Ұлт ұпайын түгендейтін сәт

Хакім Абайдың 175 жылдығы тұсында елімізде бірқатар іргелі істер атқарылуы тиіс-ті. Сол игілікті шаралар мен олардың бастау алатындығы хақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан»  мақаласында жіліктеп берді.

Абайды тану, Абай мұрасымен сусындау арқылы біз қоғамды, ондағы көшімізді, бағытымызды айқындайтынымыз рас. Хакімнен қалған мол мұра – бір буын ұрпақты емес, бүтін ұлтты асырайтын азық екенін де көзі ашық, көкірегі ояулар жақсы біледі. Ендігі мәселе – соны ұрпақтың санасында жаңғырта отырып, жадыға жаттатып қалдыру. Сол арқылы  өркениетке бет алған керуеніміздің көшін түзеу – міндет.

Ұлы ақынның өзі той тойлауды емес, ой ойлауды тапсырғанын еске алсақ, Хакімнің 175 жылдығында дәл сондай ел үшін, келешек үшін маңызы зор шаралар жүзеге асуы қажет-ті. Өз басым, Президенттің мақаласынан сол бағдар-бағытты көрдім. Қадау-қадау жоба-жоспарлар бар екен. Тек, соларды ұлттың ұпайын түгендейтін құрал-құрылғыға айналдыра алсақ, жарадық. Мемлекет басшысы мақаласының маңызы соны меңзейтінімен аса құнды.  

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты,

«Болашақ» академиясының бөлім басшысы.