Жаңалықтар

Үлгіден шыққан академик

Көшпелі қазақ жерінде 1914 жылы қазан айының 10 жұлдызында кішкене Қарақұдық деген ауылда Қайып ақсақалдың отбасында ер бала өмірге келеді. Есімі Арықтай деп аталады. Қарақұдық ол кезде Павлодар облысы Баянауыл ауданының үшінші ауылы атаныпты. Қазір «Қайыптың Қарақұдығы» деген атпен Үлгі ауылынан 7 шақырым жерде Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарайды.

Сурет: автордан

Қысы қарлы, суық, жазы жаңбырлы, ыстық. Еріген қар суы Өткелсіз өзеніне құяды. Табиғаты бай, еріген қар суы бүкіл жазыққа жайылып жататын көрінеді. Сулары аққайраң балыққа толы, жайылымы мен шабындығы жайқала өскен түрлі өсімдіктермен жер бетін әрлендіре түсетін. Сай-саласы толған итмұрын, қарақат, бүлдірген болатын. Ну тоғайлы, ақ қайыңды ормандар да жақын жерде, бір жер жәннаты дерсіз.

Ел іші жиі қоныстанған Үлгі ауылына жақын Қарақойтас деген жерде 1926 жылы мектеп ашылады. Бекмағанбет деген сыйлы ақсақал екі бөлмелі үйінің төр бөлмесін мектепке босатып береді. Мектепке алғашқы оқушылар жинала бастайды, олар – Сламбек Алтайбеков, Қызай Соқыров, Ахмедия Кулов, Ахмедия Әлғожин және Арықтай Қайыпов. Мектепке мұғалім болып Баянауылдан Қали Жетпісбаев келеді. Ауылдағы сауаттандыру сатысындағы төрт кластық мектепті бітірген соң, білімге құмар Арықтай Қайыпов Павлодарға сапар шегеді. Ауылынан Павлодарға дейінгі аралыққа (400 шақырым) бірде жаяу, бірде кездескен көлікпен жетеді.

Павлодардағы педагогикалық техникумның үш жылдық бағдарламасын бір жылда тәмамдайды. Томск қаласындағы татар педагогикалық техникумында оқиды. 1931-1932 жылдары Семейдегі геологиялық барлау жұмысшылар факультетінің үшінші курсында оқиды.

1933 жылы геологиялық барлау инс­титутына оқуға түседі. Ол оқу орны 1934 жылы Қазақ тау-кен металлургия институты болып қайта ұйымдастырылады. 1939 жылы осы оқу орнының геология­лық барлау факультетін үздік бағамен бітіреді. 1936-1939 жылдары геологиялық партиялар басшысы болады.

1943 жылы Қаныш Сәтбаевтың шақыр­туымен Қазақстанның геология инс­титутына кіші ғылыми қызметкер болып келеді. ҚарГМИ-ге педагогикалық кадр­лар дайындау үшін аспирантураға шақырылады. Оқытушылық қызметпен қоса, 1943 жылдан бастап, геология институтында ғылыми жұмыстармен айналысады.

Арықтай Қайыпов 1943 жылы Респуб­ликаның басшы органдарының тапсырмасы бойынша тым қысқа мерзім ішінде Үлкен Алматы өзенінің аңғарында геологиялық, гидрогеологиялық және гемоморфологиялық тексеру жұмыстарын жүргізді, ол жерлерде шағын гидростанциялар (№6, 7, 8) каскадын салу кезінде зерттеулері пайдаланылғаны белгілі.

1944-1946 жылдары Орталық Қаратаудағы Тұрлан кен орнында ғылыми жұмыс­тар жүргізіп, нәтижесінде бұрыннан кен денелері кездеспейді деп есептелетін жер қыртысынан жаңа кен түрлерін тауып, көп жылдар бойы Ащысай руднигінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады.

Осында жинақтаған ғылыми деректер материалдары 1946 жылы өзі қорғаған кандидаттық диссертацияның негізі болды.

А.Қайыповтың көп ғылыми жұмыстары Кенді Алтаймен байланысты болды. Зырян-Бұқтарма кенді ауданының оларға дейінгі жинақталған геологиялық материалдарын мұқият қарап, солардың негізінде металлогениялық болжам картасын жасады.

1955-1960 жылдарда А.Қайыповтың тікелей қатысуымен және басшылығымен Оңтүстік Жоңғар сілеміндегі Жоңғар-Текелі-Көксу кенді аймағын зерттеу жан-жақты қолға алынды.

А.Қайыповтың өзі және тікелей қатысуымен екі жүзден астам ғылыми жұмыс­тар жазылды, олар негізінен табиғатта кен көздерінің пайда болу теориясын жан-жақты қарастырды.

Ол геология саласында инженер және ғылыми кадрлар дайындауда белсенді жұмыс істегендердің бірі, көптеген аспиранттар мен өз бетімен диссертация қорғауға талаптанған жастардың жұмыс­тарына ғылыми басшылық жасап, үлкен көмек көрсетті. Оның басшылығымен 36 кандидаттық, бір докторлық диссертация қорғалды.

А.Қайыпов 1964 жылы докторлық диссертациясын қорғайды. 1966 жылы – профессор, 1971 жылы Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағы беріледі. 1985 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.

Ол докторлық диссертация қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, кандидаттық диссертация қорғайтын екі бірдей Кеңестің мүшесі, металлогениялық болжау карталарының монографиялар мен ғылыми мақалалар жинақтарының авторы. Қоғамдық өмірге де белсене қатысқан, оның ғылыми және қоғамдық еңбегі үкімет тарапынан бағаланып, Халықтар достығы орденімен, басқа да орден, медальдармен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1972 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының толық мүшесі-академигі болып сайланады.

А.Қайыпов – Қазақстан ғылымының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шәкірті. Қаныш Имантайұлы оған үлкен сенім білдіріп, ғылыми жұмыс­тарынан көп үміт күткен.

Арықтай Қайыпов 1989 жылы Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық тойынан Баян­ауылдан қайтарында Үлгі ауылындағы немере інісі Қырбас Куловқа соғады. Еліне, жеріне келген Арықтай аға ел жағдайын сұрап, үлкен әңгіме бастайды. Сөз арасында Қылыш Бабаев совхозының директорымен жолыққысы келетінін айтады. Ол кезде совхоз директоры мен едім.

Маған хабар тиген соң кешікпей келіп, сәлем бердім. Ел жағдайын, келешектегі жұмыстарды сұрады. Мен тиісінше жауап беріп отырдым. Бір уақытта: «Қарағым, менің туған жерім – Үлгі ауылынан 7 шақырымдай жер, екі орта мидай жазық. Қар суымен таситын Ақсу-Өткелсіз өзендерінің суы жайылып, көп уақытқа дейін өткел бермей жатады, кейін сулары сай-салаға ағып кетеді. Сол босқа далаға ағып кеткен суды пайдаланып, осы екі арадағы 1000 гектарға жуық болатын жерді лиманды суландыру тәсілімен суландыруды ойластыру керек», – деді.

Қарағанды гидротехникалық жобалау институтымен келісім-шартқа отырып, жоба-сметалық құжаттаманы бітіру керектігін айтты. Жобалау институты бұл үлкен ауқымды жоспарды бітіру үшін екі жылдай уақыт керектігін, себебі де белгілі, айлық еңбекақыларын ала алмаған мамандар жұмыстан кетіп жатқан көрінеді. Екі жылда біткен жоба іске аспай қалды. Совхоздар мен колхоздарды жекешелендіру науқаны басталды.

Арықтай ағаның әкесі Қайып ақсақал Үлгі ауылында тұрды. Түске қарай үйінің алдында күнге қыздырынып отыратын. Балалар жиналып барып, сәлем беріп, қызықты әңгімелерін тыңдайтынбыз. Қайып ақсақал 1950 жылдардан кейін 100 жастан асып қайтыс болды.

Арықтай Қайыповтың ата-бабаларының Сарыарқа жеріне келуі туралы бірер сөз. 1722-1730 жылдары тарихта «ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен жоңғарлармен болған соғыста, көшпелі қазақ елі соғыстан жансақтау үшін мекенжайларын тастап, тау-тасты, орман-тоғайларды паналап кетеді. Сондай жағдайдың бірінде Олжабай, Сәтидің жігіттері үлкен бір көшке кездеседі. Бұл көш Кіші Жүздің Телеу ұрпақтары екен. Бұл көшті Сарыарқа жеріне әкеліп, жарты бөлігін Айдаболдың Жанқозысына, екінші бөлігін Қаржастың Алтынторы руына бөліп, жер беріп, туыс болып, ағайындасып кеткен екен.

Жеңіс ШӘДЕТОВ,
Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button