Мүмкіндігі мол бағдарлама
Ақтоғай ауданында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып келеді. Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, және агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды көздейтін жоба арқылы жастарға қолдау көрсетілді. Бұл туралы Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Перизат Темірбек мәлімдеді.
– «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етіп отыр. Ауданымызда бағдарлама аясында мамандарға қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, тұрғын үйге жеңілдікпен бюджеттік несиеге және көтерме жәрдемақыға қаржы бөлінді. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне өзгерістер енгізді. Биылдан бастап аудан орталықтарында 2 500 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) немесе 9 230 000 теңге, ал ауылдық елдімекендерде тұрғын үй сатып алуға 2 000 АЕК немесе 7 384 000 теңге мөлшерінде несие берілуде. Кредиттік қаражат жылдық 0,01% мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 жылға бөлінеді. 2024 жылға аудандық бюджетте 22 маманға 8 миллион 122 мың теңге сомасында көтерме жәрдемақы төлеу үшін қаражат қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит төлеуге 10 маман үшін 79 миллион 378 мың теңге сомасы жоспарланған. Өткен жылы көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары 22 маманға, ал бюджеттік несие – 10 маманға берілді. Жалпы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлерге кадрлардың жетіспеушілігін жоюға және жұмыссыздық өсімінің төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді Перизат Темірбек.
Спикердің айтуынша, біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу 100 АЕК (369 200 мың теңге) құрайды. Егер еңбек қатынастары үш жылдан ерте үзілсе, бюджет қаражаты бюджетке толық қайтарылады. Қағидаға сәйкес құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ – Баспана Маркет жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүзеге асырылады.
– Көпшілік «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы тек қана жастарға, жоғары оқу орнының биылғы түлектеріне арналған жоба деп түсінеді. Бұл – қате пікір, қате түсінік. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Сондай-ақ, колледж түлектері де қатыса алады. Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет еткісі келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады. Бір айта кететіні, кем дегенде 3 жыл ауылда тұруы тиіс. Пәтері болмауы керек, – дейді бөлім басшысы Перизат Мейрамбекқызы.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz