Covid-19Бас тақырып

КВИ: Жаңа толқын, жаңа болжам

Маусымның соңынан бері елдегі эпидемиологиялық ахуал күрт өзгерді. Індет жұқтырғандар күн санап өскеніне қарап, «қатаң карантин қайтып келе ме» деген ойдың қылаң бергені рас. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі тамыз бен қыркүйекте күніне 4 мың қазақстандықтың ауыратынын болжап отыр. Десе де аталмыш министрлік қатаң шектеулердің болмайтынын бірден айтты. Содан кейін, күні кеше ғана коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия «жасыл», «сары», «қызылға» бөлетін эпидемиологиялық ахуал матрицасын өзгертті. Енді, барлығын кезекпен баяндайық.

Қазақстанда барлық әлемдегі сияқты коронавирус жұқтыру өсуде. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, соңғы аптада коронавирус алдыңғы аптамен салыстырғанда 3,2 есе өскен. Және сол өсімнің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Алматы облысына тиесілі. Елдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ауырғандардың 80%-ы мүлде вакцина алмағандар немесе алғанына жарты жыл өтіп кеткендер.

Бұл фактінің өзі вакцинация мен ревакцинация коронавирус инфекциясымен күресте тиімді құрал екенін көрсетеді. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып вакцинациядан, 6 ай өткеннен кейін ревакцинациядан өтуді ұсынамыз. Республика көлемінде барлық вакциналар бар. Санын айтсақ, шамамен 1 млн. 600 мың доза, – дейді А.Есмағамбектова.

Бұл ретте айта керек, Pfizer-ді жүкті, бала емізетін әйелдер мен жеткіншектерден басқа ешкім жаңадан ала алмайды. Себебі, одан екінші компонент қана қалған. Ал, QazVac пен VeroCell вакциналары жеткілікті. Вице-министр айтқандай, қолда барда екпе алып алған жөн сияқты. Олай дейтініміз, ведомство алдағы тамыз-қыркүйек айларына эпидемиологиялық болжам жасады. Болжам бойынша тамызда ең көп дегені тәулігіне 4 мың адам індет жұқтырады, реалистік сценарийге сәйкес тәулігіне 2,5 мың жағдай тіркелмек. Алайда, қазірдің өзінде тәулігіне 2 мыңға жуық жағдай анықталуда. 19 шілдеде мәселен, 1 959 адамның ауырғаны белгілі болды. Ұжымдық иммунитеттің әлсірегені тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі дүрлігуге негіз жоқ дейді. Қазір тарап жатқан штамм омикронның субваринаты ВА5. Мамандардың айтуынша, ол қатты жұқпалы болса да жеңіл өтеді. Омикрон дельтаны толық болмаса да, ел аумағынан ығыстыра алды. Қазір таралып жатқан омикрон. Оның бұрынғы түрлерінен айырмашылығы, қазір науқастарда оттегі жетіспеушілігі азайған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов брифинг барысында осылай деген болатын.

Басты айырмашылығы COVID-19 клиникасында оттегіге тәуелді науқастар азаюда. Яғни, қосымша тыныс алу құралдарына, өкпені жасанды желдету аппаратына мұқтаждық байқалмайды. Вирус өкпеден гөрі жоғары тыныс алу жолдарында шоғырланады. Дегенмен, тамақ, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі негізгі белгілері болып қалады, – дейді Т.Мұратов.

Зерттеулер нәтижесіне қарасақ, ауырғандар арасында 20-30 жастағы адамдар басым. Сонымен бірге, балалар да бар. Балаларда иммунитетті қолдайтын вакцинация жоқ. Оларда антиденелер жоқ себебі. Кешегі күнгі мәлімет бойынша 11 мыңға жуық адам коронавирустан емделіп жатыр. Оның 18-і ауыр жағдайда, үшеуі – аса ауыр халде, біреуі ӨЖЖ аппаратына қосылған. Вирус жеңіл өтеді екен деп, қамсыз жүруге де болмайды. Ел Үкіметі де аймақтарға сәйкес шектеулер енгізуде.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия отырысында эпидемиологиялық ахуал матрицасы өзгерді, сәйкесінше эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды. Өңір «жасыл» аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте маска тағу ұсынылады.

Өңір «сары» аймаққа ауысқан жағдайда науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс істеуге жібереді, сондайақ, ауырған адаммен байланыста болған вирусқа қарсы екпеге қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер де қашықтан жұмыс істеуге ауысады. Білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс-шараларды өткізілмейді (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі). Барлық нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режимді сақталуы тиіс. Ал, халық көп жиналатын орындарда: әуежайлар, темір жол вокзалы, автовокзалдар, базарлар, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар кезінде, ұйымдасқан ұжымдарда, көліктің барлық түрінде, атап айтқанда, қоғамдық көлік, әуе, темір жол, халықаралық автобус тасымалдарында маска тағу ұсынылады.

Эпидемиологиялық ахуал көрсеткішіне сәйкес, барлық өңір «жасылда». Солай болып қалуы үшін вакцина мен ревакцинация, сақтық шаралары қажет.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button