Әлеуметтік кәсіпкерлік: мейірімге құрылған бизнес

Қарағандыдағы Достық үйінде «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – әлеуметтік міндеттерді шешу» тақырыбында форум өтті. Форумға әлеуметтік салада кәсіпкерлікпен айналысып, мұқтаж жандарға көмектесіп жүргендермен қатар, SOCIAL TRUST әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі жобасына қатысушылар да шақырылды. Әлеуметтік кәсіпкерлік деп аты айтып тұрғандай, бұл кәсіпкерліктің өзге кәсіпкерліктен айырмашылығы – әлеуметтік, мәдени немесе экологиялық мәселелерді бизнес арқылы шешуге бағытталады. Әлеуметтік кәсіпкерлік – қазір маңызды әлемдік трендке айналып үлгерген.

Айта кету керек, облысымызда халық арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, бизнесін енді бастаған және іске асырып жатқан, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту идеяларын ілгерілетумен және қолдаумен үшінші жыл қатарынан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді айналысып келеді.

«Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – әлеуметтік міндеттерді шешу» атты форумының мақсаты кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің тәжірибелерімен бөлісіп, өз ісін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайлы кеңестер беру болды. «Қоғамдық келісім» КММ Са раптама, этносаралық қатынастар және медиация бөлімінің басшысы Мәдина Шұңғылтаева алдағы уақытқа ауқымды жоспар құрылып отырғандығын жеткізді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын негізгі бағдарларды анықтап, маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Осындай оң бастамалардың қатарында «SOCIAL TRUST әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» аясында өткізілген семинарлар, курстар жүргізілді. Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлік дағдыларын дамыту, өз ісін ашуға ниеті бар көпбалалы аналарға көмектесу, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық жобаларды жүзеге асыру. 2019 жылдан осы мектеп аясында 500-ге тарта адам білім алып, өз бизнестерін ашты, – деді Мәдина Серікқызы.

Форумға қатысушылардың бірі – «Дарынды бала» балабақшалар желісінің құрылтайшысы Айгүл Хамитова кәсіп ашуға ниет білдірген аналармен өз тәжірибесін бөлісті. Кезінде мемлекет тарапынан 1,5 млн. теңге грантқа ие болған кәсіпкер бүгінде бір емес, бірнеше балабақша ашқан. Үкімет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікке жасалған қамқорлық арқылы осындай жетістікке жеткен Айгүл Қайырбекқызы қазір өзі де кәсібін бастаймын дегендерге қамқорлық танытып, 1 млн. теңгеге дейін грант бөледі екен. Әрине, жоба қорғау барысында көпбалалы аналарға басымдық берілетінін айта кету керек.

«КФВС» ЖШС директоры, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Күлмағамбетов әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, бизнесті үлкен жобалардан емес, қарапайым дүниелерден бастау керектігін айтты. «Асыл Ана» қоғамдық қорының төрағасы Айжан Байдельдинова SOCIAL TRUST әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі өткізген сабақтар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға үлкен көмек болғанын айтады.

– Алты ай «Асыл Ана» қоғамдық қорындағы аналар, атап айтқанда, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша кеңестер алды. Бізде түрлі тамақтар пісіре алатын, тігетін, тоқи алатын аналар бар. Олар, әрине, үйде отырып, өздерінің көңілдері қалаған іспен айналысып қана қоймай, ақша тапқылары да келеді. Қазірдің өзінде SOCIAL TRUST әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі жобасына қатысып, оқудан өткендердің ішінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 500 мыңға тарта мемлекеттік грантқа ие болып, кәсібін бастағандар бар. SOCIAL TRUST мектебінен білім алған аналар мұнымен шектеліп қалмайды. Қазірдің өзінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантқа құжаттарын дайындауда. Аналарымыз жағдайларына байланысты сыртқа шығып, оқудан өте алмайтындықтан, мектептің ұйымдастырған онлайн оқулары өте тиімді. Одан бөлек, оқып қана қоймай, WhatsApp және Telegram чаттарында тұрақты түрде кеңестер алып отырды, – дейді ол.

Шара соңында SOCIAL TRUST әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің белсенді қатысушыларына Алғыс хаттар табысталды.

Салтанат ІЛИЯШ.