…Әлеужелі ме айыпты?

Өкінішке орай қазіргі таңда жастардың тілі көңіл қуантарлық емес. «Бұған себеп әлеуметтік желі ме?» деген сауал туындайды. Осы бойынша 16-25 жас аралығындағы Instagram оқырмандарының арасында кішігірім сауалнама жүргізілді.

Тарқата айтар болсақ, сауалнамада «Ұялы телефонда жазысқанды ұнатасыз ба?», жоқ әлде «Ауызша сөйлескенді жөн көресіз бе?» деген сұрақтар қойылды. Жауаптар нәтижесінде 70% оқырман жазу арқылы араласуды таңдаса, 30% оқырман ауызша сөйлесуге өз дауыстарын берді. Осылайша дәл қазіргі уақытта әлеуметтік желінің жастар өмірінде орасан зор рөл атқаратынын аңғардық. Десек те, бетпе-бет сөйлесудің орны тым бөлек, тигізер әсері де ерекше. Себебі, ауызша сөйлескен уақытта импровизация орын алады. Осы жерде және дәл қазіргі сәтте болған әңгімеде көп ойланып тұрып алмайсың. Сөзден-сөз ілесіп әрі қарай әңгіме өрбиді. Сөйлесіп тұрған адамның шынайы эмоциясын аңғаруға мүмкіндік бар. Сөйлеу мәнерің, өзіңді ұстауың, тіл байлығың машықтана бастайды. Жақсы адамдармен танысып, сөйлесе жүріп үлкен тәжірибе жинауыңа да болады.

Әрине, жазған да жақсы. Бірақ, бүгінде жастарымыз сауатты жазып жүр ме? Күнделікті өмірде араласу, танысу дегеннің бәрі де әлеуметтік желіге тәуелді болып қалды. «Каксың?», «Нестеватсың», «Норм, өз?» деген сөздер жастарға таныс. Үлкендер оқып, жағаларын ұстауы мүмкін. Осындай қателерден функционалдық сауаттылық жойылып кетпесіне кім кепіл?

Ұялы телефон-тәрбие құралы болуы тиіс. Бәлкім, осы мәселенің бір шешімі-кітапқа қызығушылық, киноларды подкасттарға айырбастау, жазғанша хабарласып хал-жағдай білісу және көбірек тіл байлығын арттыратын жаттығулар жасау болар.

-Қазіргі таңда жастардың сөйлеу мәдениеті сын көтермейді. Барлығының демеймін, әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен де көпшілігінің сөйлеу мәдениеті төмен. Бұл неліктен? Біріншіден, коммуникацияның әлсіреп бара жатқанынан. Екіншіден, олардың көркем шығармадан алшақтауы. Оқыса электронды нұсқада, классикадан гөрі мотивациялық, психологиялық, бизнес-маркетингке байланысты кітаптарды оқиды. Ал, тіл байлықты жетілдіру мақсатында классик жазушыларды оқыған жөн болады. Оның үстіне, қазақ жастарының арасында көпшілік арасынан суырылып шығып сөйлеу, өз ойын айту мен пікір білдіруге жасқанушылық орын алады. Осы тұста біздің қазақи тәрбиенің (менталитет) өзіндік көрінісі байқалады. Қазақ аудиториясында да, орыс және шетелдік студенттермен де ұзақ жылдар қызметте жүрмін. Салыстырмалы түрде қарағанда өзге ұлт жастары еркін, тік мінезді, әрі бетті келеді. Қазақ жастарына айтарым: ұялмаңдар, өздеріңді көрсетуден қорықпаңдар,-деді филология ғылымдарының кандидаты, «Сөйле, қызыл тіл» атты ораторлық курстың тренері Бағлан Кәукербекова.

Тегінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек» деп қалт айтпаған. Сөйлесек те, жазсақ та тек сауатты болмақ керек…

Балғын ҰЗАҚБАЙ,

КарУ университетінің 2-курс студенті.