Мәңгілік Елдің мұнарасы

Бастау

     Біз сақтың сарқыты, ғұнның жұрнағы, үйсіннің ізіміз, өткірдің жүзіміз. Бір Алла, Ұлы даланың баласын ұлт қылып жаратқанда, ұлттық рухты маңдайына жазған. Арымас аттар мініп, тозбас тон киген Тоныкөк абыз осыдан 13 ғасыр бұрын тасқа қашап қалдырған өсиетінде: «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» депті. Мәңгілік Елдің мұнарасы – Тәуелсіздік. Ал, Тәуелсіздіктің киесі – ғажап, иесі – қазақ.

     Тәуелсіздіктің жемісі – ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы сынға түскенде азаттық деп атойлап, бабалар қол жиды, еркіндіктің жолында өмірін қиды. Арқадан кербез Алатауға дейінгі, алтын тамыр Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі аралықта, алып халықтың ат үстінде ұйықтап, даланың ұлы өркениетін қалыптастырды, қамалын тас қылды, жауының көңілін пәс қылды, көре алмағандардың дерті асқынды. Сырттан сұқтанған дұшпан, батыр бабаларымыздың қайсар мінезінен қаймықты, тәуелсіздік жолында басын тігуге дайын тұратын жайды ұқты. Біз тәуелсіздік деп толғансақ, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы, Абылай ханның тұғыры биіктей бермек.

 

    Әбілқайыр хандығынан іргесін бөлген Жәнібек пен Керей сұлтан Моғолстан жеріне Шу бойы мен Қозыбасқа еркіндіктің ақ туын тіккендігін тарихтан білеміз. Азаттық рухын атойлатып, Керей мен Жәнібекке қазақ хандығын құрғызған да сол бостаншыл рух екендігі анық. Ақ киізге көтеріп хан сайлаған Абылайдың ақ туы азаттықтың жолында желбіреді. Тізбелей берсек моншақтай созылар мұраты биік Мәңгілік елдің Тәуелсіздік жолында баһадүрлеріміз елге қалқан, жауына найзадай болғандығын түй­сінеміз, өр рухына сүйсінеміз. Қазақтың отының өшпеуін, бақы­тының көшпеуін, туы­ның құламауын, ұр­пақтарының жыламауын басты ұстаным еткен бабалар.

Ұлт – азаттық көтеріліс –

ұлы төңкеріс

     Біздің ата шежіреміз ғасырлар бойы Ресей тарихының бір тарауы болды. Солай қатталды, қатпарлы тарихымыз жұқарып шақталды. Жаңа Тәуелсіздік заманда өз халқымыздың тарихын өзіміз жазып, егемен елдің ертеңіне көз салып, өткеніне ой жүгіртуге мүмкіндік алдық.

      Әрине, тәуелсіздіктің таңын атыру оңай емес-ті. Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерінің еншісі. Ата қоныс жер үшін, ат төбеліндей ел үшін ерлеріміз қанды шайқастарда қаза болды. Сондықтан, біз үшін қай замандағы тарихымыз қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұрған Исатай, Махамбеттер – Алашқа алтын кереге. Иә, сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де тосылып қарап қалған жоқ. Бұл күресте де азаттық үшін талай жанған от. Елін, жерін жау табанына таптатпаймын, қарыс қадам аттатпаймын деген ерлердің ерен күші, биік рухы – ұлтқа мұра, ұрпаққа-ұран болып қала бермек.

Алаш зиялылары –

азаттық жолында

     Жиырмасыншы ғасырдың басында біздің сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халықты әлемдік айдынға алып шығуға нақты мүмкіндік туды. Алаш ардақтылары өршіл мінезімен қазақ автономиясын құрды. Үркердей топ ежелден келе жатқан «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» деген қазақтың қанатты сөзін басты ұран қылды. Екі жылға жуық өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы сынды Алаштың арыстары тұрды. Жалпыұлттық деңгейге көтерілген Алаш идеясы елдің еркіндігі мен егемендігін, тәуелсіздігі мен тұтастығын ту етіп ұстанған Абылай хан мен оның даңқты немересі Кенесары хан бастаған күрестің заңды жалғасы еді. Алаштықтар халықтың бойындағы жасампаз күшке сенді, ерте ме, кеш пе Қазақ мемлекеті шаңырақ көтеретінін болжай білді. Оған Әлихан Бөкейхан 1917 жылдың жазында жазғаны дәлел: «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт – махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ». Алаштың алыптарын абақтыға жапты, өлім жазасына кесіп, нысана қылып атты. Десек те, тау тұлғалар Тәуелсіздікті мойнына тұмар етіп тақты.

Желтоқсан жастары –

Тәуелсіздікке бастады

     Тәуелсіздіктің толқыны 1986 жылы тулады. Ұлтымыз ұлардай шулады, жанарларын қанды-жасқа сулады. Ұлт-азаттық қозғалыс тарихына «желтоқсан оқиғасы», «жастар қозғалысы», «желтоқсан көтерілісі» деген атауларымен енген жастардың бас көтеруі тәуелсіздікке бастады. Қазақтың қашанда рухы мықты. Осыдан болар 1986 жылы қазақ жастары Алаш арыстары армандаған азаттықты ту етіп көтеріп, алаңға шықты. Үш күнге созылған желтоқсан көтерілісі кеңестік жүйеге қарсы бағытталды. Қазақ жастары қылмыскер деп айыпталды. Желтоқсан күндері Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, Е.Сыпатаев, С.Мұқаметжанова кеңестік биліктің құрбаны болып, наразылық шерулері Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар қалаларында Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасқанын жұрт біледі. Әлемнің алтыдан бір бөлігін қамтыған Кеңес империясының құлауына және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің шығуына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімімен бірінші хатшылыққа өзге ұлт өкілінің тағайындалуы түрткі болды. Бодандық бұғауынан босатқан сол кездегі жастарға біздер мәңгілік қарыздармыз. Сол желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ерен ерліктер өнегесі тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, біздің бәрімізді тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға жұмылдырды. Азаттық рухын кешегі сталиндік нәубет пен саяси қуғын-сүргін зобалаңы да тұншықтыра алмады.

Тәуелсіздік таңы атты

      Қазақ елінің рухын тәуелсіз ұлт дәрежесіне жеткізу жолында бүкіл арман-мұратын, қайратын, талантын тағдырын сарп еткен тұлғалар бостандық рухының қасиетті бейнелеріне айналды. Алла алқап 1991 жылы Тәуелсіз ел атанып белімізді бекем байладық. Ұлтымыздың бағына туған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын сайладық. Көреген, кемел Көшбасшының арқасында әлемге танылдық. Дамыған отыз елдің қатарынан табылдық. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған азат елміз. Көк туымыз желбіреді, жұртымыздың жүрегі әнұранымызбен елжіреді. Елбасымыз Н.Назарбаев та Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне елеулі үлес қосты. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді, сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деді. Ия Елбасы атап өткен Отанымыз – бақыттың кіндігі, Тәуелсіздік – түндігі. Бақытымыз баянды болып, түндігімізден күннің алтын нұры құйылсын.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.