Ұлт ұландарына – ұлық құрмет

    Ұлт ұясы – Ұлытаудан қанаттанған тұғыры биік тұлғалар – қайсар мінез, жалын жүректі жауынгер-публицист Баубек БҰЛҚЫШЕВ пен саналы ғұмырында «…қазақ әдебиетін әлем әдебиетіне қарай сүйреген» дарабоз жазушы Мұқан

ИМАНЖАНОВТЫҢ туғанына 100 жыл толуына орай, Жезқазған қаласының әкімдігі мен Ұлытау ауданының әкімдігі Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған филиалымен тізе қоса отырып, «Ұлытаудан түлеп ұшқан қос қыран» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.

Жезқазған төрінде өткен алқалы жиында жалпы жұртшылық пен кешенді іс-шараларға қатысу үшін алыстан арнайы атбасын бұрған меймандарды қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ақжарыла құттықтады. Одан кейін мінберге көтерілген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Абай атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай аталған конференцияның мәні мен маңызын екшей келіп, өзінің «Қос қыран» атты сиясы дегдіп үлгермеген өлеңін оқып берді.

Қалың қауым ұлттың дара болмысты ұландарына қатысты соқталы ойлары мен соны пікірлерін ортаға салған ғалымдардың баяндамаларына да қызыға құлақ түрген. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов ел назарына «Жаралы жылдар жыршысы» тақырыбы телінген зерделі әрі байыпты баяндамасын ұсынса, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікқазы Қорабаев «Сыршыл суреткер Мұқан Иманжанов» тақырыбын тереңінен тарта тарқатты. «Баубек Бұлқышев шығармаларындағы өршілдік Рух» мәселесіне қатысты сөз қозғаған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, доцент Гүлжаһан Орда дәуірдің жауһардай жарқын тілекті ұланының сезімінің сергектігін дәйектеп берсе, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жезқазған университетінің Құрметті профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері Мәуен Хамзин «Тау тұлғалы қаламгер жайлы бірер сөз немесе Мұқан Иманжанов рухына тағзым» баяндамасында ұлт мүддесін ұлықтаған жазушы шығармаларының өзектілігі мен өміршеңдігін қапысыз қаузады.

***

Алдын ала бекітілген іс-шаралар бағдарламасына сәйкес, конференциядан кейін оның қонақтары Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық кітапхана жанындағы Қаламгерлер клубының мүшелерімен жүздесті. Жылыжүзді пікір алмасулар барысында Жезқазған аймағындағы ақын-жазушылардың өрісі кеңейіп, шығармашылық қуатының артуына аталған клубтың айтарлықтай дәнекерлік етіп отырғаны әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушілігімен жуырда ғана оқырманға жол тартқан «Ұлытау және ұлт» журналының алғашқы саны мен арнайы мерейтойлық шығарылымы сараптамалық тұрғыда талқыланып, әдебиетші ғалымдар тарапынан оң бағаны иеленді. Журнал номерлерінің мазмұн сапасына, тартымды безендірілуіне ерекше тәнтілік танытқан меймандар оның болашақта ел аумағына таралуы қажеттілігін айрықша атап өтіп, ізгі ниеттің кедергісіз іске асуына тілек қосты.

Шырайлы кездесуде жас ақындар өздерінің жаңа өлеңдерін оқып, аузы дуалы ағаларының ақ батасын алды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин бастаған жергілікті өнерпаздар әдемі кешті әнмен әдіптеп, күймен көмкеріп отырды.

***

Келесі күні ертемен көш-керуен Ұлт бесігі – Ұлытауға бағыт алды. Онда меймандос пейілдегі қауышудан кейін жоспарлы іс-шаралар іркіліссіз басталып кетті. Алғашқы кезекте аудан орталығындағы саябақ алдында орнатылған Баубек пен Мұқан ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, митинг өткізілді. Оның барысында танымал әдебиетші ғалым Серік Негимов пен еңбек ардагері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Шабаз Смайылов тебірене сөз сөйледі.

Мәдениет үйінде аудан әкімі Хамит Омаровтың тізгін ұстауымен өткізілген ғылыми-теориялық конференцияда айтулы ақын Ғалым Жайлыбай ұлытаулықтарды дүбірлі той қуанышымен құттықтап, өлең оқыды. Ол сондай-ақ, өзінің 3 томдық таңдамалары туындыларының жинағын аудандық кітапхана оқырмандарына тарту ретінде ұсынып, аудан әкімінің қолына тапсырды. Елордадан, Астана мен Қарағандыдан келген ғалымдар күн тәртібіндегі тақырып аясында кезегімен баяндама жасады. Журналист-ақын Батырбек Мырзабеков халық ақыны Иманжан Жылқайдаров шығармаларының тағдырына қатысты мәселеге жерлестерінің алдында тағы бір рет қозғау салды.

Өз кезегінде сөзін «Баубек бізге зәру емес, біз Баубектей жастарға зәруміз…» деп бастаған қарсақбайлық өлкетанушы, зерделі азамат Тоңболат Мұқанов әдебиеттің мәуелі бәйтеректері Баубек пен Мұқанның мұралары мен олардан қалған өнеге өрнектерін насихаттауды мерейтой сәттерінде айналып соғатын науқандық сипаттан арылтып, жоспарлы әрі жүйелі негізде үздіксіз жүргізудің мерзімі әлдеқашан жеткендігін алға тартты.

Ел көңіліне қонымды іс-шара үстінде Ұлытау ауданы әкімдігінің тапсырысы бойынша болашағынан зор үміт күттіретін жас жазушы, Ұлытаудың тумасы Арман Әлменбет құрастырып, белгілі меценат, Ұлт жанашыры Бекзат Алтынбековтің демеушілігімен жарық көрген «Ұлытаудың екі ұлы» жинағының тұсаукесері өткізілді. Жарасымды рәсімді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жүзеге асырды. Сонымен қатар, «Ұлытау және ұлт» журналының бас редакторы, журналист-ақын Сара Смағұл мен жауапты редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев жаңа мерзімдік басылымның таныстырылымын өткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков жалпы халықтың ризашылығын иеленген журналдың алғашқы сандарының «тұсауын кесті».

Конференция соңында Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров бағзы күндерден жеткен баба дәстүрі бойынша ат сабылтып алыстан келген ағайынның иықтарына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Мерейтой бағдарламасы жергілікті өнерпаздардың шағын да болса шұрайлы театрландырылған қойылымы және тартымды концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН – ҰЛЫТАУ – ЖЕЗҚАЗҒАН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.