Жаңалықтар

Мәңгілік шер, жазылмаған жара

Тәуелсіздіктің лебімен отандық ғалымдар мен тарихшылардың, шетелдік зерттеушілердің зерттеу нысанына айналып, жалпы жұртшылық аса ынта танытқан мәселе – ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін. Мұның жөні де бар, себебі, қуғын-сүргін қасіретін шекпеген, оның ызғарын сезінбегендер кемде-кем. Сталиндік қызыл террор миллиондаған жазықсыз жанның өмірін, ұлт зиялыларының тұтас шоғырын жалмаса, олардың отбасылары мен ұрпақтары да қасірет азабын тартты. Қаралы жылдардың көнекөз куәгерлерінің, қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының іштегі мұз боп қатқан шер-мұңын тарқатқан естелік жазбалары мен хаттарының ғылыми айналымға түсуі мәселені зерттеудің деректік негізін байытып қана қоймай, халық қасіретінің ақиқатын тереңнен ашуға мүмкіндік беріп, тоталитарлық социализмнің қылмысын тағы да әшкерелейді.

Кеңес Одағының барлық аймақтарында лагерьлер жүйесі орнықты. 1929 жылы орталығы Сыктывкар қаласында Ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы құрылды. 1931 жылы оның орнына Ухта-Печорада, сондай-ақ, орталығы Хабаровск болған Қиыр Шығыста, Новосибирскіде, Қарағандыда, Ташкентте, Мордовиядағы Темников, Байкал-Амур, т.б. еңбекпен түзеу лагерьлері құрылды (Иванова Г.М. История ГУЛАГа. 1918-1958. / Монография. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОСПЭН), 2015. – 416 с.). 1937 жылы 1 шілдеде лагерьлерде 788 584 тұтқын болды.

Мыңдаған тұтқын Қазақстан лагерьлерінде де азап шекті. Халық жадында «Жағалаудағы үй» деген атпен қалған, 1927- 1931 жж. Мәскеу қаласында Кеңес Одағының жоғарғы элитасына арнайы салынған бір ғана «Үкімет үйінің» өзінен 55 әйел АЛЖИР-де жазасын өтеді. Әуелі Бутырка түрмесіне қамауға алынған олар Мәскеуден 400 шақырым Мордовиядағы Темников лагеріне жөнелтілді. 1938-1939 жж. Карелиядағы СегежЛагқа ауыстырылып, ондағы целлюлоза-қағаз комбинаты құрылысының жұмысына жегілді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда лагерьді немістер басып алуы мүмкін деген күдікпен тұтқындарды басқа лагерьлерге ауыстыра бастады. Сөйтіп, 20 тамызда Қазақстандағы АЛЖИР-ге әкелді. Олардың арасында З.Нұрмақова, Н.Сац, Е.Близниченко, Е.Терехова, Н.Төреқұлова, т.б. бар. Ақтөбеге айдалған Тимирязев академиясы экономика факультетінің бұрынғы деканы В.Максимовский 1941 жылдың аяғында қайтыс болды. Осы жылы Ақтөбе облысында маршал М.Тухачевскийдің анасы 63 жастағы М.Тухачевская өмірмен қоштасты. Тұтқындар сондай-ақ, Норильск, Краснояр өлкесі, Иркутск, Тобыл мен Томск лагерьлерінде, мұз құрсанған Колымада азап шекті. Олар жан мен тән азабын қатар тартты, көпшілігі ауыр жұмысқа, ауру мен рухани азапқа төзе алмай қайтыс болды. Тағдырдың тезіне тәні сынғанмен моральдық жағынан мойымағандар да болды.

АЛЖИР-дегі тұтқын әйелдерге туыстарымен хат-хабар алысуға ресми түрде 1939 жылы көктемде рұқсат етілді. Жазушы Ю.Трифоновтың отбасында Қазақстанда айдауда болған анасының балалары мен туысқандарына жолдаған сарғайған хаттары сақталған. Олардың мазмұны лагерьдегі әр адамның басынан өткен тағдыр тауқыметін, жүрек сыздатар сағынышын, сағы сынбаған, рухы түспеген батылдықты, өрлікті бейнелейді. Сондай хаттардың бірі 1941 жылы желтоқсан айында жазылыпты.

«Сендердің бақытты және көңілдерің шат болуын тілеймін. Өзім де сондай болуға тырысамын. Бірақ, «бақытты болу» қолымнан келе бермейді, әрине, мұның бәрі уақытша…. Салған сәлемдемелеріңді, пиманы алдым, туфлимен екінші қыс 40 градус аязға шыдамас едім».

«1942 жыл. маусым. Осыншама суық пен қорқыныштан кейін сендердің жандарыңа барып жылынғым келеді. Хатты жаңа жұмыс орны Долинкадан жазып отырмын. Онда да, мұнда да көңілім тыншыр емес. Тек сендермен бірге болғанда ғана жаным жай табатынын білем».

«1942 жыл. 15 қыркүйек. Сұрапыл соғыс! Қаза тапқандар үшін жаным ауырады. Ең болмаса, медбике болып майданға барғым келеді. Бірақ, мені жібермейді ғой» (Шмидт Т.И.Время, люди и судьбы «Дома на набережной»: документальная повесть. Москва, 2015. – 304 с.).

Лагерьлердегі тұтқындар арзан, тегін жұмыс күші ретінде ауыл шаруашылығы мен өндірістегі ауыр жұмыстарды істеді. Олардың қолымен тайганың батпақты, сызды ормандарында құрылысқа керекті ағаш дайындалды, жолдар, алып өндіріс орындары салынды. Соғыс жылдары тұтқындар жанкешті еңбектің үлгісін көрсетті, елдің экономикасы мен ауыл шаруашылығының дамуына, жауды жеңуге зор үлес қосты. Ұлтына, нәсіліне, тіліне қарамастан олардың барлығын отансүйгіштік сезім, жауға өшпенділік, жеңіске деген үміт, әділеттіліктің орнайтынына деген сенім біріктірген еді.

1937-1939 жж. «ату жазасы» берілмегендер түрмелер мен лагерьлерге 8-15 жылға айдалды, «халық жауларының» әйелдеріне 5-8 жыл берілді. 1940 жылдардың екінші жартысында кесімді мерзімін өтегендер бостандыққа шыққанымен бейбіт өмірдегі қиындықтарға тап болды – оларға ел астанасында, облыс орталықтарында тұруға тыйым салынды. Сондықтан, көпшілігі күнкөріс қамымен әрі жырақтағы балаларын асырау үшін лагерьлерде ерікті жалдамалылар ретінде қала берді. Бұл олардың отбасына оралу уақытын ұзартты. Бостандыққа шыққандардың кейбіреулері қайта түрмеге тоғытылды. Оған кез келген нәрсе: әйелдердің өздерінің, атылған немесе лагерьдегі күйеулерінің жазықсыз екендігін айтып, босатуды сұраған өтініштері сылтау болды.

Тұтқын әйелдердің көбісі балаларының өлі-тірісінен хабарсыз болды. Олар лагерьлерден КСРО-дағы барлық балалар үйлеріне хаттар жолдады. Аман-сау қауышқанның өзінде тағдыр салған жараны ұмыту оңай болмады, үйренісу, түсінісу ұзақ уақытты қажет етті. Бала жүректердегі сызды жібіту, оған жол табу қиын еді. Әрбір екінші ана осындай күй кешті. Жазушы Ю.Трифоновтың «Время и место» романының кейіпкері «Антипов лагерьден Мәскеуге оралған анасымен кездеседі. Одан «паровоздың иісі шығады». Арада біршама уақыт өткен соң, Антиповтың әпкесі анасымен қарым-қатынас жасаудың, сөйлесудің қиын екенін айтып, егіліп жылады».

1938 жылы ату жазасына кесілген Е.Левина-Розенгольцтің мамандығы суретші еді. Жазасын өтеуді тайгадағы Енисейскіден бастап, одан соң Подтесово кентінде сылақшы, санитарка, медбике болып жұмыс істеген ол 1954 жылы Қарағандыға жіберіліп, қаладағы театрға суретші-декоратор болып орналасты. 1956 жылы Мәскеуге оралған суретшінің шығармашылығында ешкімге ұқсамайтын жаңа бағыт пайда болды. Дауыл соғып бүгілген, иілген ағаштардан, жүздерін қорқыныш пен үрей, үмітсіздік жайлаған, еңкейіп, тізерлеп қолдарын көкке созған адамдар тобырынан бостандықты аңсаған миллиондаған жазықсыз жандардың аянышты тағдырын көруге болады. Суретшінің аспанды бейнелеуі де ерекше, айналаны нұрға толтырып, үмітсізге үміт сыйлап, шарасызды өзіне тартады.

Қуғын-сүргін құрбандарын ресми тұрғыда саяси ақтау бірінші рет 1950 жылдардың екінші жартысында, екінші рет 1980 жылдардың соңы 1990 жылдардың басында жүрді. Құжаттарда барлығына бірдей «қайтыс болғаннан кейін ақталды» деп көрсетілді. Алайда, сынған тағдырлар, сөнген ошақ, денсаулығынан айырылған, моральдық тұрғыдан мүжілген, рухани жасыған, бөгде, басқа елде, кейде жалғыздықта, қоғамнан оқшау, басқалардың, тіпті, туыстарының түсінбеушілігімен өрілген өмір жалғаса берді. Ол үшін ешкім кешірім сұраған жоқ.

Сәуле ҚАСЫМОВА,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button