Медицина

КТ мен МРТ ақысын қор төлейді

Медициналық сақтандыру қоры КТ мен МРТ үшін өткен жылы 1,8 млрд. теңге төлепті. Былтыр жалпы саны 70 мыңнан астам КТ және 53 мыңға жуық МРТ тексерулері жасалыпты.

Магнитті-резонанстық және компьютерлік томография – диагностиканың ақпараттық және дәлдігі жоғары әдістері. Олар пациент ағзасындағы процестерді «көруге» мүмкіндік береді. 2022 жылы облыс дәрігерлері тексерудің бұл түрлерін 123,5 мыңнан астам рет тағайындады. Былтыр облыс тұрғындары 70,6 мыңнан астам КТ тексеруінен өткен. Оның ішінде, 3,5 мың пациент миын тексертті. Медициналық сақтандыру қоры КТ үшін бір жылға 897 млн. теңге бөлді. Сонымен қатар, 53 мыңға жуық МРТ тексерулері жасалды. Оның 20 мыңы омыртқаның МРТ-сы. Осы қызметтер үшін медициналық сақтандыру қоры 918,5 млн. теңге төледі.

– Медициналық сақтандыру жүйесі үш жыл ішінде диагностикалық көмекті, соның ішінде қымбат тұратын КТ және МРТ сияқты диагностиканы қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қарағанды облысында бірнеше медициналық ұйым жеке инвестиция тарта отырып, КТ және МРТ кабинеттерін ашты. Бұл аталған қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттырып, бәсекелес орта қалыптастырады. Өз кезегінде бұл диагностикалау сапасын арттыруға ықпал етеді, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.

Компьютерлік томография тіндердің құрылымдық өзгерістерін анықтауға көмектеседі және сүйектің немесе омыртқаның зақымдануы, гематомалар мен ішкі қан кетулер, онкологиялық аурулар, өсінділер және басқа аурулар үшін тағайындалады. Ал, МРТ тамырларды, жұмсақ тіндерді, ішкі мүшелерді, миды, жүйке жүйесін және лимфа түйіндерін тексеру үшін қолданылады. Ми ісіктерін, аневризмаларды, тромбоздарды және басқа патологияларды диагностикалау үшін тағайындалады.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button