Жаңалықтар

Ұлттың емі – ұлы сарын

Заман өзгерген сайын уақыт пен кеңістік жайлы ұғымның да ауқымы мүлде басқаша мәнге ие болды. Заманауи техниканың жетістіктері адам санасына ықпал етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп қалып жатыр. Қысқасы, заман – шапшаңдық пен шеберліктің, жаңалық тез игерудің, нанотехнология­лар мен биотехнологиялардың адам нанғысыз жеңістері мен жетістіктерін пайдаланудың уа­қыты.

Уақытқа сай білім беру саласына да салмақты міндеттер жүктелді. Албырт жастарды алапат жаңалықтардың толқыны ілестіріп, алды-артына қаратпай, жетелеп бара жатқанын байқаймыз. Осынау қауырт қимыл мен шапшаң жылдамдықтар заманы жастар санасын ұлттық топыраққа тамыр жіберген тарихи тағылымынан сырт алып кетпей ме? Қанғасіңді ұлттық қасиет қалай болса да сол ұлттың өкілінің бойында сақталып қалуы қажет. Өйткені бір ұлтты екінші бір ұлттан айырып тұрар маңызды белгілердің бірі –  оның ұлттық ділі. Ал, ұлттық ділді сақтаушы – ұлттың тілі мен өнері деп бағалаймын.

Менің өнер саласында студент жастарға музыкалық білім беріп жүргеніме ширек ғасыр болды.

Қазақ музыкасының тарихы жайлы сөз бола қалса, сонау көне заманнан халыққа серік болған, халықтың мұңдасы болған қара қобызды тілге тиек етесіз. Қайқы мойын, қазан шанақ, қос шекке құдыретті күй дарытып, өзінің жан түкпіріндегі асау толқындай бұрқан-тарқан болған ыза мен кегін, шымырлатып барып жүрегіңе сызат салып өтетін мұңы мен қайғысын сыйқырлы үн тілімен кеселеп барып, сыртқа шығаратын осынау қасиетті қобыздың құдіретіне уақыт әлі толық бағасын берген жоқ. Қайта қолымыздан қобыздың түсіп қалмағанына шүкір!

Қобыз – қазақтың өзі. Оның қоңыр үні – қазақтың қоңыр тірлігі. Оның ыңыранып басталатын үнінің алғашқы ноталарынан бастау алып, төменгі сағақтағы жан айқайға барып ұласатын шерлі үні – қазақтың құсасы мен қуанышы қабаттасып жататын өз тағдыры. Ендеше қобыз тарихы мен тағылымын оқу – қазақ тарихын оқудың бір тармағы. Қорқыттан Жаппасқа дейінгі ұзақ жолда қазақтың қобыз тілімен жазылған тарихы жатыр. Бүгінгі мектептің ең маңызды қызметінің бірі – осы тарихи оқулықтың айтқанын жастардың бойына сіңіру, қанына дарыту болса дейміз. Бар қасиеті қобыз бен домбыраға көшкен, сонда жазылып қалған қазақты өзінің баба мұрасынан айырып тастау – ұлт алдындағы кешірілмес қателік. Ендеше біз атқарар, білім мекемелері атқарар маңызды шаруа қандай болуы керек?

Біріншіден, заманауи техника тілін білетін, жалпы білім беретін пәндерден  тиянақты білімі мен машығы бар, ұлттық қасиеттерден қағаберіс қалмаған ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу қажет.

Екіншіден, кез келген жас ұлттық аспапта ойнай алмаса да оның тарихы мен қызметін толық білуі шарт. Алдымыздағы балаға науқастанып жатқан Кемпірбай ақынның өлер алдында домбырасына қол созғанын, әйгілі Естайдың өлер шағында өлмес ән қалдырып кеткенінің себебін сезіндіруіміз керек, түйсіндіруіміз қажет. Міне, сондай жастардан отансүйгіш, ұлтжанды ұл мен қыз шығады.

Қобыз, домбырамен ойналатын дәстүрлі музыка – ұлттық болмысымыздың белгісі ғана емес, оның мәңгі ғұмыр кешуіне қызмет жасайтын күш. Халқының мұрасынан көз жазып қалған ұрпақтың да түбі трагедиялық күймен тынады. Бүгінгі жамау-жамау шығармалар, құрама дүниелер, еуропалық ырғақтағы туындысымақтар ұлттық музыканың орнын толтыра алмайды. Осылай кете берсе, мұның соңы рухани аштыққа апарады. Дүниеге жаңа серпіліс әкелген жаһандану заманында осы құндылықтан көз жазып қалу – оп-оңай. Сондықтан, халықтық музыканы дәріптеп, барынша насихаттау – бүгінгінің маңызды міндеті. Ол үшін алдымен бүгінгі ырғақ, қазіргі музыкалық тасқынында ұлттық саз өнеріміздің кең қанат жайып, дамуына қолайлы дәліз жасалу керек. Орта қалыптасып, насихат жұмыстары күшейтілуі керек.

Жаһандану басталды, оның тоқтауы мүмкін емес. Әлемдік даму ағысының берері де бар, зарары да бар. Ең алдымен ұлттық құндылығымызды жойып алмауымыз керек. Ал, одан сақтанудың бір парасы – ұлттық музыканың қадір-қасиеті мен қобыз бен домбыра және басқа ұлттық музыка аспаптарының, сондай-ақ, ұлттық өнер туындыларының тарихи сабағын ұрпақ санасына сіңіру.

Байқара СӘДУАҚАСОВ,

қобызшы.

ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button