.Жұмақаев қазіргі адамдардың заман өзгерген сайын ауруға деген көзқарастарының өзгеруімен түсіндіреді. Яғни, ақпаратқа қолжетімділік заманында адамдар жеріне жеткен ауруды емдегеннен гөрі, ауру ошағын алдын ала анықтап, ем қабылдау арзанға түсетінін білген. Оның үстіне, технологияның дамуына байланысты ауруды анықтау жолдары да жетілдіріліп, ерте бастан анықтау мүмкіндігі туындаған.

«Обыр – дауасыз дерт емес. Бірақ, адам өмірінің соңына дейін кешенді түрде ем қабылдап отыруы қажет. Әр түрлі қауесеттерге сеніп, шетел асып, ауруымнан айығамын деу де қате пікір», – дейді М.Жұмақаев. Бір күнде ем қабылдап, ауруды жеңу мүмкін емес. Емделемін деп 1-2 айға басқа елге барып, ауруын асқындырып келгеннен кейін, онымен күресуге мәжбүр. Сондықтан, келушілерге дұрыс ақпарат беру де – дәрігерлердің міндеті. Құны 800 миллион теңге тұратын аппаратта сәулемен емдеу ісін жүргізетін облыстық диспансер болашақта 2 млрд. теңге көлеміндегі заманауи аппарат алуды жоспарлап отыр.

Ал, орын жетіспеушілігі салдарынан оңалту бөлімі «Утро» қонақүйінің екінші қабатын жалдауға мәжбүр. 20 орынға арналған 8 палатада күніне 60-тан аса емделуші химиялық терапия алады. Өз қаражаттары есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тығырықтан шығуға тырысқанымен, бұл жер дәрігерлер үшін де, емделушілер үшін де қолайсыз. Ғимаратта жеделсатының болмауынан ауыр науқастарды қызметкерлер екінші қабатқа өздері көтеруге мәжбүр. Оңалту орталығында кезекші реаниматолог-дәрігер де жоқ. Күздізгі стационардың емделушілері химиялық терапияны осы жерден алады. Ал, науқастардың дәріге реакциясы да әр түрлі болуы мүмкін. Мұндайда аурухананың негізгі ғимаратынан шақыртылатын дәрігер қыстың суығында, жаздың ыстығында да екі ортада сабылады.

Мәселенің шешімін диспансердің төңірегінен салынатын жаңа ғимарат қана шешпек. Ол үшін орны да дайындалып, геодезиялық жұмыстар жүргізілген, жоба жұмыстарының құжаттары сақадай сай. Алдын ала есептеулер бойынша, құрылыс жұмыстарына барлығы 2,5 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Жаңа ғимаратта заманауи техникамен жабдықталған 8 ота жасау бөлімі, 16 жан сақтау орны, клиникалық және генетикалық зертхана, дәріхана орналаспақ. Оңалту орталығы қазіргі диспансер орналасқан ғимаратқа көшіріледі деп жоспарлануда.

Егер жаңа ғимарат салынса, бөлімшелерімізді санитарлық нормаларға келтіру мүмкіндігін алар едік деген бас дәрігердің өтінішіне облыс әкімі Ерлан Қошанов жаңа корпустың құрылысының басталуына ықпал ететінін айтты. Республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстары үшін қаржы бөлу қажеттігіне Үкіметке ұсыныс жасайтынын жеткізді.

Елбасы сыйға тартқан

томограф

Қарағандылық мамандар 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қарағанды облысына сыйға тартқан «Siemens» фирмасының магнитті-резонансты томографын жөндеп, іске қосты. Осы кезге дейін ақаулығына және жөндеу жұмыстарының қымбаттығына байланысты тоқтап тұрған ЯМРТ аппараты сол кезде Қазақстанға алғаш келген аппараттың бірі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Шипагер» ЖШС оңалту орталығының қызметкерлері аппаратты жөндеуден өткізіп, іске қосқан.

Денис ПОДГАЙНОВ, компания директоры:

Бұл «Siemens»фирмасының аппараты. Бүгінгі таңда осындай құрылғыларға жөндеу жұмыстарын жүргізу мен қызмет көрсету құны өте жоғары. Бірақ, біздің компаниямыздың мұндай жабдықтарды жеткізу мен жөндеу жұмыстарын жүргізуде тәжірибесінің, сервистік орталығымыздың болуына орай, жөндеу жұмысы арзанға түсті. Томограф екі апта бұрын жұмысын қайта бастады. Осы уақыт аралығында 300-ге тарта адам тексерілуден өтіп үлгерді. 10 жыл пайдаланылған уақытында Қарағанды дәрігерлері облысымыздың 30 мыңнан аса тұрғынына осы аппарат арқылы диагноз қойды.

Томогрофтың шыққан жылы оның жұмыс сапасына әсер етпейді. Онда 30 жылдан аса өрісті ұстап тұруға қабілетті тұрақты магнит орнатылған. Қазір қайта қалпына келтірілген аппарат қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан №5 емханада пайдаланылуда.

Емханадағы кезек: қауесет пен шындық

Емханалардағы ұзын-сонар кезек туралы естіген аймақ басшысы Ерлан Қошанов Октябрь ауданының «Көгілдір тоғандар» шағын ауданындағы №4 емханаға ескертусіз келді. Денсаулық сақтау мекемелерін аралау жоспарының бағытын өзгертіп, аяқасты аталмыш емханаға ат басын бұрған облыс басшысы мекеме жұмысымен танысып, емделушілермен сөйлесті.

«Менің блогыма үнемі емханалардағы кезек туралы шағымдар келіп түседі. Егер алдын ала ескертіп келер болсам, шынайы жағдайды көрмейтінім анық. Сондықтан, аяқасты келіп, жағдайды өз көзіммен көруді шештім», – деп түсіндірді аймақ басшысы өзінің бұл келісін.

Емхананың кіреберісінде автобус күтіп отырған зейнеткерлер Ерлан Қошановқа өздерінің шағымдарын жеткізді.

«Бұл жерге келетіні бір ғана автобус. Оның өзін көру мұңға айналды. Күні бойы күтіп, келгенін көре алмай кететін кездеріміз де болады. Бүгін де, міне, бір сағаттан аса отырмыз. Ал, басқа аялдамаларға жету қиын. Бәріміз – жасы келген адамдармыз. Жасы жетпістен асқан мүгедектер де бар. Қыстың күні қар басып қалған жермен жүру, тіпті, мүмкін емес», – дейді олар.

Зейнеткерлердің шағымдарына бұл мәселенің мәнісін қарастыратынын және қоғамдық көліктер туралы шынайы жағдайды білу үшін қалада жасырын түрде арнайы топ жүргенін жеткізді.

Емханаға кірген Ерлан Қошанов әр емделушіден дәрігердің қабылдауын күткеніне қанша уақыт болғанын сұрады. Біразы жауап беруден қашқақтаса, біразы емханадағы жұмыстың жақсы ұйымдастырылғандығын, өздерінің ешқандай наразылықтары жоқ екендіктерін айтты.

Салтанат ШАЙДАРОВА, №4 емхана директоры:

Біз қабылдауды алдын ала жазылу арқылы жүргіземіз. Егер шұғыл жағдай болса, емделушілерді дәрігер кезексіз қабылдайды. Сонымен қатар, ашық есіктер күні де өткізіліп тұрады. Яғни, сенбі күндері емделушілерді жазылусыз қабылдаймыз.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button