Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау мол
Қарағанды облысында 66845 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Барлығы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. 2018 жылы 4000 протез бұйымдары, 656 кресло-арба берілді. Бұл туралы Қарағанды облысы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Л.Қуанышбекова мәлімдеді.
Қарағанды облысында 3382 мүгедек жан жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі 539 адамға ымдау тілін білетін мамандар көмек көрсетеді.
Бұл санаттағы азаматтардың арасында 5000-ға жуық бала бар. Мемлекет осындай балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді өзіне алды. Бұл үшін олардың әрқайсысына, әр балаға тоқсанына 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Бүгінгі таңда бұл көмек түрімен 550 бала қамтылған.
Әлеуметтік көмектің тағы бір түрі – оларды қамтамасыз ете алатын туыстары жоқ I топтағы мүгедектерге қосымша үстеме ақылар. 2018 жылы бұл көмек 18 млн. теңгеден астам сомаға 640 көмекке мұқтаж жалғыз басты адамға көрсетілді.
Мүгедектер үшін қолжетімді қоршаған ортаны құру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары бұл мемлекеттік органдардың күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Объектілерге түгендеу жүргізу барысында, 1019 объект осындай бейімделуге жататыны анықталды. Бүгінгі күні әлеуметтік инфрақұрылымның 744 нысаны осындай жағдайларға бейімделген.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге және басқа да барлық мәселелерге байланысты тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімдеріне хабарласу қажет.
Өз тілшімізден