Намыстың найзагері
Ғұмыр мен ғибрат. Өмір мен өнеге. Тағдыр мен тағылым. Мұның барлығы – мағыналас-мәндес ұғымдар болғанымен, кейбір жағдайда өлшемдері бір-біріне сәйкес келе бермейтін құндылықтар.

Мәселен, ғұмыр кешеміз, ғибрат қалдыра аламыз ба? Өмір сүреміз, өнеге жия аламыз ба? Пешенемізге бұйырған тағдыр жолын жүріп өтеміз, тағылым таныта аламыз ба?

Ғұмыр, өмір, тағдыр – мағынасы бір ұғым. Ғибрат, өнеге, тағылым да. Айналып келгенде, барлығының да айырмашылығы – өлшемінде. Адам ғұмыры жылдармен өлшенеді де, ғибраты халықтың махаббатымен айқындалады. Төреші – уақыт. Сол уақыттың уысындағы бес күндік жалған өмірдің тұйықталар сәті болса да, жақсы адамның өнегесі уақыттың шеңберіне бағына қоймайды. Жылжыған жылдар, аунаған айлар біреудің атын алыстатып жатса, енді біреудің даңқын асқақтатады. Біреулер жіліктің майлы басындай лауазымды қызметімен, сол қызмет жолында көтерілу яки құлдилау жылдамдығымен есте қалса, енді біреулер осы қызметті ел игілігі жолында атқара білген қасиетімен қадірлі. Өйткені, билік – өткінші, мансап – уақытша. Ал, ел жүрегіне жол тапқан, ғұмыр кеше жүріп ғибрат жиған, өмір сүре жүріп өнегесін өрісті ете білген азаматтың тағылымды тағдыры ұрпақ жадында ұзақ сақталады.
Өмірден өткеніне кешегі 5 қазанда жеті жыл толған қажырлы қайраткер, мемлекетшіл тұлға Қасымбек Медиұлы Медиевтің өнегелі өмір жолына көз салғанда, осы ойдың ақиқатына көз жеткіземіз. Қасымбек Медиұлы – тұтас бір дәуірмен бірге тыныстап, заманның күрделі кезеңдерінде нардың жүгін арқалап, ардың сөзін сөйлеген, ел тағдырына енжар қарамаған еңселі тұлға. Оның ғұмырнамасы – елдік мүддені алға оздырған азаматтық ұстанымның, табандылық пен тәжірибенің, туған елге деген перзенттік сүйіспеншіліктің шежіресі.
…Мен Қаскең туралы сөз қозғала қалса, елеңдей қаламын және өзімді осындай мемлекеттік деңгейдегі қайраткер тұлғамен дәмдес, сырлас қылған тағдырыма ризашылық білдіремін. Иә, Қасымбек аға екеуміз етене араластық. Ол кісі туралы көп жазған журналистің бірімін. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында «Тарихи заң тегeурінді қарсылықтан кейін қабылданды» атты сұхбат жасадық. 70 жасқа толған мерейтойынан бастап үш көлемді очерк жарияладым. Қызметтік жолына да, адами болмыс, өмірлік ұстанымына да, елге сіңірген еңбегі мен асқақ абыройына да қанық рухани інісі болдым.
Қайраткер Қасымбек Медиевтің Қарағанды, бұрынғы Жезқазған облыстарын дамытуға қосқан қажырлы еңбегін, ел игілігі жолындағы баянды бастама, ұтымды ұсыныстарын былай қойғанда, ол кісінің екі бірдей тарихи құжатты қабылдауға қатысып, қатысып қана қоймай, Қазақстанның азаттығы үшін ерлікке пара-пар іс тындырғанын қалай дәріптемеске?!
Ол – 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдауға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде қатысып, Декларацияға дауыс берген 281 депутаттың алдында дербестіктің тарихи мәні туралы қасқайып тұрып азат ойларын ақтарған қайраткер.
Ол – 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдаған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тарихи сессиясында үшінші күн (14-16 желтоқсан) талқыланып жатқан заң жобасы туралы мінберге шығып: «Жарыссөзді тоқтатайық! Енді созбақтай беретін ештеңе жоқ. Бұл Заң біздің мемлекеттігімізді нығайту үшін ауадай қажет! Бізден басқа одақтас республикалардың барлығы Тәуелсіздігін жариялап үлгерді. Біз нені күтіп отырмыз? Талқылауды тоқтатып, Заңды қабылдайық!», – деп, өткір пікір білдірген намыстың найзағайы.
Ол – Мәлік Имашев сынды ұстаз үмітін ақтап, ұлағатын өмірлік ұстанымына айналдырған азамат.
Ол – Камали Дүйсембеков секілді қаһарман һәм қайраткер ағасының тәлімін алып, тәрбиесін көрген жақсы ағаның жалғасы.
Ол – қазыналы Қарағандының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға Сұлтан Досмағанбетовтің сенімін ақтаған шәкірті.
Ол – Арқаның ардақты азаматы Қамза Жұмабековтің іргелі ісін жалғастырған ізбасары.
Ол ел басқарды. Елден алшақтаған жоқ.
Ол қайраткер болды. Қарапайым қалпынан айнымады.
Ол талапшыл еді. Тәкаппар болмады.
Алақандай ғана Ақсу-Аюлыда туып, алты Алаштың ақылманына айналды.
Орта мектепте пионер вожатыйы болып басталған еңбек жолы Шет, Ақтоғай, Егіндібұлақ, Ақадыр, Жаңаарқа, Жезді аудандарының, Жезқазған, Қарағанды облыстарының комсомол, партия-кеңес органдарындағы басшылық қызметтерге жалғасты. Тәуелсіздік жылдарында өзінің туған жері Шет ауданының әкімі, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақстан мәслихаттары депутаттары қауымдастығы Орталық Кеңесінің төрағасы қызметтерін де абыроймен атқарды.
Әр өңірде ізгілікті ісі, өшпейтін ізі қалды.
Қасымбек Медиұлы қай өңірге басшылыққа барса да, қайраткер тұлғамен бірге аңыз бен ақиқат қатар жүрді. Аңыз науқаншылдыққа негізделіп, жалаң ұранмен жалаулатқан жалғандық емес, «Медиев Жездіде бюджеттің бір тиынын шығындамай, халықты жұмылдырып, телемұнара салыпты», «Жездінің бірінші хатшысы ұшқыштың қасында өзі отырып, қыстақтарға тікұшақпен жемшөп тасымалдап, қоғам малын жұттан аман алып қалыпты», «Желтоқсан оқиғасында Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қасымбек Медиев жастарға араша түсіпті», «Шет ауданы мен Ақадыр ауданы қосылғанда, Ақсу-Аюлыны аудан орталығы етіп алып қалған Қасымбек Медиев екен» деген мазмұндағы «аңыздардың» ақиқатқа жақын нұсқалар еді.
Бәрі – рас. Жездіде жергілікті халық бейресми түрде «Медиев мұнарасы» деп атап кеткен телемұнараның игілігін халық әлі көріп отыр. Қасымбек ағаның тікұшақпен шөп тасығанына куә болған көзкөргендер бар. Желтоқсан оқиғасында жанашыр ағаның арқасында тағдыр тәлкегінен аман қалғандар алаңсыз ғұмыр кешіп жатыр. Шет ауданының орталығын Ақсу-Аюлыға жершілдікпен бұрған жоқ. Ел Президентінің алдында «Ақадыр – теміржол бойындағы кент. Ол орталық болмаса да, дағдарысқа тап болмайды. Ал, Ақсу-Аюлының экономикалық мүмкіндігі – аудан орталығы болу ғана» деген уәж айтып, елдің жарқын болашағы үшін көрегендік танытты. Осының бәрі – Қасымбек Медиевке ілесіп жүрген аңыздың шындығы.
Ал, ақиқат ше? Ақиқат – Қасымбек аға қолға алған істің қорытындысы мен нәтижесі, бастамаларының баяны. Оның да игілігін халық көріп отыр.
Қаскеңнің бойындағы тектілік тегінен тамыр тартады. Әкесі Меди ақсақалдың ел ішіндегі беделі, жұртқа жанашырлығы туралы естеліктерді де ел айтады. Өткен ғасыр қойнауында қалған қиын-қыстау кезеңде қиналғанның қолтығынан демеп, қол ұшын созған мейірбан жүрек иесі болыпты Меди атамыз. Адамға араша түсу, ағайынды қолдау, елдің бірлігіне ұйытқы болу секілді ұстанымдардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы – тектіліктің терең тамыры.
Қасымбек аға екеуміз жиі кездесіп, көп әңгімелесетін едік. Пенденің арманын айтып, дүние-боқтың сөзін сөйлеген сәтін көрмеппін. Бір дәуірдің саяси-әкімшілік жүйесінде шыңдалып, тарихи уақыттың бірнеше кезеңінен өткен, ел басқарудың сан қырлы жауапкершілігін сезінген адам алдағы күнге алаңдамай тұрмайтынын мен осы Қасымбек ағадан көрдім. Бір сөзінде:
– Заман да, қоғам да өзгермей тұрмайды. Тіпті, мемлекеттік басқару жүйесі де кезең-кезеңімен жаңаруы мүмкін. Бірақ, елге адал қызмет етудің өлшемі де, мазмұны да өзгермейді. Осы ұстанымнан айнымаған, жауапкершіліктен жалтармаған адам ғана өмірден өткеннен кейін де ел жүрегінде өмір сүреді, – деп еді.
Біз Қасымбек аға кеше айтқан тарихи өзгерістердің бүгін куәсі болып отырмыз. Сана өзгерді. Саяси реформалардың куәсі болып жатырмыз. Өзгеріс жалғаса беруі мүмкін. Бірақ, бір нәрсені өзгерте алмайтынымызға көзіміз жетті. Ол – тарих, Қасымбек Медиев секілді қабырғалы қайраткердің өнегелі өмірі. Өйткені, ол жол – Қасымбек ағаның жүріп өткен жолы. Оның өз ақиқаты, өз шындығы, өз айғағы бар.
Иә, ел басқарудың әр кезеңінде міндет өзгеруі мүмкін. Бірақ, азаматтың ұстанымы өзгермеуі тиіс. Қасымбек Медиұлының өмір жолында қызметтік функциясы талай өзгерді. Бірде хатшы болды, бірде төраға, бірде әкім… Лауазым атауы ауысқанымен, халыққа қызмет ету мұратын да, мазмұнын да өзгертпеген басшының өмір жолында ішкі тұтастық қалыптасады. Қасымбек Медиевтің ұзақ жылдарды қамтыған еңбек жолынан осы сабақтастықты аңғаруға болады. Оның қызмет жолы комсомол ұйымдарынан басталып, аудандық, облыстық деңгейдегі басшылық сатыларынан өтті. Кейін өкілетті органдар мен республикалық дәрежедегі қоғамдық бірлестікте жалғасты. Әр кезең өз міндетін жүктеп, әр міндет өз тәжірибесін қосты.
Бір адамның ғұмырында осынша түрлі саланың тоғысуы – заманмен бірге өзгеріп, қоғам алдындағы жауапкершілігін жаңа жағдайларға бейімдей алатын азаматтың өмір мектебі. Міне, Қасымбек аға – осынша күрделі өмір мектебінің түлегі.
Аллаға шүкір, еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Қазақстан Президентінің «Алтын Барыс» белгісімен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының, Ақтоғай, Шет, Ақадыр аудандарының Құрметті азаматы атанды.
Адал еңбегімен асқақ абыройға кенеліп, елге адал қызмет етудің үлгісіне айналған қайраткер тұлғаның алтын тұғыры аласарған жоқ. Оның жарқын бейнесі, өнегелі өмірі, адал еңбегі туған халқымен бірге өмір сүре береді.
Дегенмен, Қасымбек Медиев өмірінің бүгінгі ұрпақ үшін, ертеңгі болашақ үшін аса қажет, сонша маңызды тарихи шешімді қабылдауға асықпай жүргеніміз қынжылтады. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды облысының қарыштап дамуына қадау-қадау еңбек сіңірген ерен тұлғаның өмірден өткеніне 7 жыл өтсе де, оның есімін тарихи тұлғалар тізіміне енгізіп, мәңгілік есте сақтау шараларын қолға алуға не кедергі?
Шүкір, Қарағанды қарқынды дамып, сәт сайын ажарланып келеді. Облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, көздің жауын алар көрікті көшелер көбейді. Жаңа ауданның жаңа көшелері Қасымбек Медиевтің мемлекеттік қызметтегі ұлағатты ұстаздары, ардақты ағалары Байкен Әшімов пен Камали Дүйсембековтің есімімен аталғаны қуантады. Ал, Қасымбек Медиұлының есімі де осы ағаларымен қатар аталуға әбден лайықты екеніне облыстық ономастикалық комиссияның назарын аудартқым келеді. Өткеннің өнегесінен бүгінгі ұрпақ ой түю үшін осындай ұлағатты істерге ой жұмылдырып, қолдау көрсетсек екен…
Қасымбек Медиевтің өнегелі өмір жолы – қызметтің биігінен бұрын азаматтықтың биігін бағалауға шақыратын ғибратты ғұмыр. Ол Намыстың Найзагері еді. Намыстың найзасын тот баспайды, Найзагерінің есімін көмескілендіріп алмайықшы! Тіршілігінде өзімен бірге ілесіп жүрген аңыз бен ақиқаттың аңызын біз айттық, ақиқатына мөр басатын – Сіздерсіздер, ардақты ағайын!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



