Жаңалықтар

Мұхат Социалұлы: Қазақ болғанымыз үшін қамалдық

Өмірдің емес, қоғамның небір теперішін көрсе де мойымайтындар бар. Жастықтың буымен өзі де сезбестен «қайтпас қайсар, қалайы солдаттай» қиындыққа қарсы тұрып, оттың ортасынан аман шыққан Мұхат Социалұлының 1986 жылдан көріп келе жатқан әр қиындығы үшін, талайына жазылған тағдырын тәлкек қылғаны үшін келмеске кеткен Кеңес үкіметі жата қалып қанша жыласа да, өтей алмайтыны анық. Оған өштім деп өкініп, жыласам жұбат деп, еңсесін түсіретін ол емес. Чернобыль атом электр станциясы жарылған түні Украинада әскери борышын өтеп жүрген жерінен тірідей өлімге айдалып, химик-барлаушы ретінде Припять қаласында болғаны жайлы жазғанбыз да. Бірақ, қауіпті аймақтан келгеннен кейін де кейіпкеріміздің ешкім басынан сипап, арқасынан қаққан жоқ. Іле-шала Қазақстанда Желтоқсан көтерілісі басталып, оттың ортасынан келген қазақ жігіттері бір ай қатарынан «Ленин бөлмесінде» қамауда отырды. Бір қарағанда, жанкештілік танытқан өрімдей жастарға қандай құрмет көрсетілсе де лайқты еді. Бірақ, олай болмады. Бар айыбы – қазақ екендігі…

 

– Мұхат Социалұлы, 1986 жылдың желтоқсанында Қазақстанда көтеріліс болғанын, жастардың алаңға шыққанын білдіңіздер ме?

– Әрине, біздің ештемеден хабарымыз болған жоқ. Орысшаны да дұрыс түсіне бермейміз ол кезде. Қазақстанның 7 облысынан сайдың тасындай іріктелген 300-ге жуық жігіт болған едік. Ешқайда жібермейді, қарауылға да қоймайды. «Ленин бөлмесіне» қамады да тастады. Не болып, не қойғанынан бейхабармыз. Күнде келіп, жиналыс өткізеді. Айтатындары – «наркоманы, алкаши». Сол кезде «националист» деген сөзді алғаш рет естідім. 19 жасымда оның не мағына беретінін де білмеймін. Сөйтсем, ұлтын сүйгендерді солай дейді екен. Қазір өзімді «ұлтшылмын» деп мақтанышпен айтамын.

– Қамауда қанша күн отырдыңыздар?

– Бізді «Ленин бөлмесінде» бір айға тақау ұстады. Кейіннен нарядқа түсетін солдат болмай қалып, жаңа жылдан соң жайлап шығара бастады. Оның өзінде де жетісе қалғанымыз шамалы. Офицерлерден теперішті көріп бақтық. Әрі өткені бір тиісіп, бері өткені бір тиісіп, өзіміз білместен, өзге елде жүріп, «националистер» атандық. Кейіннен бір күні бөлмеге кішкентай бойлы бір офицер келіп, «Қазақстаннансыңдар ма?» деп сұрады. «Иә», дейміз. Қолымызды алып, «Нағыз ұлтжанды ұлт екенсіңдер, жарайсыңдар! Нағыз ер екенсіңдер!» деді. Сонда ғана елде не болғанын білдік. Қамауда отырғанымыз өз алдына, әскери борышымыздың уақыты өтсе де, кешіктіріп жіберді. 1987 жылдың 2 мамырында елге қайтуым керек болған еді. Бірақ, 26 маусымда бірақ жіберді. Себебі, бізді алмастыратындар болған жоқ әрі Қазақстаннан солдат алуға қорықты.

– Қазақстанда болып, желтоқсанның ызғарын нақ сезбесеңіз де, сол кезде Украинада болған сіздің де шекеңіз шылқымаған екен ғой..

– Әрине, өзге елде жүрсек те, қазақ болғанымыз үшін қағажу көріп бақтық. Чернобыльден келгеннен кейін мені 10 күнге демалысқа елге жіберді. Өзім Шет ауданынанмын. Үйге келіп, әке-шешемнің қасында аунап-қунап, демалып 1986 жылдың 19 қарашасында қайтадан Украинаға кеттім. Елге жіберер алдында бізді мемлекеттік наградаға ұсынып, қомақты өтемақы берілетіні жайлы айтқан болатын. Сол екі ортада Қазақстанда Желтоқсан көтерілісі болып, өзгелері алғанымен, қазақтардың ешқайсысына ештеме берілген жоқ. Тіпті, награда жайлы жұмған ауыздарын ашпады десе де болады.

– Бұл кездейсоқ па, әлде әдейі жасалған дүние ме?

– Кездейсоқ па, білмедім, қауіпті аймаққа жіберілген солдаттардың 70 пайызы – қазақтар. Радиация мөлшерін анықтаған да, оны азайту үшін көліктерден бөлек, ғимараттарды да жуып-шайған, орманның ортасында радиацияға ұшыраған көліктерді көметін қойманы қазғандардың дені – қазақтың біз сияқты жас балалары. Қазір ойлаймын, егер Желтоқсан көтерілісі Чернобыль апатынан бұрын болғанда, сол жерде болған қазақ жастарының бәрін радиацияның ортасына салар ма еді деп.

– Әңгімеңізге рахмет!

Р.S: Мұхат Социалұлы 35 жыл өткеннен кейін былтырғы желтоқсанда Чернобыль АЭС-індегі қауіпті жоюға қатысқаны үшін «Төтенше жағдай кезіндегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. Әлбетте, бұл Тәуелсіздіктің жемісі. Кім біледі, Желтоқсан көтерілісіне қатыспаса да, болашақта лайықты бағасын алар деген үміттеміз. Қалай дегенмен де, ызғарын сезгені анық.

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button