Рухани жаңғыруРуханият

Мұңға малынған күй-ғұмыр

Асау желдің гуілін бұлбұлдың үніне үйіріп, судың сыңғыры мен тұлпардың тұяқ дүбірін домбыра күмбіріне қабыстырған құдірет – музыка! Күн болып күркірегенде, жаңбырдай сіркірегенде, арғымақ құлаш ұрғанда, көңілің құлазығанда, кірбіңді шалады күй, тамшы боп тамады күй. Замананың зарын, арудың арын, ердің намысын екі шек қу тақтайға иірген күйшілер бір төбе. Ал, Дина НҰРПЕЙІСОВА бөлек әлем. Тамыры таспалай өрген қамшыдай бұлтиып, салалы саусақпен сапыра шерткен күйлері жігерге жанылып, мұңға малынғанының арқасы болар бәлкім…

ТЕК ТӨРКІНІ

Оның тегі неге Нұрпейісова деген сұрақтың анығына әлі жете қоймадық. Бұрынғы һәм бүгінгі зерттеушілер бұл тұрғыда екі емес, үш айрық пікірге келген. Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде «Динаның әкесі – Кенже, Нұрпейіс қайын атасының есімі»,– дейді. Бертін келе «Қазақтың күй өнері» кітабын шығарған Ақселеу Сейдімбек «Нұрпейіс – Динаның тұңғыш перзентінің аты» деп түйсе, «Нұрпейіс күйеуінің есімі» дейтіндер де бар.

Дина Кенжеқызы 1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында Нарынқұм жерінде дүниеге келген. Әкесінің кәсібі малшылық болса да қолынан домбырасы түспеген. Үлкен әпкелері мен анасы Жәниха әнді тамылжыта айтатын шебер әншілер болған деседі.

Әкесі Кенже бірде Динадан әпкелері ән айтқанда домбырамен сүйемелдеуін сұрайды. Жасынан жанына домбыраны серік еткен Динаның дарынын алғаш әке көзі шалады. Осылайша, ата-ана қолдауы күйші қыздың әуенге құштарлығын қанаттандыра түседі. Балиғат жасқа толғанда (тоғыз жасқа) ол Дәулеткерей, Мүсірәлі, Байжұма сияқты атақты күйшілердің туындыларын бұлжытпай орындады.

ҰЛЫЛАР ҰЯСЫНА БАСТАУ

Қаршадай қыздың өнері жайында әңгіме бел асып кеткен еді. Ел арасындағы есті сөзге иланған күй атасы Құрманғазы 1870 жылы Динаны өзі іздеп келеді. Ұлы ұстазбен бұрымы бел қаққан жас күйшінің алғашқы кездесуі. Кішкене қыздың өнеріне таңырқай тамсанған Құрманғазы оны өз қанатының астына алады. Динаның Құрманғазыдай дәулескердің шәкірті болуы исі қазаққа біткен бақ. Тоғыз жыл тәлімде болған Дина қыз күйшіліктің күреңін мініп, күн түбіне жортардай әспетке келеді. «Бұлбұл», «Байжұма», «Көген түп» секілді тырнақалды шығармалардың туындаған тұсы – осы кез.

Домбыраны деміндей көргені соншалық, тұрмысқа шығуды кеш ойлағанын өзі де айтқан. Бірақ, ұясынан ұшқанша Құрманғазының шәкірті болыпты. 19 жас – ескі салт сынында «отырып қалған қыз» жасы. Дина ұзатылғанда әкесі оған қара қасқа ат сыйлапты. Толқыған қыз әкесінің құрметіне «Қара қасқа ат» күйін дүниеге әкелді.

ОТБАСЫ – ОШАҚ ҚАСЫ

Пайымның кезекті бірінде Нұрпейіс – бірінші күйеуінің есімі. Нұрпейіс Мақатұлымен Дина бар-жоғы 5 жыл тұрған. Динаға төлқұжат берерде тегін жазу үшін атасының есімі сұралған. Бірақ, қазақтың салт-дәстүрі бойынша келін ата есімін айтуға болмайтындықтан: «Менің тегім не үшін керек? Міне, ұлым Жұрынбай Нұрпейісов деп жазылған. Мені де солай деп жазыңыз», – деп жауап берген.

Қосағынан 1885 жылы үшінші баласына екіқабат кезінде қалған. Ұлының Жұрынбай аталуы да – содан екен.  

Күйеуі өлген соң, әмеңгерлік салтымен қайын ағасы Нұралыға (оны бәрі Шәпек деп атаған) тұрмысқа шығып, 10 құрсақ көтерсе де көбі шақалағынан шетінеген. Аштық жылдары Нұралы өзінің бірінші отбасымен бірге қалып, Дина Астрахань облысына қоныс аударған. Онда құмаршық теріп, сол өсімдіктен көже жасап, балаларын аштықтан аман алып қалған көрінеді.

ДОМБЫРА ШЕГІНДЕ СОҒЫСТЫҢ СҰРАПЫЛ СҰСЫ

Дина қаймағы бұзылмаған көшпелі қазақ қоғамында дүниеге келсе де, отпен мұзды қатар кешіп азаттықтың ауасын аңсағандар қатарынан.

«Он алтыншы жылға арналған күй» немесе «Набор» күйінің тарихы да өзгерек.

1916 жылы Ресей патшалығы 18-49 жас аралығындағы қазақ азаматтарын елдің қарсылығына қарамастан, күштеп әскерге ала бастайды. Әскерге алынғандардың қатарында Динаның ұлы Жұрынбай да бар еді. Бұл жыл күйшінің өнерінде із, өмірінде сыз қалдырды. Окоп қазуға Ақ патша жарылығымен кетіп бара жатқан баласына арнаған күйі еді «Набор».

Осы дүрбелеңнен кейін, 1917 жылы патша құлағанда басқа ақын-сазгерлермен бірге Дина да бірнеше күй шығарды. Дегенмен, оның «Он алтыншы жыл» атты күйі қуаныш пен шаттық сарынын сылтау еткен ұлына деген қимастықпен ерекшеленді. «Әсемқоңыр» атты күйі де Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылына тұрмысқа шыққан қызы Әсемқоңырға арналған болатын. Күйді Дина қызын сағынып, зарығып отырып шығарған. Перзентіне деген ана жүрегінің ыстық махаббаты – осы күйлерінен аңғарылса керек.

АБЫРОЙДЫҢ АСҚАҚТАУЫ

1937 жылы қылышынан қан тамған қызыл үкімет тұсында Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев 75 жастағы Динаны Алматыға шақырады. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Динаға ресми түрде сый-сияпат, құрмет көрсетілді. Ол өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұраты» мен «Қайран шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алды.

Дина Қазақ филармониясына жұмысқа алынып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осылайша, Жамбыл Жабаевпен де танысады.

Қазақтың маңдайына мөр болып біткен қос саңлақтың сыйластығы ерекше еді.

Екі өнердің еңсесін көтерген екеу біріне-бірі құйқылжыған құс қанат күймен, жалынды жырдан тағылым тартысқан.

Дина 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында I орынды иеленді. 2000 қатысушы арасынан таңдалып алынған 9 үздік өнерпаздың бірі болды.

Ұлы Отан соғысы басталған тұста майдандағы ұлын тағатсыздана күткен сағынышын «Ана бұйрығы» атты шығармасына арқау етті. Оның бірнеше ұлы соғысқа кеткен, бірақ, бір баласын болса да жанында қалдыруды ешкімнен өтінбеген. Лауазымды тұлғаларға ешқашан базынамен бармаған. 1944 жылы Дина Ташкентте өткен Орта Азия музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетті. Сол жылы ол «Қазақ ССР-нің Халық әртісі» атағын иемденді. Ал, 1945 жылы соғыстың аяқталуына орай «Жеңіс» күйі келді. Дина қан майданда қаза тапқан ұлы Жұрынбайдан қалған Ақжан, Балжан және Гүлжан атты немере қыздарын өз қамқорлығына алды. Өмірінің соңғы сәттері жанашырларының жадында.

АЛАШПЕН АҚЫРҒЫ КӨРІСУ

Дина Нұрпейісова халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. Ол 94 жасқа дейін өмір сүрді. Дәм-тұзы таусылғанша басындағы жаулығын өзі байлаған. Немересі Балжаннан өлер алдында домбыра әперуін сұраған. Шанақты саусағымен түртіп: «94 жыл бойы біргеміз, менің жаным мен домбырам бірін-бірі қимай жатыр», – деген екен.

1955 жылдың 31 қаңтарында ұлы күйші дүние салды. Дина Кенжеқызы Алматы қаласының орталық зиратында жерленген.

Шығармалары қазақ домбыра өнерінің нағыз классикасына айналды.

– Динаның суырып салмалығы, виртуоздық шеберлігі, қиялының құс қияламас ұшқырлығы, шығармашылық тақырыптары, ой айқындығы, интонация тазалығы өзгелерден ерек. Музыканың сан алуан картинасын бес саусақ шанаққа түгел түсіп, иін қандырып иісін алдырып беретіндігі тағы бар. Иек қағып иесіне ие бермей, тізгін создырмас, қамшы салдырмас сәйгүліктейін-ақ әшейін.  Күйді төгілте келіп, күтпеген жерден көкте қалқыған қырандай баяулау бұл тек Динаға тән қасиет,– деген еді Динаның бүгінгі келбетіне айналған күйші Айгүл Үлкенбаева.

Әлбетте, Халық әртісі, күйші, композитор, қазақ халқының біртуар тұлғасы Дина Нұрпейісова осындай пікір тудырмаса оның күйшілігі қайда?! Бір білеріміз Дина – соңына өшпес мұраны өсиет еткен қайталанбас дара тұлға.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button