Аймақ

Ұлы мейрам ұлықталды

Кеше Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде Ұлық мереке – Ораза айт жоғары деңгейде аталып өтті. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағанды облысындағы өкіл имамы Естай Айтуғанұлының уағыз-насихатымен басталған ізгі шара айт намазын оқумен жалғасты. Жамағаттың көпшілігі соншалық ауланың өзіне сапқа тұрып, намазға ұйыды.

Естай Айтуғанұлы жамағатты шуақты мейраммен құттықтап, шарапатын, қадір-қасиетін айшықтап, жамағатты жақсылық жасауға, ұлтқа адал қызмет етуге шақырды. Намаз соңында халық ел мен жердің амандығын тілесіп, дұға жасады.

Айт намазынан соң мешіт ауласында тігілген киіз үйлерде 10 000-ға жуық жамағатқа тегін ыстық ас үлестірілді. Мерекелік дастарханнан дәм татқан ақсақалдар ақ батасын жаудырды. Жамағат мешіт ауласында ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған шараларға белсене қатысты. Топ-топқа бөлініп, арқан тартысты. Бұл жолы «Арай» ет базарының жігіттері жарады. Қолкүрестен Сұлтанбек Балтабеков барлығынан басым түсті. Көпшіліктің бәсін қыздырған бозкілемдегі тартыс болғанын атап айтқан жөн. Түйе балуандар бақ сынасты. Ақтық мәреге дейін алқынбай келген Ақжігіт Алтынбекұлына III орын бұйырды. Ақжігітті аса басымдықпен жеңген Мұхтар Дәлелханұлы II орын иеленді. Жүлдегер жігіттерге ақшалай сертификат берілді. Ал, бұл сайыста бабы келісіп, бағы жанған Ерсін Серікұлы жеңімпаз атанып, мерейі тасыды. Меккеге қажылыққа жолдама ұтып алды.

– Иә, бүгінгі ерекше мейрамда мейманам тасыды. Бала кезден қазақ күресімен шұғылданып келемін. Дегенмен, бүгін келгенін бәйгеге тігілген Меккеге жолдама алғым келгенін жасыра алмаймын. Алла өзі жар болып Меккеге жолдама бұйыртыпты. Ерекше тілеп едім. Белдескен жігіттердің де осал болмағанын айта кетейін. Мұны бақ деп бағалаймын.Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Әр мереке де қазақтың ұлттық ойындары насихатталып отырса деген тілегім бар, – дейді түйе балуан.

Көпшілік қошқар көтерген жігіттерге қолпаштап, қолдау көрсетті. 32 жастағы Жандос есімді балуан 70 келілік қошқарды 900 мәрте көтерді. Өзі көтерген қошқарын сыйға алды. Мешіт алаңы түске дейін дүбірге бөленді.

– Қадірлі жерлестер, құрметті жамағат. Міне, Айт мейрамымызды абыроймен атап өттік дей аламыз. Отыз күн ораза ұстап, Алланың раһымын алуға ниет еткен әрбіріңізге құрметім ерекше. Біз жылда Рамазанда жақсылық жасап жарысамыз. Ауызашар себетін үлестірдік. Азық-түлік қоржынын аз қамтылған отбасыларға тарту еттік. Мұнда барлық мешіт жамағатының үлесі бар. Ұлық мейрам қарсаңында ұлттық ойындарымызды насихаттауды да жолға қойдық. Рамазаннан Рамазанға, Айттан Айтқа аман-есен жетейік,
ардақты ағайын, – деп разылығын білдірді облыстың бас имамы.

Иә, берекелі Рамазанның түйінделер тұсы – Айт мейрамы. Рамазан айын абыроймен атқарған исі мұсылманның асыға күтетін мерекесі – осы. Айт намазы облыстағы аудан-қалаларда да дәп осындай мазмұнда аталып өтті.

Айт мейрамы құтты болсын, қадірлі оқырман қауым!

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button