Жаңалықтар

Өңір өзгерісті қолдайды

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен Қарағанды облыстық мәслихатының XXXVII сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе сараланды. Келелі жиынның күн тәртібіне он төрт мәселе енді. Мұның сап басында облыс әкімінің атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі, елдімекендер жайы, аумақтық мәселелер және өңір тіршілігіне қатысты өзге де тақырыптар легі қамтылды. Депутаттар күн тәртібіндегі әр түйткілді талқылап, өңірдің бүгінгі ахуалы мен алдағы міндеттерін қоса қарастырды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Шешім таразысында

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі XXXVII сессияның алғашқы мәселесі қатарынан орын алған. Өңірдің әл-ауқаты мен атқарылған жұмыстар жайынан ақпар берген баяндама күн тәртібіндегі өзге мәселелердің мазмұнын да аша түсті. Депутаттар коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік саладан бастап, өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін бағыттар бойынша атқарылған істі талдап, алдағы міндеттерді де нақтылады.

Мәселен, аймақтағы тұрмыстық қалдықтар түйіні әлі тарқатылып келеді. Мәслихаттың XVIII сессиясы, яғни, 2024 жылдың қыркүйегінде қабылданған сындарлы шешім тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сұрыптау әрі кәдеге жарату ісін бір жүйеге түсіруді көздеген еді. Екі жылға жуық уақыт өткенмен, осы жұмыстың нүктесі әлі қойылған жоқ.  Мәнді міндет – коммуналдық қалдықтарды басқаруды облыс көлемінде бір ізге түсіру. Осы мақсатта облыс әкімдігіне 2027 жылдың 1 наурызына дейін қалдықтарды басқаруға жауапты бірыңғай органды айқындау ұсынылды. Атаулы орган қоқыс шығаруды үйлестіріп қана қоймай, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмысын да жүйелеуі қажет. Ал, биылғы жыл соңына дейін қалдықтарды орналастыру нысандарының бірыңғай тізілімі жасалады. Қарағанды облысы бойынша экология департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, әр полигонның құқықтық мәртебесін, рұқсат құжаттарын егжей-тегжейлі тексереді. Әл-әзірге мұндай тұрғыда Осакаров және Шет аудандарындағы нысандарға ерекше назар аударылмақ.

Жергілікті деңгейдегі міндеттер де нақтыланды. Приозерск шаһары полигонға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, нысанды таразы жабдығымен, электр және сумен қамтуы керек. Балқашта әуежай маңындағы ескі полигон жойылып,  оның орнына таразысы мен сұрыптау желісі бар жаңа нысан іске қосылмақ. Қоқыс мәселесі мұнымен шектелмесі анық. Туризмді дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, Балқаш пен Приозерск әкімдіктері көл жағалауының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты тұлғаны да айқындамақ.

Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытында депутаттар бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, заңсыз қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтарды анықтап, бейнебақылау орнату және рейдтік іс-шараларды күшейту қажет. Контейнер алаңдарын паспорттау аяқталып, олардың қарамағына жауаптылар анықталмақ. Сонымен қатар, контейнерлік паркке ревизия жүргізіледі. Жеке сектор тұрғындарын контейнерлермен қамтамасыз ету, оның ішінде оларды бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігін қарастыру да ұсынылды. Шет, Ақтоғай, Осакаров және Бұқар жырау аудандарындағы ҚТҚ полигондарының жобаларын пысықтап, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Сұрыптау және қайта өңдеу қуаты жоқ елдімекендерде қалдықтарды уақытша жинақтау пункттерін құру мәселесі «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп қарастырылады. Сондай-ақ, депутаттар қауымы 3-10 мың адам аралығындағы ауылдық елдімекендерге арналған қуаты шағын ҚТҚ полигондарына қойылатын талаптарды республикалық деңгейде жеңілдетуді алға тартты. Ұсыныстардың барлығы қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, контейнерлік инфрақұрылымды жаңартуға, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алуға және сұрыптау мен қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған.

Депутаттар қауымы Осакаров ауданы Құндызды ауылдық округіне қарасты Қасенбай ауылын тарату мәселесін де мұқият зерделеді. Мәселен, Қасенбайда соңғы он бес жылда бюджет есебінен елдімекенді күтіп ұстауға қаражат бөлінбеген. Мұнда жол, электр, су, жылу және кәріз жүйесі жоқ. Мектеп, медицина, мәдениет және спорт нысандары да жұмыс істемейді. Аудан орталығына дейін – 80 шақырым. Бірнеше жылдан бері ауылда тұрғын жоқ. Шешім 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасына сәйкес қабылданбақ. Қасенбайдың аумағы Құндызды ауылдық округіне қосылса, ауыл шаруашылығы алқаптарын кеңейтуге мүмкіндік тумақ. Мұнда 177 басқа дейін ірі қара, 640 басқа дейін ұсақ мал немесе 148 жылқы басын жаюға болады. Жердің базалық салық мөлшерлемесі гектарына жылына 21,7 теңге болып белгіленген. Шындығында  тұрғынсыз қалған елдімекеннің мәртебесін нақты жағдайға сәйкестендіру өміршең мәнге ие.

– Қасенбайдың аумағы Құндызды ауылдық округінің құрамына өткен соң, жерді ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдалануға мүмкіндік кеңейеді. Елдімекен мәртебесінің өзгеруі аумақ келбетін шындыққа жанастырса керек. Керісінше, оны нақты шаруашылық қажеттілікке қарай пайдаланудың оң ықпалын көріп тұрмыз, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Ортақ өлшем

 Сессияның келесі мәселесі үй жануарларын ұстау және серуендетуге қатысты облыстық қағидаларға өзгерістер енгізуге арналды. Бұл – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тамыз айында республикалық үлгілік қағидаларға енгізген түзетулердің өңірлік деңгейдегі жалғасы. Жаңа редакцияда иесі бұдан былай асырай алмайтын жануарлардың жай-күйі нақтыланған. Мұндай жануарды арнайы панажайға, уақытша ұстау орнына немесе оған қажетті күтімді қамтамасыз ете алатын жеке тұлғаға, не ұйымға беруге болады. Осы ретте жануар иесінің жауапкершілігі оны басқа қолға берген сәтте бірден тоқтамайды. Үй жануарының бұдан арғы күйі де түпкілікті айқындалғанға дейін оған қатысты иесінің міндеттері сақталады.

Денсаулық сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Адам денсаулығы – инфрақұрылымнан басталып, нақты медициналық көмекке дейін жалғасатын тұтас жүйе. Осы бағытта сессияда жаңа облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын салу мәселесі де қаралды. Жобаның жалпы аумағы – 8,6 мың шаршы метр. Мұнда «103» диспетчерлік орталығы мен медициналық авиация блогынан бөлек, 30 жедел жәрдем көлігіне арналған гараж, өндірістік бөлмелер, автожуу және дезинфекциялау блогы, оқу-симуляциялық орталық болады. Жобаның сметалық құны 9,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі кезеңде жаңа даму жобаларын бастауға қойылған шектеулерге байланысты нысанның тағдыры қосымша пысықтауды қажет етеді. Оның ішінде қаржыландыру көзін анықтау мәселесі бар. Сонымен қатар, орфандық аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұл шешім тағы 16 науқасты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтуға және бұрын тағайындалған емді үзбей жалғастыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді жүйелі түрде қарастырып, өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында сессия шешімімен үйлестіру кеңесі құрылды.

Ел мен өңірдің дамуына сіңірген еңбек иелерін бағалау тәртібі де сессияның күн тәртібінде қарастырылды. Депутаттар «Қарағанды облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекітті. Құжат республикалық деңгейде маусым айында қабылданған үлгілік талаптарға сәйкестендірілген. Жаңа қағидаға сәйкес, өңірде кемінде он жыл еңбек еткен Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары атаққа үміткер бола алады. Олар заңдылықты нығайтуға, мәдениет пен ғылымға, кәсіпкерлікті дамытуға немесе этносаралық келісімді бекемдеуге елеулі үлес қосқан болуы тиісті. Екі жылда бір рет он адамға дейін «Құрметті азамат» атана алады. Ал, облыс, қала немесе ауданның мерейтойлы жылында аталған санға тағы бес адамға дейін қосылуы бек мүмкін. Атақтың салтанатты рәсімі де нақты мерзімге бағындырылады. Ұйғарым күшіне енгеннен кейін екі айдан кешіктірмей медаль мен куәлік табысталады. Жаңа қағидалар атақ берудегі әркелкілікті жойып, барша өңірге ортақ талап қалыптастыруды көздейді. Ендігі жерде үміткерлерді бағалау нақты өлшемдерге сүйенеді. Бұл ретте атақ жеке жетістікті ғана емес, ел мен туған өңірге сіңірген еңбекті елеп-ескерудің биік белгісі ретінде орнығады.

Сессияның қарауындағы әр мәселе ауаны ірі бастамалармен ғана шектелмеді. Облыстың жаңа өңірлік рәміздері бекітілді. Облыс әкімі жанындағы сәулет және қала құрылысы жөніндегі кеңес құрылды, сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласындағы үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.Бір қарағанда, техникалық сипаттағы бұл шешімдер өңірдегі басқару тетіктерінің күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін маңызды буындарды қамтиды.

Талап пен талғам

Облыстық мәслихат сессиясында осы жолы маңызы зор дүниелер безбенделді десек, қателеспейміз.  Бірінде адамы қалмаған ауылдың ахуалы шешілсе, екіншісінде мыңдаған адамның денсаулығына қатысты өзара іс-қимыл тетігі нақтыланды. Бір мәселе қоқыс полигондарына тірелсе, енді бірі өңірге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтау тәртібіне қатысты болды. Алайда, осы сан алуан мәселенің ту сыртында бірегей ұстынды ұстаным қылаңытты. Өмір ағысы өзгерсе, оған қатысты ереже де,  тәртіп пен талап та өзгеруі керек. Адамы көшкен елдімекенді картада бұрынғы қалпында қаңтарып тұрудың мәні жоқ. Тұрмыстық қалдықтарды үйлестіру жүйесі жаңарса, оған жауапты тетік те айқындалуы ләзім. Ал, денсаулық, қауіпсіздік, абаттандыру секілді ортақ мәселелер бір мекеменің аясына сыймаса, олардың шешімін де ортақ алаңнан іздеген жөн. Сөйтіп, он төрт мәселе – өңірдің бүгінгі қалпын ертеңгі талаппен үйлестіруге жасалған кезекті қадам.

– Бәріміздің қарсы алдымызда  ортақ міндет тұр. Ол – қабылданатын шешімдерді облыстың нақты тыныс-тіршілігіне сәйкестендіру. Ауылды тарату – жоғалтуды білдірмейді. Керісінше, онда адам қалмаған елдімекенді жылдар бойы бар секілді көрсетіп отырудан гөрі, нақты жағдайды мойындағанымыз жөн. Ал, денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесін құру –  бұрын әр мекеме жеке атқарып келген жұмысты ортақ арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді. Мұнда жаңа құрылым да, артық шығын да көзделмеген. Ең бастысы – әр шешімнің саны емес, оның негізділігі мен нақты нәтижесі. Қабылданған шешім қағаз жүзінде қалып қоймай, өңірдің дамуына қызмет еткені абзал, – деп түйіндеді сөзін Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов.

Ерқанат Кеңесбекұлы
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button