Жаңалықтар

Коррупция – қоғам дерті

Қай мемлекеттің болсын басты жауы – сыбайлас жемқорлық. Әлеуметтік құбылыс ретінде жемқорлық әлі де болсын жаһанды жайлап келеді. Оның алдын-алу жолында барлық дерлік мемлекет өздерінің жемқорлықпен күрес модельдерін қайта қарап, жемқорлыққа қасты жауапкершілікті күшейту жолында жаңа заң мен нормалар қабылдауда. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында алдыңғы орындардың бірінде тұр. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы ретінде алдымен мемлекеттік қызмет саласындағы бұзушылықтар саналады. Сондықтан, Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» арнайы заң қабылданып, қолданысқа енгізілген. Тіпті, арнайы орган – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi (әрі қарай – қаржы полициясы) құрылды. Қаржы полициясымен қатар, елімізде «Нұр Отан» саяси партиясы да парақорлықпен күресуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде айта келе қоғамның қатысуынсыз жемқорлықты жеңу мүмкін еместігін айрықша атап өткен болатын. Яғни, Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты жеңу мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұрындары сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзған үшін қызметінен босатылған тұлғалардың өмір бойы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қай лауазымды болсын атқаруына тыйым салуды енгізген еді. Заңға қайшы қандай да болсын әрекетке барған тұлға бар мүмкіндігінен айырылатынын барлық отандасымыз білуі және түсінуі қажет. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша Президент жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі Комиссия жұмыс жасайды. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйе барынша тиімді жұмыс жасайды деп айту қиын. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық статистикасы әлі де болсын көңіл көншітпейді.

Президент алға қойған маңызды мақсаттардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын жетілдіру. Соған байланысты, 2014 жылы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекіді. Стратегия мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру. Ал, болашаққа деген басты үміт – бүгінгі жастар. Сондықтан, жастар алып жатқан білім оларды кез-келген сыбайлас жемқорлықтан аулақ ұстайды деп сенгіміз келеді.

 

Қазыбек би ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы.

Басқа материалдар

Back to top button