Бас тақырып

Ленин орденді Ақын аға Әсеттің Қызыларайдағы тұяқтары

Әсет те бір қыраның еді-ау сенің,
Құлжадан қайта келіп, қона алмаған.
(Ақын ағаның өлеңінен)

Қызыларайға, Қапан мұғалімнің үйіне Ақын аға келіпті деседі ел. Өзімше аудандық газетке өлеңдерім жарияланып, ақын бала атанған маған мына сөз елден ерек әсер еткен. Тірі ақынды көрмеген маған бұл бір тосын оқиға еді.

60 жылдары он-он екі жасар бала едік. Өлеңдеріміз аудандық «Қызыл Ту» (кейіннен «Арқа еңбеккері»), ара-тұра облыстық «Орталық Қазақстан» газеттеріне шыға бастаған. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер жаппай ақталып, кітаптары дүкен сөрелеріне қаптай түсіп жатқан кез. Әскерден жаңа келіп, бізге сынып жетекшісі болған қаталдау Қапан мұғалім маған Ілиястың бір томын сыйлап:

– «Құлагерді» оқы, ақынның ақыны осы! – деген. Ол да Әсет ақынның бір тұяғы, осы ақсақалдың немере туысы. Бір ай бойы қайталап оқып, жаттап та алып едім.

Қай ақында болса да әдеби орта деген болады. Менің ортамда Әсет жырының білгірі Боздақтың Әубәкірі, алғаш рет Ілияс жырымен тамсантқан Қапан мұғалім болды. Жаратылысы бөлек, қазақ ауызша тарихының білгірі Ақын ағалар, жаны жайсаң Алаш азаматтары, Ақсораңның қасиетті топырағы болды.

Осы топырақтан шыққан Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтердің өзі бір-бір сом тұлғалар емес пе еді?! Солардың аруағының жебеуі менің бала қиялымды қияға қанаттандырып, поэзия деген сиқыр әлеммен табыстыр­ған. Ақын көктен түспейді, топырақтың киесі мен атаның белі, ананың құрсағынан шығады.

Ол кезде Әсетті мұнда әлі ешкім біле қоймаушы еді. Бір күні Боздақтың Әубәкірі Әсеттің Кемпірбаймен бақылдасуын домбыраға салып, шырқай жөнелгенде арқам шымырлап кетіп еді.

– Бұл кім? – деймін аң-таң қалып.

– Бұл Әсет ақын! – дейді Әукең. – Осы Қы­зыларайдың тумасы, руы – Қаракесек-­Қарашор, бізбен аталас болады. Жас кезінде біздің осы Ақсораңнан Қарқаралы-Семей өтіп, Қытайдың Құлжа маңында қаза тапқан.

– Қалай?

– Арқада Әсеттей әнші болмаған, – дейді Әукең маған егжей-тегжейін түсіндіріп.

– Ән айтқанда дауысын ашуға мүсәтір ішеді екен. Сон­да ақынды көре алмаған күншілдердің біреуі мү­сәтір орнына алмас­ты жұтқызып жіберген көрінеді. Оны менен гөрі Ақын аға жатқа біледі, – дейді де Әукең әнге басады:

Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Дерт шалды өне бойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе, арманым не,
Ажалды ақша беріп сатып алдым.

Кейін Әсеттің шығармалар жинағында баяндалған осы гәпті Қызыларайдың шалдары сол кезде-ақ біледі екен. Онда Әсеттің кітабы шықпаған.

СУРЕТТЕ: Бүкілодақтық староста М.Калининнің жанында Ақын аға – Әбдірахым Смағұлұлы

Мен онда Әсеттің «Кемпірбаймен қош­тасуы» деген өлеңінің қазақ жырындағы бөлекше бітімі мен көзді арбар көркемдік деңгейіне дәл қазіргідей бойлай алғам жоқ. Енді бүгін қазақ пен қалған дүние жұртының жыр-жауһарына жан дүниемді суғарып, жетпіске тұяқ іліктіргенде қайырыла бір қарасам…бұған дейін әлем әдебиетінде, мүлде көзге шалынбаған шаһқар (шедевр) жырдың озық үлгісі тылсым тереңіне тарта береді мені. Ең бір ғажабы – бұл ақынның қолына қалам алып, ойланып-толғанып, ала қағазға бізше телмірген сәтінде туған дүние емес – қас-қағымда суырып салып айтқаны!

– Ассалаумағалайкүм, нар Кемпірбай!
Науқасқа шипа берсін патша Құдай,
Сырқат деп Сарыарқадан естіп келдім,
Жақсы ма, қандай боп тұр хал, Кемпірбай? – деп басталып:
– Көңілді Әсет келді-ау, көтергелі,
Қысады кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды құс жастықтан көтер бері!
Өлсем де «Көк кептерге» бір басайын,
Қу тақтай қос ішекті әпер бері!
Аузыма өлерімде сөз салмасаң,
Қонғаның, өлең, шіркін, бекер ме еді? – деп, шырқау шыңға құсша қалықтаған жыр тек қазақ баласының жүрегінен ғана төгілетін төлтума туынды, қара өлеңнің кемерінен асып, кемеліне келген шағы!
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын көрем білем.
Кеудемнен көк ала үйрек «хош!» деп ұшты,
Сол, шіркін, кәрі жолдас өлең білем…
Қызыларайда аты аңызға айналған сол Әсет ақын да осы Ақын ағаның ең етжақын туысы болып шықты. Ақ маңдайы жарқырап Қапан мұғалімнің үйінен шыққанда осындағы бір топ бала дуылдап соңынан еріп жүреміз. Сондағы оның мейірімге толы көздері әлі есімде. Кейіннен білдік, бұ кісі де елімен бірге не бір тар жол, тайғақ кешуден өткен тірі шежіре екен. Қазақтың эпосы мен қара өлеңін кеудесіне құйып алып, ел ішінде Ақын аға атанып кеткен. Өзі де өлең жазған, бірақ, оны кәсіп қылмаған екен. Көкірегі алтын көмбе қазақ қарияларының тірі көзі. Содан жұрт бұ кісінің Әбдірахым деген есімін айтпай, Ақын аға атандырып жіберген көрінеді. О кезде ол кісімен әңгіме-дүкен құратындай жаста емес едік. Қазақ жырының қаншама қазынасы жалғанның жарығына шыға алмай, кеудесінде кетті екен?! Өкініш көп, әрине…

Ақын аға – қазақта орысша сауат ашқан алғашқы зиялылардың бірі. Спасскіде большевик О.Бековтермен бірге жасырын революциялық ұйымдарға қатысып, совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан. Елді сауаттандыру қозғалысының алдыңғы шебінде болған. Қызыл- арайдағы мектептің ірге тасын тұрғызған адам осы. 1939 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Ленин орденін Бүкілодақтық староста Калининнің қолынан алады. Осы мектепке Ақын ағаның атын беру керек. Меніңше, бұл мәселені соза бермей, бір шешімге келетін уақыт жетті. Өзім білім алған мектепті ойлағанда осы жәйт есіме түсе береді.

Ақсораң, бұлт ішінде сораңдаған,
Сұңқардан басқа құс кеп қона алмаған.
Әсет те бір қыраның еді-ау сенің,
Құлжадан қайта келіп қона алмаған! – деген Ақын ағаның бір шумақ өлеңі көнекөз шалдардың есінде қалыпты. Оны да Боздақтың Әубәкірінің аузынан естіп едім. Ғұмыр бойы тағдырдың тәлкегімен Қытай асқан Әсет бауырын аузынан тастамай өтіпті. Әсетті әулие көрген Ақын ағаның арман-аңсарын ұзақ уақыт заң орындарында жауапты қызметте болған ұрпағы Бақытбек Сыздықов аманаттап алып, Құлжадағы Әсеттің мәңгілік мекен тапқан жеріне Қызыларайдың топырағын салып қайтты.

Жалғыз уыс топырақ.
Әсет кесенесі. Бақытбек сот

Таудың бұлты кешеден жаумай ылаң,
Қазақ үшін Әсет те таудай ұлан.
Бір уыс топырақ алып жеттік –
Қызыларай тауының баурайынан.

Ол шырқаған… Қайтейін қысқа бұл ән,
Арғы беттің хабар ап құстарынан.
Жалғыз уыс топырақ алып жеттік
Арқадағы Найманбай қыстағынан.

Қайран көңіл мұздасын, сыздасын ба?
Қараша үйдей қалқиған құз басында…
Жалғыз уыс топырақ, киелім-ау –
Аман-есен жеткізген бізді осында.

Шекараға келгенде өте маздап,
Шетінете жаздады шетел аздап.
Топыраққа кеденде қауіп төнген –
Сот Бақытбек сотталып кете жаздап.

Аманатты жеткізген иесіне,
Сол бір сәттер түседі жиі есіме.
Жалғыз уыс топырақ, құн жетпейтін –
Қастері де қазақтың, киесі де.

Ару қызы Алаштың от ұланы,
Атажұрты әркімнің тоты бағы.
Екі дүние қызығын көрдім дей бер,
Туған жердің бұйырса топырағы.

Аспанасты еліне, Көкқамырға,
Жолың түссе бауырым, тоқта мұнда!
Әсет жатыр дауысы көкті кезген,
Заңғар-заңғар таулардың қатпарында.

Өмір дейміз күн кешіп оттап, үптеп,
Топырақты бір уыс – бақ та, құт деп.
Қабіріне ақынның сеуіп тұрып,
«Бабам-ай» деп өкірді сот Бақытбек.

Біз арқалап келгендей елдің арын,
Жалғыз сәтке ұмыттық енді бәрін.
Қалибектің Ғалымы еңіреді
Екеуіне қосылып мен жыладым.

Аңтарылып қалғандай аңсар алап,
Қазақ қайда бармаған жан сағалап.
Үшеумізге қосылып аңырады,
Дүниенің бетінде барша қазақ, – деп жыр­лады сол кезде қасында болған қазақ­тың талантты ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай!

Ата аманатын орындаған зәузаттары Смағұл бабаның бұл дүниеден озған ұрпақтарына арнап 18 мау­сым күні арнайы ас беріп, Құран бағыштамақ. Ниет қабыл болғай!

Қызыларайдағы Әсеттің үмбетіне ақынның аруағы ырза, меніңше!

СУРЕТТЕ: Бүкілодақтық староста М.Калининнің жанында Ақын аға – Әбдірахым Смағұлұлы

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button