ӘЛЕУМЕТ АХУАЛЫ – НАЗАРДА
Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ облыстағы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрбибі НАУРЫЗБАЕВАМЕН кездесті. Жиын барысында екіжақты Меморандумға қол қойылды.
Меморандум облыс халқының әлеуметтік тұрғыдан қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталмақ. Сондай-ақ, елді ақпаратпен құлақтандыру, БЖЗҚ кеңселерінен тыс жерлерде салымшылар мен алушыларға тиімді сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыру жұмыстарын қарастырады.
Нұрбибі НАУРЫЗБАЕВА, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:
–Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі жиырма жыл аралығында біршама жаңашылдықтар әкелді. Қор әрбір салымшы мен алушының қамын ойлайды. Көрсететін қызметтерді сапалы әрі нақты атқарады. Оған қоса ақпарат берудің қосымша ыңғайлы арналарын жасауға ұмтылады.
Қазіргі таңда облысымыздағы 1,4 млн. адамның 690,6 мыңы – еңбекке қабілетті жаста. Оның 583,2 -сі – жалдамалы қызметкерлер, ал, 73,2 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Қор қызметінің ашықтығы мен көрсететін қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында БЖЗҚ-да салымшылар мен алушыларға көшпелі қызмет ұсынады.
Төрағаның айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашқандар саны – 817, 1 мың адамды құрады. Ал, облыс тұрғындарының барлық түрдегі жарналар бойынша жинақтар сомасы – 1 642 млрд. теңгені құраған.
Қазіргі таңда жалпы республика тұрғындарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 231 орталығы қызмет көрсетеді. Қарағанды облысында Қордың 18 бөлімшесі жұмыс жасап, жыл басынан бері 266 іс-шара ұйымдастырды.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»