Халықтың күші–Кеңесте
Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады. Астанада өтіп жатқан бірінші сессияның алғашқы күнінде Кеңестің басшылығы айқындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Ерлан Қошановтың кандидатурасы Кеңес Төрағасы лауазымына ұсынылып, дауыс беру қорытындысында ол Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Конституциялық мәртебеге ие жаңа орган енді қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін ішкі саясаттың маңызды мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді, өңірлер мен қоғамның үнін мемлекеттік деңгейдегі талқылауға шығарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында жаңа институттың елдің қоғамдық-саяси жүйесіндегі орнына тоқталды. Мемлекет басшысы Кеңес Төрағасының қызметіне айрықша мән берілетінін айтып, бұл міндетті атқаратын азамат қоғам мен биліктің арасын жалғай алатын тәжірибелі тұлға болуы керектігін атап өтті.
– Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Ол Кеңестің алдағы жұмысына қатысты алғашқы ұстанымдарын ортаға салды.
– Бүгін әрқайсымызға құрмет көрсетіліп, зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Біз сан қырлы қазақстандық қоғамның мүддесін білдіретін жаңа саяси институттың мүшесі атандық. Баршамыздың алдымызда тарихи ауқымдағы міндет тұр – ол бұл институтты нақты мазмұнмен толықтыру, – деді Ерлан Қошанов.

Бұл ретте Кеңес төрағасы жаңа құрылымның жұмысы отырыстар мен пікір алмасу шеңберінде қалып қоймауы қажеттігін алға тартты. Оның пайымынша, Халық Кеңесінің негізгі мәні – азамат пен мемлекет арасындағы тұрақты байланысты жолға қою. Яғни, ел ішінде айтылған ұсыныс пен көтерілген мәселе ортақ мінберге жетіп қана қоймай, мемлекеттің даму бағытына ықпал ете алатындай тетік қалыптасуы қажет.
– Халық Кеңесі шын мәнінде халықтық сипатқа ие болып, өз атауына толық сәйкес келуі керек. Ол азаматтар мен мемлекет арасындағы тұрақты серіктестік орнына айналуы тиіс. Мұнда халықтың пікірі мен бастамалары елдің дамуына ықпал ете алуы қажет, – деді Кеңес төрағасы.
Бұл – жаңа институт жұмысына қойылатын негізгі өлшемдердің бірі. Өйткені халықтық сипат ең алдымен қоғаммен тұрақты кері байланыстан көрінеді. Өңірлерде көтерілген мәселелердің республикалық деңгейге жетуі, азаматтардың ұсыныстарының сараланып, тиісті алаңдарда талқылануы Кеңестің нақты мазмұнын айқындай түспек.
Ерлан Қошанов қазіргі құрамның Қазақстан тарихындағы алғашқы Халық Кеңесі екенін де атап өтті. Бүгінгі мүшелерге жүктелер міндеттің салмағы бөлек. Кеңестің жұмыс дәстүрі, қоғаммен байланыс тәсілі мен қоғамдық диалог мәдениетінің алғашқы үлгісі осы құрамның қызметімен қалыптаспақ.
Осы тұрғыдан келгенде, алғашқы құрамның алдында жаңа институттың құрылымын орнықтыру ғана емес, оның қоғам үшін қажетті әрі нәтижелі алаң екенін нақты іспен көрсету міндеті тұр. Халық Кеңесінің қоғамдық салмағы да түптеп келгенде ел ішінен көтерілген пікірдің қаншалықты естіліп, нақты бастамаға ұласуымен өлшенбек.
Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты.
– Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі, тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, Қазақстан Халық Кеңесін құру бастамасы Қызылордада өткен V Ұлттық Құрылтайда жарияланған болатын. Жиында Мемлекет басшысы жаңа консультативтік органның құрылуы мен оның құқықтық мәртебесіне қатысты негізгі ұстанымдарды ортаға салған болатын.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – биыл жүзеге асқан саяси жаңғырулардың бірі. Жаңа Конституцияда оған жеке бөлім арналған. Конституцияның 70-бабында Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленгенін айту керек. Бұл мәртебе Кеңестің міндетін әдеттегі қоғамдық пікір алмасу алаңының аясынан кеңейтеді.
Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқылы.
Яғни, жаңа институттың қызметі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаумен ғана шектелмейді. Қоғамдық ортада пісіп-жетілген ұсынысты нақты заңнамалық бастамаға ұластыруға мүмкіндік беретін тетік те қарастырылған.
Өңірлерден келген өкілдер жергілікті жердегі мәселелерді республикалық деңгейге жеткізсе, орталықта талқыланған бастамалардың мәнін аймақтарға түсіндіру де қоғамдық диалогтың екінші бағытына айналады.
Қазақстан Халық Кеңесінің институционалдық негізі бұған дейін қалыптастырыла бастаған. Президенттің 2026 жылғы 2 шілдедегі Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылып, оның қызметін ұйымдастыруға қажетті құрылым бекітілген.
Енді құрам жасақталып, Төраға сайланғаннан кейін жаңа орган нақты жұмысына кірісіп отыр.
Бүгінгі жиында оның ұйымдық құрылымына қатысты алғашқы маңызды шешім қабылданса, негізгі мазмұндық бағыттар алда айқындалмақ. Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге 24 қыркүйекте өтетін бірінші сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталатынын мәлімдеді.
Жаңа институттың шынайы салмағы да уақыт өте нақты жұмысымен өлшенеді. Конституциялық мәртебе мен заңнамалық бастама көтеру құқығы Кеңеске елеулі мүмкіндік береді. Ал, сол мүмкіндіктің қоғам сұранысымен қаншалықты ұштасатыны – Кеңес мүшелерінің өңірлермен байланысына, көтерілген мәселелердің мазмұнына және ұсыныстардың нақты бастамаға айналуына байланысты. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы осы жолдағы алғашқы қадамды жасады.
Салтанат ІЛИЯШ
«Орталық Қазақстан»



