Әлихан әлі тасада

      Биыл ұлт көсемі, ұлы тұлға Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы керек болды. Ал, біз не істедік? Қаншама халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар өткіздік. Онда Алаштың Әлиханға берген бағасын, Әлиханның халыққа қылған қызметін аузы дуалы академик ғалымдар айтудай-ақ айтты. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ «Октябрь ауданының атын Әлиханға беріп, қаланың қақ төрінен еңселі ескерткіш орнатамыз» деп уәде де берді… Алайда, әлі күнге дейін Әлекеңнің әлемі түгілі ауданына кіре алмай жүрміз…

    Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген Әлихан, Әлімхандай біртуар тұлғаларға бір ауданның, бір көшенің, бір оқу орнының атын қимау – қазақтай ұлтқа үлкен сын. Той өтпеді дегеннен аулақпыз. Қаншама халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының Әлекеңнің толық шығармалар жинағы мен тұлға туралы зерттеу мақалалардан тұратын 15 томдық кітабын шығаруға ат салыстық. Ақтоғай ауданын да дүркіреп той өтіп, бюсті ашылды. Тойда аймақ басшысы Нұрмұхамбет Қанапияұлы мәлімдегендей, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Октябрь ауданын өзгертуге рұқсат берді деп өзіміз хабарладық. Биліктен бұйрық келген күннен бастап Қарағанды қаласының әкімдігі қажетті құжаттарды неге рәсімдемеді? Билік мұндай мүмкіндік туып тұрған шақта ешкіммен ақылдаспай-ақ, аяқ асты шешім қабылдаудың орнына, жоғарыдағыларының сөзін, аруақтың атын аяқ асты етті…

    Ғалым Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш!..» – тың екінші кітабында: «Сонымен, Коминтерннің конгресі өтісімен, Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Әлихан Бөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Кейін одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Ә.Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып, талқыға ұсынып отырғанын тергеу деректері де растайды» дейді.

    Глобуста «Қазақстан» деген мемлекеттің тұрғандығына бірден-бір себепкер тұлғаның есімін аудан түгілі, бір облысқа берсек артық па?

   Жуырда журналист Жібек Мұқашева Baq.kz сайтында жариялағандай, құрамында 10 мүшесі бар «Сарыарқа» пікірталас клубы қаламыздағы көше атауларының өзгеруіне қарсылық білдірді. Пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековтің Ә.Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымын деді. Олардың пікірінше, көше аттарын өзгертуге кеткен қаржы одан да тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалуы керек екен.

    Біз Мирзоев мырзаға мынаны айтқымыз келеді. Егер де кімде-кім қазақ тарихын, ұлт ұлыларын білмесе оған өздері кінәлі. Әлеуметтік мәселе мен рухани құндылықты шатастырмауын өтінеміз. Қазақстанда тұратын әр азамат ел тарихын, тілін, дәстүрін білуге және оны құрметтеуге міндетті. Қаржы мәселесіне қатысты әңгімені кеше ғана қала әкімі шамын жаққан шыршаның жанына барып неге айтпайды? Аудан және көше атауларын ауыстырғанға ешқандай ақша кетпейді. Жаңа атауға дейінгі ескі атау мұрағат ретінде қала береді, тек жаңа шешім қабылданған күннен бастап барлық құжаттарда ресми түрде жаңа атау жазылады. Октябрь атауының еш өзегі жоқ.

    Бойко мырзаны Қарағандыға таныстырып қажеті шамалы. Бойконың өзінен сұхбат алғанда, оның Әлихан Бөкейханға Октябрь ауданының атын беруге ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтады. Ол кісі Бөкейханның белгілі, ұлы тұлға екендігін, егер, қоғамдық тыңдау өткізіп, халық қолдаса, заңды сыйлайтындығын, алайда, әкімдіктің ешқандай қоғамдық тыңдау өткізбегенін жеткізді. Сонда да, оның қасындағы Мирзоевтың пікірінен Бойконың бой тасалап тұрған шовинистік көзқарастарын байқау қиын емес.

   Әдебиет пен мәдениетке көп көңіл бөлінбей, нарықтық экономика деп ұрандағанның кесірі бәрі. Аттай қалап алған халық қалаулыларымыз, яғни депутаттарымыз әрбір үйден қол жинап, мына істі дереу аяғына дейін жеткізуі керек. Бізге қазір даурықпа емес, ақыл мен сана қажет, қоғамдық пікір туғызуды үйрену керек.

Р.S.

    Мешін жылына не үшін ренжиміз? Тауық жылынан сауық күтейік.

    Өйткені келер жылы Алашордаға – 100 жыл. Әлімхан Ермеков: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған еді.

   Алаш қозғалысының бастауында тұрған Әлихан Бөкейхан Қарқаралы петициясынан бастап, «Алашорда» таратылғанға дейін ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болғанын білеміз. Октябрь ауданының атауын Әлиханға Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында беру керек. Бүкіл Алаш соны күтіп отыр.

Мирас АСАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.