Әлімханұлына үшінші титул бұйыра ма?
WBO және IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) әлеуметтік желідегі парақшасында көктемде маңызды кездесу өткізетіні туралы хабарлама қалдырды. Демек, қазақстандық былғары қолғап шебері тағы бір чемпиондық белдікке таласады.
– Мамыр айында мен чемпиондық атағымды (WBO) нокаутпен қорғадым. Күзде Әлем чемпионы (IBF) атандым. Қазір менде екі чемпиондық белдік бар. Келер жылы менде тағы бір чемпиондық атақ болады, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, отандасымыз Top Rank Boxing промоутерлік компаниясынан кубалық Эрисланди Ларамен (29-3-3, 17 КО) немесе доминикандық Карлос Адамеспен (23-1, 18 КО) жекпе-жек өткізуін сұраған болатын.
Қазіргі таңда кубалық боксшы WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы тұрақты Әлем чемпионы. Ал 29 жастағы Карлос Адамес – 2022 жылдан бері жартылай орта салмақта WBC титулының уақытша иегері.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz