Жаңалықтар

Ұлы математик жолы

 

Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауындағы: «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөзін негізге ала отырып, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның математика пәнінің мұғалімдері «Ұлы математик жолы» жобасы аясында жұмыс істеп келеді. Мақсаты – ғалым математиктердің өмірі мен еңбек жолын насихаттау.

Аталған гимназияда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңартылған білім мазмұнындағы геометрия» атты семинар болып өтті. Семинарды қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Сүлейманова кіріспе сөзбен ашып, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Уатаева білім ошағында жүргізіліп жатқан жоба аясындағы жұмыстарға шолу жасап өтті.

Ұлы Абай «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінерге жарар ол» деп айтқандай, қазақ даласында ғылымның «сүйегін шағып, жілік майын ішкен» математиктер аз емес. Солардың ішінде Әлімхан Ермеков, Орынбек Жәутіков, Асқар Жұмаділдаев сияқты ғалымдардың есімдері ауызға бірінші түседі. Қазақ аспанында жұлдыздай жарқырап, білім сәулесін шашқан математик ғалымдар аз емес. Олардың төккен сәулелерінің соңынан ерген шәкірттері бүгінде білім мен ғылымның нәрін бойларына сіңіруде. Математиканың қазақ елінде өріс тауып отыруы Қазақстанның қарқынды дамуына жол ашып, алдыңғы қатарлы экономикасы мықты ел қатарынан табылуына мүмкіндік береді.

Аталған семинар математика ғылымынан тұңғыш қазақ профессоры Ә.Ермековке арналды. Семинарда ғалымның өмірі мен шығармашылық еңбегі, «Жаңа көзқарастағы математика» атты тренинг, жаңартылған білім мазмұнындағы шеберлік сабақтары өткізілді. Облыс орталығында 51 мектептен келген мұғалімдер әдістемелік көрмемен танысып, өздерінің жақсы пікір-ұсыныстарын бүкпесіз білдірді.

Осынау игі істі жалғастыру үшін А.Байтұрсынов атындағы №41 мектеп-гимназиясына челлендж жолданды.

Жангүл АБЕКБАЕВА,

М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның математика пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button