Жаңалықтар

Есімі мәңгі есте

Облыстық бейнелеу өнері музейінде талантты суретші,педагог Манай Хахашты еске алу көрмесі өтті.Көрмеге жергілікті суретшілер мен марқұмның туған-туыстары, үзеңгілес достары жиналды.

Манай Хахаш 1958 жылы Моңғолия Республикасы, Хобда аймағы, Хобда ауылында туған. 1976-1980 жылдары Ұлан-Батыр қаласы педагогикалық институтының Сурет-сызу факультетін көркемсурет мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Хобда аймағы Драма театрында суретші болып бастаған. Ал, 1992 жылдан бастап, оның өмірі мен тағдыры, шығармашылығы Қарағанды облысымен біте қайнасты.

Суретті түсірген автор

Осыдан 10 жыл бұрын облыстық бейнелеу өнері музейінде Манай Хахаштың алғашқы көрмесі өткен еді.

Еске алу кешінде ұлағатты ұстаз, бейнелеу өнерінің құрметті ардагері педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының суретшілер Академиясының корреспондент мүшесі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің еңбек сіңірген қызметкері Жүрсін Балкенов, Қарағанды әдістемелік орталығының білім бөлімі басшысының орынбасары Ерғанат Ермек, «Болашақ» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев секілді құрметті меймандар сөз сөйледі.

– Манай кескіндеменің бір ғана жанрымен шектелмеді. Ол – тақырыптық композициялармен қатар, әсерлі пейзаждар, зиялы қауым өкілдерінің, тарихи тұлғалардың портреттерінен тұратын бірнеше картина жазған. Ол портретке аса ыждағатпен, зор жауапкершілікпен қараған суретшілердің бірі. 1992-1997 жылдары «Ұлы тұлғалар сериясы», «Шортанбай», «Бұқар жырау», «Абай Құнанбаев», «Сәкен Сейфуллин», «Қаныш Сәтбаев», «Шоқан Уәлиханов», «Жақып Ақбаев», «Ағыбай батыр», «Арғын Нұрбай батыр», атақты күйші «Аққыз» және басқа да еңбектері жарық көріп, елдің ықыласына бөленді, – деді Жүрсін Балкенов.

Манай Хахаш Арқадағы баспасөз қарашаңырағының тарихын шығармашылығына арқау еткен. «Орталық Қазақстан» газетінің 22 редакторының, «Егемен Қазақстан» газетінің 43 редакторының портретін салған.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button