Бас тақырыпЖаңалықтар

«Мұғалжар» жылқысы: шаруашылықты дамытудың жаңа кезеңі

Шет ауданындағы «Шолақ еспе» жылқы зауытында отандық табынды жылқы шаруашылығын сақтау, жылқының асыл тұқымдық қасиеттерін жетілдіру және саланы одан әрі дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Сарыарқадағы жылқы шаруашылығының әлеуетін арттырып, ұлттық жылқы өсіру дәстүрін ғылыми тұрғыда жетілдіруді мақсат еткен ауқымды іс-шараны зауыт директоры Мұрат Қожамбердин ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген автор

Семинарға жылқы шаруашылықтарының басшылары, селекционер-ғалымдар, ветеринария мамандары, мемлекеттік орган өкілдері және салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер қатысты. Зауыт директоры Мұрат Хасенұлының жылқы өсіру кәсібіне ден қойғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған. Ол бұл істі 1978 жылы әкесімен бірге қолға алып, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрмен ұштастырып келеді. Бүгінде шаруашылықта өсірілетін төл жылқылар еліміздің түкпір-түкпіріне таралып, отандық жылқы шаруашылығының дамуына үлес қосып отыр.

– Жылқы тұқымын жақсарту жұмыстары шаруашылығымызда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әкем алғашында «Маупас» және «Мескел» тұқымын өсіруден бастаған еді. Кейін біз «Мерген», «Миман», «Майбас» және «Сарайғыр» тұқымдарын өсіруді қолға алдық. Қыстың қатаң жағдайына төзімді асыл тұқымды жылқыларымыз бүгінде еліміздің түпкір-түпкіріне таралған. Сұрыптау жұмыстарына ерекше мән береміз. Әр жылқының тегін, шыққан ортасын, ұрпақтық ерекшеліктерін мұқият зерттеп, қай айғырмен шағылыстыру керектігін жан-жақты саралаймыз. 1991 жылы жылқыларымызды «Сарыарқа типі» деген атаумен сынақтан өткіздік. Кейін «Қожамбердин» типін қалыптастырдық. Ендігі мақсатымыз – осы жылқы типін еліміздің барлық өңіріне кеңінен тарату.

Алғашқыда аналық жылқылардың тірідей салмағы 330 келі шамасында болса, айғырларымыз 400–420 келі тартатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 540–560 келіге дейін жетті. Ең бастысы – жылқының осындай тұрақты салмағы мен сапалық қасиеттерін сақтап, тұқымдық ерекшеліктерін одан әрі жетілдіру. Айғырларды да үйірге бірден қоспаймыз. Құнан кезінде салмағы 450 келіге жеткен жылқыларды ғана айғыр ретінде іріктейміз, – деді зауыт иесі Мұрат Қожамбердин.

Семинар барысында Орталық Қазақстан жағдайында табынды жылқы шаруашылығын жүргізудің ерекшеліктері мен асыл тұқымдық-селекциялық жұмыстарды жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушылар зауыттағы асыл тұқымды «Мұғалжар» жылқыларын жан-жақты бағалап, жылқылардың сыртқы бітімі, дене өлшемдері, типтік ерекшеліктері мен асыл тұқымдық қасиеттері сараланды. Әрі шаруашылықтың жұмыс тәжірибесімен танысты. Бұдан бөлек, «Орталық Қазақстанның табынды жылқы шаруашылығы қауымдастығын» құрудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, ұйымның негізгі қызмет бағыттары айқындалды. Бұл бастама өңірдегі жылқы өсірушілердің өзара тәжірибе алмасуына, селекциялық жұмыстарды үйлестіруге және отандық жылқы тұқымдарының генетикалық әлеуетін сақтап, дамытуға мүмкіндік бермек.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button