Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұлы Дала мұрагерлері – Жезқазғанда

Елбасы «Білімді азамат қана биік белестерді бағындырады, бәсекеге қабілетті бола алады. Елдің болашағы – сана сезімі жоғары, ойы озық өскелең ұрпақтың қолында», – дегенді зейінді жастарға қаратып айтқан. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі Елбасы атаған білімді әрі талантты жастармен кездесу бұйырған сәтте, еліміздің болашағы нұрлы әрі жарқын екеніне көз жеткізеді екенсің. Оның үстіне, олар – халықаралық әрі республикалық білім мен өнер бәсекесінде Қазақстанның намысын қорғап, биікті бағындырып үлгерген жүйріктер болса… Сол жүйрік жастардың көбі – ҚР Президентінің жеке бастамасымен құрылған теңдессіз білім беру жобасы – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. Республиканың әр өңірінен жиналған дарынды оқушылар «Ұлы дала мұрагерлері» республикалық форумын Қаныш СӘТБАЕВ ғылымның негізін қалаған Жезқазғаннан бастады.  Қазыналы өлкеде ұйымдастырылған форумға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ арнайы ат басын бұрды. Зияткерлік мектептің оқушыларын құттықтаған аймақ басшысы, бәсекеге қабілетті әрі ел экономикасын әртараптандыруға жаңашылдық әкелетін жастарға сәттілік тіледі.

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ

Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектептері осыдан он жыл бұрын ҚР Президентінің жеке бастамасымен құрылған. Ондағы мақсат – отандық дәстүрлерді дәріптей отырып, халықаралық тәжірибені үйлестіретін инновациялық білім беру жүйесін әзірлеу болатын. Сондай-ақ, еліміздің орта білім беру жүйесіне теңдессіз тәжірибені тарату мақсаты көзделген. Мақсаты мен ұстанымы айқындалған жоба 2008 жылы іске асты.
Содан бері республика бойынша жаратылыстану-математика бағытындағы 21 Зияткерлік мектеп жұмыс істеп тұр. Дербес білім беру ұйымының кұрамына білім берудің ресурстық бағдарламалары, педагогикалық шеберлік және педагогикалық өлшемдер орталықтары қосылған. Республика көлеміндегі сол орталықтарда екі мыңнан астам мұғалім он төрт мыңнан астам оқушыға тәлім береді.
 Зияткерлік мектептерде оқыту қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүретіндіктен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Кембридж Университеті (Ұлыбритания), Назарбаев Университеті (Қазақстан), Халықаралық мектептер кеңесі (Нидерланды), Джонс Хопкинс Университетінің Дарынды жастар орталығы (АҚШ), Педагогикалық өлшемдер институты (Нидерланды), Пенсильвания Университеті (АҚШ) сынды белді жоғары оқу орындарымен және басқа да танымал білім және ғылым ұйымдарымен әріптестік орнатқан.
Оған қоса, мектептер посткеңестік кеңістіктегі теңдессіз білім беру жобасы ретінде Финляндия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Әзірбайжан елдерінің білім министрліктерімен жоғары бағаланғаны белгілі. Астанаға Саха және Татарстан республикаларының Білім және ғылым министрліктерінен, Мәскеулік мектептер директорларынан құралған делегациялар бірнеше рет келіп, білімге инновациялық модельді енгізу және халықаралық аккредитациядан өту бойынша қазақстандық тәжірибемен алмасуға мүдделі екендіктерін білдірген болатын.
Зияткерлік мектептердің түлектері Назарбаев Университеті сияқты тек отандық белгілі институттар тарапынан ғана емес, сонымен қатар, Принстон, Стэнфорд, Колумбия, Массачусси технологиялық, Гонконг политехникалық, Пусан ұлттық университеттері сынды әлемдік брендтер, сондай-ақ, Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті тарапынан сұранысқа ие. Осының бәрі қазақстандық білім ошақтарына Зияткерлік мектеппен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.

Тәжірибе тарату – ұтымды әдіс

Ал, тәжірибе алмасудағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басты жаңалығы – Қазақстандағы Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының ұлттық үйлестірушісі болып табылатындығы. Өткен жылы Нью-Делиде өткен байқауда Талдықорған қаласының оқушылары «Жермаңы орбитадағы космостық қалдықтарды жинауға арналған роботтық орбиталық жүйе» атты жобамен «Сгеаtivity Award» номинациясын жеңіп алған-тын. Алматы қаласы Зияткерлік мектебінің командасы Вашингтон қаласында өткен робототехника бойынша жарыста 160 елдің арасынан 8 орынды иеленді. Олар сонымен қатар, Мәскеуде өткен Бүкілресейлік робототехника фестивалінде І және ІІ орынды қанжығалады. Осының бәрі Елбасы тапсырмасына орай еліміздегі басқа мектептерге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратуды міндеттейді.
Жезқазғандағы форум аясындағы сапардың алғашқы күні Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибе таратуынан басталды. Оған Қарағанды, Атырау, Талдықорған қалаларындағы НЗМ-нің, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының білім беру ұйымдарының оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Үш мыңнан астам оқушы, 700 мұғалім және төрт мыңнан астам облыс тұрғындарының басын қосқан шаралар легі тәжірибе алмасудан басталды. Зияткерлік мектептердің тәжірибесін тарату аясында мұғалімдер ата-аналарға әдістемелік кеңестер берді.
Жаңартылган білім мазмұны бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Қазақтың жүз әні», «100 кітап», «100 күйдің тарихы» атты жобалары – қала тұрғындарының назарына ұсынылды. «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» жобалары қала тұрғындарына қызықты болды. Қатысушылардың назарына балалардың үздік ғылыми және робототехника жобалары да ұсынылды. Әсіресе, «Жезқазған аймағын дамыту үшін не істеу керек?» тақырыбы талқыға түсті. Тәжірибе алмасудың нәтижесі биылғы оқу жылында белгілі болмақ. Осы ретте форум күнгі Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларынан құралған «Қара
жорға» флешмобы және «Қала шеберлері» атты көрмені ерекше атап өткен жөн. 

«Шеберлер қаласы» – оқушылар көзімен

Қолөнер шеберлері «Шеберлер қаласы» қайырымдылық жәрмеңкесін әрі ғылыми жобалар мен роботты техника көрмесін ұсынды. Жәрмеңкеге қатысушылар Қарағанды қаласы, Қаражал, Жаңаарқа ,Ұлытау аудандарынан келді.Сондай-ақ, НЗМ ұстаздары өз жобаларын ұсынды. Өнер пәнінің мұғалімдері тері илеп, қамшы өруден шеберлік сыныптарын көрсетті. Оның ішінде құмыра жасау түрлерінен берілген көріністі атап өткен жөн. Фестивальде шебер балалар құмыра жасаудың тепе-теңдігін тауып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. 
Мысалы, Ұлытау ауданына қарасты №2 Қорғасын орта мектебінің еңбек пәні мұғалім Оразалы Айрамбаев және оқушы Алдияр Ибадильдин жәрмеңкеге «Механикалық және тоқпен қымыз пісу станогын» әкеліпті.
Қайыңнан жасалған күбісі бар жиналмалы велосипед станогы алып жүруге де ыңғайлы екен. Бір-екі күннің ішінде жасалған жобаға тек балалардың ескі велосипеді және күбі керек болған.
– Ауылдық жерлерде кейде жарық өшіп, тоқ істемей қалғанда жұмысты механикалық педальға айырбастаймыз. Майтабаннан сақтанудың алдын алады. Жастар жаттығу жасайды, қымыз да пісіліп жатады. Баланың денесі де шынығады, – дейді Оразалы Айрамбаев.
Қолөнер шеберлері жәрмеңкеге әр салада түрлі жаңа жобалар әкеліпті. Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер пәні мұғалімі Талшын Шағыраеваның оқушылары шыны, витраж суреттерін ұсынды. Сондай-ақ, олар суық батик техникасында сурет салды. Қазақтың ұлттық аспаптары, балбал тастар біріккен композициясын ұсынды. Мұғалімнің айтуынша, оқушылар таңбалы, балбал тастарымызды өрнектеу арқылы өнерге бейімделіп, қазақылыққа жақын болады.
Осы ретте НЗМ әлеуметтік жобалар мен тәжірибелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының реестріне енгізілгенін атап өткен жөн. Олар – Нұрислам Жүсіпәлінің «Ақылды мектеп» жобасы және Ерасыл Тұраровтың «Ұлттық домбырада автоматтандырылған робототехникасы».
Қолөнер шеберлері көрмесінен соң, қала тұрғындары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары ұсынған «Ұлы дала мұрагерлері» атты кешті тамашалады. Екі күндік марафон аясында көпшіліктің асыға күткені осы мерекелік кеш болатын.
«Бүгін – болашақтың мерекесі» Сөйтіп, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ең үздік өнер ұжымдары Жезқазғандағы «Достық үйінде» өз өнерлерін паш етті. Оқушылар мерекелік тартуын Елордамыздың 20 жылдығына арнапты. Сондай-ақ, НЗМ ұжымы «Ұлы дала мұрагерлерінің» кешін ұлылығы мен ұлағаты жарасқан Ұлытау өңірінен бастағанды жөн көрген. Шымылдық ашылғанда оқушылар қобыз үнімен балбал тастардың қимылын ұсынды. Қасиетті қара домбыра шанағына қорғасын құйылса да, ғасырларды көктей өтіп, қазақтың сырласы болып келген домбырамен «Ақсақ құлан» күйін орындады.
Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі және Сәтбаев қаласының оқушылары бірлесіп орындаған «Сарыарқа» күйі кештің шымылдығын ашты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларын аймақ басшысы Ерлан Қошанов құттықтады.
– Қымбатты жерлестер, бүгін – болашақтың мерекесі. Ұлы Даланың мұрагерлері – жастар.  Елбасы он жыл бұрын интеллектуалдық мектепті ашудағы негізгі мақсат – болашағымызға кепіл, бәсекеге қабілетті балаларды тәрбиелеу деген болатын. Сол балалардың жемісін көріп отырмыз. Бұл балалар әлемдік бәсекелестіктерге дайын болады деп ойлаймын. Форумның Ұлытауда басталғанында үлкен мәні бар. Өте ерекше әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған,– деді.
Ал, Атырау қаласы Назарбаев Зияткер мектебінің «Театр теней» тобы ұсынған
«Мәңгілік Ел» қойылымы көптің қошеметіне бөленді. Оқушылар «Мәңгілік Ел – атабабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді.
Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», – деген Елбасының сөзін ұран етті. Елдік, теңдік үшін күрескен бабаларымыздың аңсаған армандары орындалып, жаңа мыңжылдықта қазақ елі мұратына жетіп, Мәңгілік Елге айналғаны көрініске арқау болды.
Кеште Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Назқоңырды» домбырада ерекше тарту үлгісімен орындады. «Ұлы жібек жолы» хореографиялық қойылымымен даналықтың іргетасы, өнердің қыр-сырына айналған «100 кітапты» көрініс арқылы жеткізді.
Кеште облыс әкімі Ерлан Қошанов облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, жаңа қазақстандық қоғамның дамуына қосқан шығармашылық үлесі үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрағасы Күләш Шәмшидиноваға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Қарағанды қаласының «Химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының директоры Равиль Якупов марапатталды.
Кештен кейін Жезқазған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев облыс мектептерінің дарынды оқушыларымен қызықты диалог өткізді.

Біздің жастар – бәсекеге қабілетті

– Форумның аясында халықаралық, республикалық білім мен өнер бәсекесінде үздік жетістіктерге жетіп, облысымыздың намысын қорғап, биік шыңдарды бағындырып үлгерген дарынды жастармен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Себебі, еліміздің болашағы атанған – Сіздердей жастармен кездесу әрқашан қызықты», – деді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.

Биік жетістіктерге қол жеткізген дарынды шәкірттерден қоғам және мемлекет қайраткері болар тұлғалардың шығарына сенім артты.  Қызықты диалогта облыс жастарының табысты және өздеріне сенімді екені байқалды. Олай дейтініміз, дарынды оқушылар жетістіктерінің арқасында облыстың командасы жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиадада ІІ орынды, ғылыми жобалардың ұлттық жарыстарында ІІІ орынды иеленді. Халықаралық жарыстар мен байқауларда 18 медаль жеңіп алды.
Биылғы оқу жылында 66 медаль (10 алтын, 21 күміс, 35 қола) қанжығалады. Бұл туралы Жезқазған қаласының №3 білім және инновация мектебінің оқушысы, қазақ тіліндегі оқушылардың республикалық олимпиадасының алтын медаль иегері Денис Романов:
– Мен – Жезқазғанның тумасымын. Ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Болашақтағы менің асыл арманымның бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Үш жыл қатарынан қазақ тілі пәнінен республикалық олимпиаданың барлық кезеңіне қатысып, биыл екінші жыл қатарынан олимпиаданың қорытынды кезеңінде алтын медаль иегері атандым. Келесі жылы да республикалық олимпиадада Қарағанды облысының намысын түсірмеуге тырысамын. Қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс деп ойлаймын, – деді.
Сондай-ақ, кездесуде халықаралық Менделеев олимпиадасының жүлдегері , Қарағандыдағы №1 Білім-инновация лицейінің 10 сынып оқушысы Олжас Нұрпейісов, халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегері, Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Темірлан Нұрлегенов ойларымен бөлісті.
«Roboland – 2017» халықаралық робототехника фестивалінің жүлдегері Әлинұр Жеңіс: «Болашақтың робототехника және IT технологиялары бар екеніне сенімдімін. Мен жобаларды әзірлеуді, дамытуды, жүзеге асыруды ұнатамын. Егер болашаққа көз жеткізіп отырсаңыз, бүкіл әлем жаһандық компьютерлендіруге, жоғары сандық және нанотехнологияларға бағытталған», – деді.
Ал, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Жансая Мақсұт адамның өзіне ұнамды затпен айналысып, одан табыс көргені абзал дейді. Мысалы, қазіргі таңда Жансая білім саласындағы шағын кәсіпкерлік дамытудағы «Rocket Study» және «Upgrade school» жобаларының авторы екен. Талантты жас АҚШ-тағы «Кремний алқабын» Қазақстанда құрғысы келетінін айтады.
Сондай-ақ, кездесуде ҚР кубогының каратэден 2016 жылғы алтын медаль, Қазақстан кубогінің күміс медалі иегері (2017), Еуропа чемпионатының қатысушысы (Франция, Лион), Сәтбаев қалалық № 27 орта мектептің 10 сынып оқушысы Иляаридин Карахан сөз алды.
«Ата-анамның арқасында спортпен шұғылдана бастадым. Балалық шағымнан спорт – табысқа жету жолындағы қадамдардың бірі екеніне көзім жетті. Мен каратэмен айналысамын және спорттағы жерлес ағалар Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Максим Раков секілді қиындықтарды жеңуге үйренемін», – деді.
Дарынды оқушылар кездесу барысында технодомның сертификаттарын және «Ұлытау» энциклопедиясын сыйлыққа алды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Нағима Рысбекова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Жұлдыз Мейманова «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталды.
Сөйтіп, «Ұлы дала мұрагерлері» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Жоғары деңгейде өтті.
Жалпы, мемлекеттік жүйенің бәсекеге қабілетті болуы үшін оның әр құрамдас бөлігі жеткілікті деңгейде дамуы қажет. Ал, біздің елде мемлекет іргетасының қалануына кепіл болар қарқынды әрі өздеріне сенімді жастар өсіп келеді. 

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button