ЖаңалықтарРуханият

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»

Қарағандыда студенттер арасында «Азаттық неткен ғажап ең» атты поэтикалық дуэль өтті. Осымен екінші рет өткен іс-шара Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлының идеясымен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Дуэльге 14 студент қатысты.

Қазылар алқасының құрамында Ерік Нарын, Әділет Шопен, Салтанат Қайырбек сынды шайырлар болды. Өлеңге талаптанып жүрген студент жастар өз өлеңдерін тебірене оқыды. Поэзияға деген іңкәрлік олардың алып ұшқан көңілінен аңғарылып тұрды.

– Осы шарада бізге қолдау білдірген Мәжіліс депутаты Шамиль Осин мен «Мэйкер» құю-машина жасау зауытының басқарма төрағасы Жәнібек Алтынбекұлына, Қарағанды медицина колледжінің ректоры Аманжол Нұрбек мырзаға, Ержан Әділбеков пен Айдос Ақшонтаевқа Қарағандының жас ақындары атынан һәм өз атымнан зор алғыс айтамын. Осы істе тізе қосып, қолдау жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновке және жақсы істің басына жиналған басқа да азаматтарға алғысым шексіз. Әдебиеттің досы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкеннің де жанашырлығын атап өткен жөн, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

Поэтикалық дуэль қорытындысында, I орынның 200 000 теңгелік сертификатына Ералы Ғани ие болды. Оның аяқ алысы басқа үміткерлерге қарағанда бір бас жоғары болғанын айта кеткен жөн.

Ал, II орынның 100 000 теңгелік сертификаты Нұрдәулет Маратқа бұйырса, III орынның 50 000 теңгелік сертификаты Тілеужан Қамыспай мен Шұғыла Ойратқа табысталды. Жүлдеге ілікпеген 10 қатысушы да құр қалған жоқ. Оларға 10 000 теңгеден берілді.

– Былтыр облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарманың қолдауымен өткізген едік. Сонда бұл шараны «дәстүрлі түрде өткіземіз» деп уәде бергенбіз. Уәдеде тұрып, биыл екінші рет өтті. Жастардың аяқ алысы жаман емес, – деп атап өтті шараны ұйымдастырушылардың бірі Асхат Қажытай.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button