«Кракен» қазақстанда жоқ

ХВВ.1.5. немесе «Кракен» деп отырғанымыз – әлемді әбігерге салып жатқан «омикронның» жаңа штамы Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп мәлімдеп отыр. Қазір ел аумағында «жүрген» 100% омикрон болғанымен, оның жаңа штамы бізге жеткен жоқ. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, XBB нұсқасы өткен жылдың қазан айынан бастап әлемнің 38 елінде анықталған. Ең көп АҚШ-та тіркелген. Үш күн бұрын Ресейде алғашқы жағдайы тіркелді. «Кракеннің» клиникалық ауырлығы мен эпидемиологиялық ерекшелігі әлі де зерттеліп жатыр. Дегенмен, сарапшылардың пікірі коронавирустың бұл нұсқасы да өлім-жітімге себеп болмай, жеңіл өтеді дегенге саяды. Бірақ, оның бұрынғы нұсқаларға қарағанда жұқпалы әрі тез тарайтындығы туралы дерек келтіріледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын коронавирус жұқтырған 200-ге жуық адам тіркеледі. Соңғы аптада республикада сырқаттанушылық 4%-ға, 1135-тен 1089-ға дейін төмендеген. Алайда, облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде осы аптада коронавируспен ауырғандар қатары 28,1%-ға көбейген деген дерек келтіреді. Алдыңғы аптада КВИ 57 адамнан анықталса, осы аптада 73 адам тіркелді.

Облыста жыл басынан бері 12 қаңтарға дейін коронавирус 100 адамнан анықталды. Оның ішінде 93 жағдайда адамда ауру белгісі байқалған, қалған жетеуінде ауру белгілері байқалмаған. Пандемия басталғаннан бері ұзынырғасы 163 190 адамның COVID-19-бен ауырғаны белгілі. Облыс, тұтас республика қазір «жасыл» аймақта. 12 қаңтарда ел бойынша тіркелген 112 адамның бесеуі – Қарағанды облысының тұрғындары. Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі дерегі бойынша 2 315 адам коронавирустан ем алуда. Оның көбісі амбулаторлық жағдайда болса, стационарда 225 адам жатыр. Ауыр халде тоғыз адам, аса ауыр жағдайда бес адам бар. Үш адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Министрлік уақытылы вакцинация мен ревакцинациядан өтуге, халық көп жиналатын жерлерде маска тағуға, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеуге кеңес береді. Облыс көлемінде медициналық ұйымдарда маска тағу міндетті. Көпшілік орындарда бетперде кию ұсынылады.

Жансая ОМАРБЕК.

Ortalyq.kz