Медицина

КВИ қаупі сейілген жоқ 

Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қаңтардағы мәліметі бойынша, елде 211 адам коронавируспен, тағы сегізі коронавирусты пневмониямен ауырған. Мұның алдындағы тәулікте ауырғандар саны 115 еді. Жалпы, індеттің таралуы желтоқсанда қараша айымен салыстырғанда 2,3 есе өскен.

Кешегі дерекке сәйкес, 2 589 адам ем алып жатыр. Стационарда жатқаны 283 науқас болса, қалған 2 306-сы амбулаторлық деңгейде емделуде. Ауыр жағдайда – 12, аса ауыр жағдайда – 5 адам жатыр. Үш науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жыл басынан бері 5 қаңтарға дейін облыста 27 жағдай тіркеліпті. Өткен тәулікте 18 жағдай тіркелді. Барлығында дерлік ауру белгілері байқалған. Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 163 117 адам ауырды. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, коронавирустың таралуы 2,2 есе төмендеген. Осы аптада 57 адамда індет анықталса, алдыңғы аптада ауырған 124 адам тіркелді. Облыс «жасыл» аймақта.

Коронавируспен әлем болып күресіп жатқанымен, қатерді толығымен жою әлі де мүмкін болмай тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр апта сайын он мыңдаған адам өледі. Бұл мәлім деректер ғана, белгісізі қаншама. Ұйым қазір айналымда жүрген «омикронның» бірнеше штамын зерттеуде. Ондағы сарапшылар вирус неғұрлым көп таралса, соғұрлым оның мутация қаупі артады деген пікірде. Дегенмен де, шетелдік мамандар індеттің таралуы тағы артады деп болжайды. Өлім-жітім пандемияның алғашқы жылдарындай емес, азаймақ. Себебі, аурудың ауыр түрлері мен асқынуынан қорғайтын мүмкіндік бар.

Жаһандық ұйым Қытайдағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы. Желтоқсанның соңынан бері Қытай елі коронавирус жұқтырғандар туралы дерек беруді тоқтатқан. Ондағы коронавирустың жаңа толқынынан кейін АҚШ, Франция, Аустралия, Канада, Ұлыбритания сияқты бірқатар елдер Қытайдан келетіндер үшін міндетті COVID-19 тестілеуін енгізді. Марокко қытайлық саяхатшылардың ел аумағына келуіне тыйым салды. Ал, Қазақстан билігінің елге келген Қытай азаматтары үшін қандай да бір шектеу мен күшейтілген шаралар енгізу жоспары жоқ.

Министрліктің мәліметінше, өңірлер «сарыға» өткен кезде науқаспен жақын байланыста болғандарды, вакцинацияға қарсы көрсетілім бар адамдарды қашықтан жұмыс істеуге жіберу, білім беру мекемелерінде бірлескен шаралар өткізбеу сияқты шектеулер қолданылады. Ал, «қызыл» аймақта болса, жиын, кеңестер онлайн форматта өтеді. Жабық ғимараттарда, қоғамдық көліктерде маска тағу, Ashyq қосымшасын пайдалану міндеттеледі әрі мекеме қызметкерлерінің 30%-ы қашықтан жұмысқа көшуге тиіс болады.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button