Бас тақырыпБілім

Елміздің мектептерінде соңғы қоңырау 25 мамыр күні соғылатын болды

Бұған дейін еліміздегі су тасқынына байланысты соңғы қоңырау салтанаты өткізілмейтіндігі айтылған еді. Бүгін, 30 сәуір күні ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның аппараттық отырысында биылғы жылы еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау салтанатын 25 мамырда өткізуді тапсырды.

Сурет: kaztag.kz

Ғани Бейсембаев елімізде биыл 186 мың түлек мектеп бітіретінін айтты.

– Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатындығын қатаң ескертемін. Осыған орай , оқу бағдарламаларын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 миллионнан астам еліміздің оқушылары, келесі сыныптарға көшірілсін. Мектептің 1-10 сынып оқушыларына «Білімім Отаныма» тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында – «Ынтымақ айы» айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында «Таза Қазақстан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және т.б. шаралар қарастырылған.

Сонымен қатар, еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырамын. Биылғы жылдың түлектері аталған іс шараны жоғары мәдениеттілікпен, ысырапшылдықсыз, даңғазалықсыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндіктеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз. Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқарамаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін, – деді министр.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button