Өлеңі де, өмірі де тағдырлы еді
Дүниеден ақын өтті… Артында ақзер дүниеге іңкəр аппақ арманы қалды. Бақтыбай Аманжолов! Тым-тым алыс көкжиекке сіңіп бара жатқан бұла дəуреніміздің дидар ғайып сəттері сірə естен кетер ме?! Ең алғаш санамызға сəуле құйып, өлең дейтін өлкенің ертегідей əлеміне еліктіріп, қиялымызға қанат бітірген ақын ағамыз еді…
Өлеңі де, өмірі де тағдырлы еді… Өршіл жырларын оқығанда есімізге Махамбет түсетін. Қалай десек те сол кездегі жастардың жүрегіне Бақтыбай ақын жырлары өшпес өрлік рухын ұялата білді.
Ақиқат жолы – көк тайғақ,
Кіріптар көңіл – күзгі орман
Жүректе жатса от қайнап,
Етегін ашпас ізгі арман!
Тұлпардың бүтін тұяғы,
Кеткем жоқ киіп кебін мен.
Түнеріп барып, құяды
Кəусарын бұлт та көгімнен!
Бақұл бол, Бақтыбай аға!
Аспан асты, жер үстін мекендеген адамзат тарихында келместің кемесіне мініп, ғарыш көгіне сіңіп кеткен таланттар қаншама?! Сіз де мəңгілік нұрлы əлемге бет түзедіңіз. Поэзия кеңістігінде еркін самғар нағыз кемел жасыңызда, аядай ғана Байғұл ауылында руханияттан алыс, саяқ ғұмыр кешкен, от жүректі, ақ тілекті арда ақынның алды пейіш, арты кеніш болғай!
Қойлыбай АСАН