Білім

Өлкені өркендетер өрендер

Келесі жылы Қарқаралы қаласы 200 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қарқаралы ауданында осыған орай ұйымдастырылған «Менің өлкем» шығармашылық жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті ұйымдастырған байқауда I орынды Бесоба, Қызылту және Көктас ауылдарының оқушылары жеңіп алды.

– Сайыс Қарқаралы қаласы Әлімхан Ермеков атындағы №2 мектептің базасында өтті. Оған ауылдық елді мекендер мен қалалық мектептерден 5-7 сыныптың 69 оқушысы қатысты. Іс-шара туған өлкенің тарихына, географиясына, био алуандылығына қызығушылық танытатын шығармашылық, дарынды жас буынды анықтауға, олардың ой-өрісін кеңейтуге, патриотизмге және белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеуге бағытталған, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Маржан Мұқашова.

Қатысушылар «Менің өлкемнің тарихы», «Менің өлкемнің символы» және «Менің туған жерімнің болашағы» атты үш номинацияда бақ сынасты.

Байқауға «Үш қазан» табиғат ескерткішінің табиғи-рекреациялық мүмкіншіліктері» жобасын ұсынған Меруерт Рахымбай Бесоба ауылы №8 тірек мектебінің 7 сыныбында оқиды. Ол Жамантас тауындағы үш қазанға ұқсас табиғи ескерткіш туралы әңгімеледі

– Қазанға ұқсайтын таудағы үш ойық тастың орналасу тарихы да ерекше. Диаметрі – 2-4 метр, тереңдігі 1-2 метр болып келген дөңгелек жартастардан сатыланып түсетін үш ойық тас қазанға ұқсағандықтан, «Үш қазан» аталып кеткен. Көбінесе, жергілікті тұрғындар Жамантастың етегінде демалып, осы жерден су ішеді. Таудың басынан ағып тұрған бұлақтан су алады. Су өте таза. Болашақта мен осы табиғи ескерткіштің жанында этностильдегі шағын демалыс аймағын жабдықтағым келеді. Қонақтар фермерлердің экологиялық таза өнімінен дәм татып, атпен серуендей алатындай. Ал, түскен салық есебінен біздің ауылды дамытуға болар еді. Осы жобам үшін I орынға ие болдым. Меценаттар біздің бірегей тауымызға назар аударып, экотуризмді дамытуға көмектескенін қалаймын, – дейді Меруерт Рахымбай.

Қызылту ауылының №13 негізгі орта мектебінің 5-сынып оқушысы Айбар Бақытжанұлы жүз жылдан астам уақыт бойы тұрғындарды таза ауыз сумен қуантып келе жатқан Төсбұлақ құдығы туралы жобаны ұсынды.

– Айбар өз жобасында ауылдың солтүстік бөлігіндегі төбеде орналасқан Төсбұлақ бірегей құдығы туралы айтты. 1920 жылы ауылды құру туралы шешім қабылданғанда жергілікті тұрғындар су көзін іздей бастаған. Содан Жұманбай есімді ақсақал төбеде әрдайым жасыл шөппен көмкеріліп тұратын орынды байқапты. Осы жерді қаза бастағанда жер астынан су атқылаған. Ауыл тұрғындары оны таспен қоршап қойды, – дейді жоба жетекшісі Сәуле Шұбарова.

Осылай, құдықтың жанында ауыл етек жая бастаған. Алғашқы екі сыныпты мектеп ашылған. Ал, 2008 жылы Жұманбай ақсақалдың қызы Орынбасар апай құдықтың жанына ескерткіш орнатып, құдық өлкенің символына айналыпты. Бірақ, ол туралы жергілікті тұрғындардан басқа көп адам білмейді.

Жеңімпаздар жүлдемен және Алғыс хатпен марапатталды. Олар үшін ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, қазылар алқасы үздік таныстырылым, шығармашылық жұмыс және бейнежазбаларды һәм командалардың бірлігін ерекше атап өтті.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button