Кузнецов клубқа келді
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бас бапкері Александр Кузнецов «Шахтер» клубының қатарына қосылды. Ол бұдан былай клубтың футбол орталығын басқарады.
Клуб директоры Талғат Дүйсеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазба қалдырып, көптен сүйінші сұрады.
– Ақпарат – үлкен күш. Сол ақпаратты дұрыс өңдеп, оң шешім қабылдай білу өте маңызды. Біз «Шахтер» футбол клубына мықтылар жиналуы керек деп есептегендіктен, клубымызға Александр Кузнецовты шақырдық. Ал, ол бұл ұсынысты қабыл алды. Бүгіннен бастап, Александр Евгеньевич «Шахтердің» футбол орталығын басқармақ, – делінген хабарламада.
Александр Евгеньевич Қазақстан U-19 құрамасын 2021 жылдан бері жаттықтырып келеді. Осы тұста ұлттық құрамалардың бас бапкері ретінде жеткен жарқын жетістіктері күні бүгінге дейін жанкүйер жадында. Енді «Шахтер» клубына да өз тәжірибесі мен кәсібилігін көрсетіп, жаңа биіктерді бағындыратынына сенім зор.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан