Әлихан Бөкейхан: Самара іздері
Балалық шағым Ақтоғай топырағында өтті. Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңның баурайында, тылсым өзен Тоқырауынның жағасында ойнап өстім. Ес білген сәттен бері ауыл ақсақалдарының әңгімелерінен Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ, Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ, Жақып АҚБАЕВТЫҢ есімдерін естіп жүрдік. Бірақ, ол кездерде көп нәрсенің парқына бара бермейтін баламыз ғой. Сол бір түтіні түзу ұшқан берекелі ауылдың үлкендері айтып жүретін адамдар Тәңірдің көзі түскен Алаш елінің ұлы қайраткерлері, тау тұлғалары екенін есейген шақта бірақ түсіндік. Күні кеше ел Президенті ұлықтаған ұлы Абай мұраларын алғаш зерттеген Алаш қайраткері Әлихан БӨКЕЙХАН екені де белгілі. Енді осы ұлт қайраткерлерінің тағдыры толық зерттеліп, есімдері қажетті деңгейде дәріптелуі үшін шама-шарқымыз келгенше еңбектеніп келеміз. Біздікі бәлкім мұхитқа тамған тамшыдай ғана болар. Қандай мөлшерде болса да, бұл – перзенттік борышым.
САМАРА КЕЗЕҢІ
Әлихан Бөкейхан Орман шаруашылығы институтын бітіріп, маман атанған соң Ресей жерінде қызмет етіп қалғаны жөнінде бұған дейін де баспасөз беттерінде жазылған болатын. Біз сол мақалаларымызда СанктПетербургтегі жаңадан салынған архивтен алған материалдарымызды, нақты айтқанда Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығында оқыған дипломының түпнұсқасын да бірге беріп, алаштанушы ғалымдарға және осы тақырыпты зерделеп жүрген ғалымдарға ұсынғанбыз. Сол құжаттарда Әлекеңнің Ресейдің Самара өңіріндегі Дон жер банкіне жіберілгені туралы құжаттарды да тереңірек көрсетіп берген едік. Енді оған қайыра соғып, тоқталып жатпай, Самара өңіріндегі архивтерден табылған деректерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Әлекең үшін үлкен өмірлік мектеп болған өңір – Самара жері. Ол Дон жер банкінде қызмет жасап, 1917 жылғы Октябрь көтерілісіне дейін осы жерде еңбек еткен. Сондықтан да көктемгі демалысымды пайдалана отырып, Самара қаласына барып, сол жақтағы архив құжаттарынан Әлихан Бөкейхан іздерін іздедім. Оның алдында Самара облыстық өлкетану архивіне, облыстық әмбебап кітапханасының өлкетану бөліміне және Алабин атындағы облыстық музей қызметкерлерімен келісіп, материал жинауға көмек көрсетуді өтінген болатынмын. Ол жерде тың деректердің көп екеніне сенімді едім. Өйткені, Әлихан Бөкейханның шығармашылық тұрғыда өсуі, саяси қайраткер ретінде қалыптасу кезеңі осы жерде өтті. Самара топырағында шыңдалып, күллі қазақтың Алаш ордасын басқарып, ұлт-азаттық жолындағы көрнекті қайраткерге айналды. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өңір Әлекең үшін космодром болды…
1908 жылы Самара қаласындағы Дон жер банкінде қызмет жасап жүргенде Әлекеңнің өмірінде аса маңызды оқиғалар болды. Саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген Әлихан аз уақыттың ішінде күрескер ретінде танылып, аймақтағы беделді тұлғаға айналды. 1908 жылы «Сибирьские вопросы», «Речь», «Слово» басылымдарымен байланыс орнатқан. Сол жылдарда Әлиханның Ресей империясының жер саясатын сынап жазған материалдары баспасөз бетінде жарық көрді.
1912 жылдың 24 қарашасында Самараның барлық революциялық күштері тоғысқан жиналысқа қатысты. Бұл жиында октябристерден бастап солшыларға дейінгі барлық саяси ұйымдар бас қосқан еді. Бұдан бөлек, 1908-1917 жылдарда Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» редакциялық алқасы құрамына еніп, VIII – XXII томдарын шығаруға атсалысты.
1914 жылы социал-революционерлердің съезіне қатысып, «Ресейдегі қазақтардың жағдайы» атты баяндама жасады. Сонымен қатар, Самара губерниясының атынан Мемлекеттік думаға мүше болған «Эсер» партиясының жетекшісі А.Ф.Керенскиймен кездесті.
1915 жылы конституциялық-демократиялық партияның мүшелігіне қабылданып, қазан айында Самарада өткен партия мәжілісіне қатысты. Онда жеңіске жету үшін күш салу, меньшевиктермен одақтасу, кадеттердің IV Бүкілресейлік съезіне дайындық жұмыстарын жүргізу, т.б мәселелер қарастырылды. Әлихан Самара губерниясының көрнекті жетекшілерінің бірі ретінде кадеттердің орталық органы құрамына енді. Сонымен қатар, Семей қазақтары атынан Петербургте өткен Ресей мұсылмандар съезіне (1914ж. 15-25 маусым) делегат болды.
ӘЛЕКЕҢ ТУРАЛЫ
Самарада жарық көрген энциклопедияда оның орыс қоғамындағы лақап атының Александр Николаевич Букейханов болғаны туралы айтылған. Сондай-ақ, оның өміріндегі маңызды кезеңдер қамтылған.
ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ЖАЗБАСЫНАН
Букейханов, Александр Николаевич (шын есімі – сұлтан Әлихан Нұр-Магомедович. 1870-1937ж.а өмір сүрген) Саяси қайраткер, 1905 жылдан бастап Кадеттер партиясының мүшесі, 1-ші Семей губерниясының атынан сайланған Мемлекеттік думаның депутаты, «Алаш» қырғыз ұлттық партиясын құрушы, агроном-ғалым, Шыңғысханның ұрпағы (Бөкей ордасынан тарайды). 1912 жылдан бастап 1917 жылы желтоқсан айында «Алаш-Орда» партиясының төрағалығына тағайындалғанға дейін Самара қаласында тұрды. Орыс халықтық денсаулық сақтау қауымдастығы Самара бөлімшесінің мүшесі, Самара кадет ұйымының көшбасшысы болды. Самара губерниясында Алаш көсемінің туысқандары тұрды. Олар – Самара мен Новоузенко уездерінің жер иеленушілері князь Измайл-бек Ахметұлы ШыңғысБөкейханов пен сұлтан Шалкерей СейітГиреевич Бөкейханов еді. Тарихтан белгілі 1934-1936 жылдары болған жаппай репрессияға ілігіп, 1937 жылы Алматыда (ол кездерде Алма-ата) қарулы көтеріліс жасамақ болды деген кінә тағылып ату жазасына кесілді (Үкім орындалды).
Қолданылған әдебиеттер: «Гражданская война и интервенция». М., 1987. С. 80- 81; Самарская газета. 1912 №4; Волжский день. 1917. 27 сәуір; 21 қыркүйек. К.С
Қолданылған әдебиет: Историко-культурная энциклопедия Самарского края. Самара 1993. 170-ші бет.
ЕЛШИН ЖӘНЕ БӨКЕЙХАН
Әлихан Бөкейхан өміріндегі Самара кезеңі туралы айтқанда Александр Елшин есімін тасада қалдыруға болмайды. Екеуі саяси оқиғалар барысында табысып, кейбір мәселелерге қатысты ортақ көзқараста болған. Тіпті, Александр Елшиннің масондық ложаға қабылдануына Әлихан Бөкейханның ықпалы болған екен. Ол туралы тарқата жазамыз, әзірге Александр Елшин кім? Оның Әлекеңмен қандай байланысы бар? Осыған тоқталып өтсек.
Александр Елшин – Самара археология қоғамының төрағасы, өлкетанушы, Самарадағы кадеттер партиясының бөлімін ұйымдастырушылардың бірі әрі хатшысы, Санкт-Петербург университетінің түлегі. Самара округтік сотында адвокат ретінде қызмет атқарған. Ол большевиктердің қырып-жою арқылы әлемді өзгерту тәсіліне қарсы көзқараста болған. ХХ ғасырдың бас кезінде Самараның қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан тұлға. Мәселен, 1905 жылы қоғамдық-қауіпсіздік комитетін ұйымдастыруға атсалысты. Ал, 1904-1906 жылдар аралығында «Самара атшабары» газетінің редакторы болды. Ақ патшаны тағынан тайдырған Ақпан революциясынан кейін Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта халық билігі атқару комитетінің мүшесі болған.
Александр Елшин өте үлкен кітап қорын жинақтаған. Бүгінде оның кітаптары Самара облыстық кітапханасындағы А.Елшиннің жеке қорында сақтаулы.
1918 жылы Самара өлкесінің тарихы жөніндегі хронологиялық анықтамалық – «Самара шежіресін» құрастырып, жарыққа шығарған. Оның жеке қорында кәсіби қызметі туралы құжаттар, Самара тарихы жөнінде жинақтаған материалдар, Самара кадеттер партиясының мүшесі ретіндегі саяси қызметін көрсететін құжаттар, сонымен қатар жазба күнделіктері мен естеліктері бар. «Самара в 1914-1915гг.» атты еңбегінде Әлихан Бөкейханмен кездесуі жайлы жазған. Сондай-ақ, оның естеліктерінде Әлиханның Масондық ложаның мүшесі болғаны туралы да айтылады.
МАСОНДЫҚ ЛОЖА
Өткен ғасырдың оқымыстыларының көбі өмірінің маңызды сәттерін күнделікке жазып отырған. Бұл әдет А. Елшинде де болды. Оның өз қолымен жазылған күнделіктері мен өлкетануға арналған құнды қолжазбалары Самара облыстық архивінде сақталған.
Ол өз естеліктерінің бірінде 1914 жылдың 12 маусымында Самараға А.Ф.Керенский мен Н.В.Некрасов келгенін жазады. Жай келмеген. Олар Александр Елшинді масондық ұйымға өтуге үгіттейді.
«Бұл мені ерекше таңқалдырды. Бұл ұйым мен оның рәсімдері ерте замандарда ұмыт қалған шығар деп ойлайтын едім. Әңгімеміздің соңында мен олардың ұсынысына келісім бердім. Ұйымға қабылдау Казанская көшесі №30 Субботина үйіндегі В.А.Кугушевтің пәтерінде өтетін болды. Әлихан Бөкейханның бұл бауырластыққа бұрыннан мүше болғанына және А.Керенский, Н.Некрасов және менің арамда дәнекер есебінде жүргеніне күдігім қалмады. Келесі күні мен В.Кугушевтің пәтеріне келдім. Әлихан мені төргі бөлмеге алып барып, «Устав ережесі» бойынша мен әзірге «бауырлардың» ешқайсысын көре алмайтынымды жеткізді. Артынша маған жеке басыма, отбасыма, қоғамға, мемлекетке және адамзатқа қатысты көзқарастарым туралы сұрақтар жазылған парақ ұсынып жазбаша жауап беруімді өтінді. Өзі шығып кетті.
Біраз уақыттан соң ол қайтып келген кезде мен жауап жазылған парақты қайтарып бердім. Ол «бауырлар» менің көзқарастарымды қарастырып, соған сай шешім шығаратынын айтты.
Біршама уақыттан соң ол қайтып келіп, менің көзімді байлады және шешпеуімді сұрады. Шамалыдан соң Керенский менің бауырластықтың жоғарғы кеңесі алдында тұрғанымды жеткізді. Бірқатар сұрақтар қойылды. Осыдан соң мен бауырластықтың антын қабылдап, құрамына қабылдандым», – делінген Александр Елшин естелігінде.
Түрлі деректер бойынша, Ресейде масондық ложалар 1730 жылдан бастап құрылған. Оның құрамына түрлі көзқарастағы және қоғамдық топтардағы тұлғалар енді. Бұл бауырластықтар XVIII – XIX ғасырлардағы қоғамдық қозғалыстарда маңызды рөл атқарды. Кейін ХХ ғасырда масондық ложаларды қайта жаңғырту әрекеттері тіркелді. Олардың құрамына саяси партиялардың мүшелері, мемлекеттік дума өкілдері кірген. А.Елшин естеліктерінде 1914 жылы аталмыш ұйымға Самара қаласынан 5 адамның қабылданғаны айтылады.
Осы орайда, бір ескере кететін жайт, бүгінде жұрттың көбі масон сөзінен үркіп, аталмыш ұйымды құбыжыққа теліп жүр. Әйтсе де, Әлихан Бөкейхан ұлт мүддесі жолында кіммен болса да дос болып, одақтас болуға дайын болған. Бұл оның қайраткерлік қырының бір көрінісі емес пе?!
ӘЛИХАН ЖӘНЕ ТАТАР ЭЛИТАСЫ
Сөз басында Әлекеңнің аз уақыттың ішінде Самарадағы беделді тұлғалардың біріне айналғанын айтып өттік қой. Бұл тұста қалада татар ұлтының өкілдері көп еді. Мәселен, 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағының нәтижесінде Самарада 2803 татар өмір сүретіні анықталған. Бұл қала халқының 3,2%-ы. Әйтсе де, бұл нақты көрсеткіш емес. Өйткені санақ барысында нан базарындағы маусымдық жұмыскерлер, шаруалар, жәрмеңке саудагерлері мен уақытша тіркеудегілер есепке алынбаған. Сол кездегі Самара қаласының билігі болса татарлардың саны 3 000 адам деген ұстанымда болған. Ал, басқа деректерде ХХ ғасырдың бас кезінде қаладағы татар қауымының жалпы саны 6000 адам болғаны айтылады.
Қош, әуелгі әңгімеге оралайық. Татар интеллигенциясының өкілдері Әлихан Бөкейханды қара тұтып, үнемі алға салып жүретін болған. Өйткені, ол өзінің ақылпарасатымен, білімімен және көшбасшылық қабілетімен ерекшеленетін еді. Әлекең жергілікті мұсылман қауымының мүддесін назардан тыс қалдырмаған.
Қаладағы мұсылман жамағатының санасы оянып, ұлт-азаттық, теңдік мәселелері де жиі көтеріліп тұрды. Бұл ретте халықты ағартушылық жолға бастауға 1908 жылы Казанская көшесінің бойындағы мешіт жанынан ашылған «Иктисад» алғашқы татар экономикалық журналы да зор рөл атқарды. Ол журнал 1913 жылға дейін жарық көрген. Аудиториясы да ауқымды болып, Ресей империясының аумағына таралды. Кейін 1914 жылы таралымы тоқтап, оның ізін Қазан қаласындағы «Ресей саудасы» журналы жалғастырған.
Губерния орталығындағы мұсылмандар қауымдастығы өздерінің әлеуметтік статустарын және қаржылай-экономикалық жағдайын жоғарлатумен қатар, қоғамдық позициясын да күшейтті. Казанский көшесіндегі мешіттің имамы Мухаммет-фатых Муртазин Самарадағы несиелік қоғам мен Самаралық ағарту кооперативінің мүшелігіне қабылданды. Ал, мешіттің ақылдастар алқасының хатшысы Ханкерей Аптеков Волга өзеніндегі пароход заводында инженер қызметін атқарды. Мешіт құрылысының бастамашыларының бірі, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Махмұт Байшев Самара қалалық думасының депутаты болып сайланды. Дәл осы кеңестің тағы бір мүшесі, Бөкей ордасы хандарының ұрпағы, Семипалатинск облысының атынан I мемлекеттік думаға мүше болып сайланған Әлихан Бөкейханов «Дон жер» банкінің Самара қалалық бөлімшесінде жауапты лауазымда қызмет еткен. Бұл азаматтардың есімін қала тұрғындары жақсы білді.
Кейін Мұртазин мен Бөкейханов «Бүкілресейлік халықтың денсаулығын сақтау комитетінің» Самара қалалық бөлімшесіне мүшелікке кірді. Олар 1911 жылғы аштықтан зардап шеккен оңтүстіктегі уездердің тұрғындарына көмек көрсету жұмыстарына белсене араласты.
ЖАНДАРМЕРИЯ ЖАЗБАЛАРЫ…
Әлекеңнің қоғамдық-саяси мәселелерге белсенді араласуы және оның мұсылман қауымдастығының алдында жоғары беделге ие болуынан патша жандармериясы қауіптенді. Олар бұл мәселеге бей-жай қарамады. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан туралы деректерді жинастырып, оның іс әрекетін бақылауда ұстауға тырысты. Әрі дәл осы кезде Орал облысының губернаторынан Орынбор губернаторының атына телеграмма жіберіледі. Жеделхатта 7 шілдеде №7 Қызылжар станциясында қырғыз (қазақ – ред.) болыстарының жиналысы өткені және онда әскерге барудан бас тарту, билік өкілдеріне тізім бермеу туралы шешім қабылданғаны жазылған. Бұл жиынға молда Қажығали Аулимбердиев басшылық жасап, Орынбордағы «Қазақ» газетінің тілшісі Әлихан Бөкейханның хатын оқиды. Хатта Әлихан қырғыздарға (қазақтар – ред.) әскерге бармауды ұсынған. Сондайақ, әскерге барудан бас тартқан жағдайда ешқандай жаза қолданылмайтыны және әскерге қабылданғандардың тізімі жойылатынын жазған.
Орал облысының губернаторы телеграмманы Әлихан Бөкейханға қарсы дәйектерді жинақтап, оған үкім шығару мақсатында жіберді. Бұл кезде Әлихан Бөкейханның тұрғылықты мекенжайы Самара қаласында еді.
Осыдан соң Самара губерниялық жандарм басқармасы Әлихан Бөкейханның соңына адам салып, оны 24 сағат бойы бақылауға алған. Әлекеңнің қайда барғаны, кіммен кездескені тәптіштеліп, жазылып отырған екен. Жандармдар Әлиханға «Асман» деген лақап ат қояды. Арнайы журналда оның 46 жаста екендігі, Дон көшесіндегі №30 үйде тұратыны жазылған. Сондай-ақ, сыртқы бейнесі де сипатталыпты.
Приметы «Асмана»: лет 45, среднего роста, брюнет, тело сложения плотного, лицо полно круглое, бороду бреет, не большие усики, одевается: на голову поповская бобровая шапка, зимнее коричневое пальто с норковым воротником и черный брюки на выпуск, Филеры: Курынцев, Винокуров, и Дубровин
Жандармдар Әлекеңе неге «Асман» деген ат қойды? Мұның да өзіндік астары бар екен. Яғни олар османдықтарға, түріктерге «ерекше көзқараста» болып, ата жаулары санады. Сондықтан да тегі түрік, ұлты қазақ Әлекеңді өзара «Осман» деп атайды. Ал, Дон халқының тілдік ерекшелігі бойынша олар «О» дыбысын «А» деп атайды. Осылайша әу бастаған «Осман» деген сөз «Асманға» айналған.
Самара облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттарда тыңшылар жазған қаншама құжаттар бар. Олардың барлығын бір мақала аясында талдап шығу мүмкін емес, әрине. Сондықтан да, тек, А.Керенскиймен байланысына қатысты кейбір жазбалардың үзіндісін беруді жөн көрдік.
***
«Националь» қонақ үйі, Самара қ. Пианская көшесі.
Сағат 11:45-те «Националь» қонақ үйіне «Асман» (Әлихан Бөкейханов) келді. Ол қонақ үйден сағат 01:45-те Александр Керенский Федоровичпен бірге шықты. Панской мен Дворянский көшелерінің қиылысына жеткенде екі жаққа кетті. «Асман» (Бөкейханов) бақылаусыз кетті. Ал, «Думский» (Керенский) Дворянский көшесіндегі «Волжский день» газетінің редакциясына кетті. Ол онда 1 сағат 20 минут болды. Редакциядан шыққан соң Дворянская көшесіндегі № 71 үйге «Вечерный» (Ивана Маркованың) пәтеріне барды. Ол пәтерде 1 сағат 10 минут болды. Шыққаннан соң өз үйіне кетті. Қайта шыққанын көрмедік.
Бақылаушылар: Курынцев, Винокуров, Овчинников и Чечеткин.
. ***
Саратовский мен Панси көшелерінің бұрышындағы «Националь» қонақ үйі.
Күндізгі 12:35-те «Думскийға» (Александр Керенский) «Асман» (Әлихан Бөкейханов) келді. Ол онда 1 сағат 10 минут болды. «Думскиймен» бірге шығып, Олимп театрына барды. Ол жерде «Думский» дәріс оқыды. Күндізгі 15: 15-те «Думский» Олимп театрынан шығып «Асман» (Бөкейханов) және Елшинмен бірге Предченский көшесіне жетіп, сол жерде қоштасты. Елшин бақылаусыз кетті. «Думский» мен «Асман» Националь қонақ үйіне барды. Ол жерде ұзақ кідірмей Соборной көшесі №102 үйде тұратын Елшинге барды. Олар Елшиннің пәтерінде 2 сағат 30 минут кідірді. Олар ол пәтерден белгісіз барынкамен бірге шықты. Предтеченсуи мен Соборной көшелерінің қиылысында қоштасты. «Асман» белгісіз барынкамен бірге бақылаусыз кетті. Ал, «Думский» тасымалдаушы құралға отырды да Торговой көшесінде №20 үйге барды. Ол жерде 1 сағат кідірді. Шыққан соң трамвайға отырып, Тройцко базарына дейін барды да, үйіне қарай бет алды.
Кешкі сағат 21:25-те «Думский» Керенский өз пәтерінен шығып Дворянский көшесіндегі №71 «Вечерныйдың» (Маркова) үйіне барды. Ол жерде ол 3 сағат кідірді. Содан соң өз пәтеріне кірді. Шыққанын көрген жоқпыз.
Бақылаушылар: Курынцев, Дубровин, Чечеткин мен Связнов.
***
«Националь» қонақ үйі, Саратовск пен Манской көшелерінің бұрышы.
Таңғы 08:25-те «Думскийге» (Керенский) «Асман» (Бөкейханов) келді. Ол «Думскийдің» пәтерінде ұзақ кідірмей шықты да бақылаусыз кетті. Таңғы 10:30-да «Думский» (Керенский) қонақ үйден жүкпен шықты. Содан соң тасымалдау құралына отырып, вокзалға барды. Вокзалдан Петроградқа дейін ояту уақытын таңғы 11:25-ке белгілеп билет алды. «Думскийдің» соңынан бақылаушылар да аттанды. Оны шығарып салуға «Асман» (Бөкейханов) келді.
Бақылаушылар: Мамуткин мен Шехватов.
ТҮЙІН
Біз бұл шағын мақаланың аясында Әлихан Бөкейханның Самарадағы іздерін толық көрсетіп кете алмадық. Архивте сақтаулы тұрған жандармерияның қаншама папкалары, Алабин музейінен табылған Әлекеңнің бұрын еш жерде жарияланбаған суреттері, оның Конституциялық-демократиялық партиядағы жұмысы, қаладағы интеллигенциямен байланысы, газеттерге жазған мақалалары және тағы да басқа тың деректері бұл мақалаға енбеді. Олардың бәрін бір мақаланың аясында қамтып шығу мүмкін емес. Негізінде мұнымен кәсіби тарихшылар шұғылданғаны жөн. Әсіресе, Әлиханның Самарада тұрған жылдарына ерекше назар аудару қажет. Өйткені, Алаш партиясының, Алаш автономиясының жетекшілігіне апарған жолы осы жерден басталды. Мұның бәрін тарихшылар терең зерделеуі тиіс. Ол үшін архивтермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуі керек.
Біз бұл мақалада Әлихан мен Александр Елшиннің арасындағы байланысты ғана айтып өттік. Ал, оның сол тұстағы өзге де белсенді азаматтармен қарым-қатынасы әлі толық зерттелген жоқ. Мәселен, Ресейдің көрнекті мемлекеттік қайраткері, уақытша үкімет төрағасы А.Керенский Самараға келген сапарының көп бөлігін Әлихан Бөкейханмен кездесіп, пікір алмасуға арнаған екен. Олардың мемлекеттің алда қандай бағытта дамитыны, қандай құрылымды таңдайтыны жөніндегі екеуара әңгімелері мен ой-пікірлері жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Шыңғыс ұрпақтары Ақ патшадан жер алып, Самара жерін ен жайлаған. Олар Әлиханға қаржылай көмек көрсетіп, барынша қолдау білдірген. Бұлардың өзі үлкен бір тақырыпқа жүк боларлық дүниелер емес пе?!
Біз тұлғалардың өмірін зерттеу барысында олардың саяси өмірін, қоғамдағы іс әрекеттерін көрсетумен ғана шектеліп қаламыз. Ал, олардың күнделікті тұрмысы, айналасындағы адамдармен қарымқатынасы тасада қалып қояды. Сондықтан да, тау тұлғаларымыздың өмір жолын зерттегенде олардың образын ашатын дерекдәйектемелерді іздеп, қарапайым адами қасиеттері арқылы жағымды көзқарас қалыптастырған дұрыс болар еді.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі