Коронавирустың таралуы төмендеп келеді

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, елде коронавирустың таралуы бойынша эпидемиялық ахуал тұрақталып келеді. Үкімет отырысында осылай деген министр Алексей ЦОЙ індеттің таралуы оптимистік болжам бойынша келе жатқанын жеткізді.

Індет жұқтырып, ауырғандар өткен аптамен салыстырғанда 11 мыңнан 8 мыңға, яғни, 1,3 есе азайған. Жалпы, мамырдан бері коронавируспен ауыру көрсеткіші 2,1 есе төмендеген. Республика көлеміндегі инфекциялық госпитальдардағы орынның 24%-ы, реанимациялық орындардың 21%-ы бос емес. Министр айтқандай, аймақтарда коронавирус үшін ашылған қосымша ауруханаларды жабу жүріп жатыр.

– Коронавирус таралуы бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 221 елдің ішінде 105-орында тұр, ал қайтыс болғандар саны жағынан 111-орында, – деп атап өтті А.Цой.

Қазақстан індеттің таралуы бойынша 6 маусымнан бері – «жасыл» аймақта. Бүгінгі таңда «қызылда» Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалды. «Сары» аймақта Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған өңірлер – «жасылда».

Бұрынырақта айтқандай, министрліктің оптимистік болжамы бойынша маусым-қыркүйек айларында 61 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін.

Оның орындалуының өзі вакциналауға байланысты еді. 11 маусымдағы мәлімет бойынша, елде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 2 416 430, екінші компонентін – 1 297 662 адам алған. Үкімет басшысы бұл көрсеткішті арттырып, жаз мезгілінде вакциналауды қарқынды жүргізуге тапсырма берді. Себебі, вакцинаның тиімділігі 80%-дан кем болса, 69 мың адам ауыру, тиімділік 60%-дан кем болса, 95 мың адам ауыру қаупі бар.

Қазір мамандар вакциналаудан кейін 3 күн ішінде екпе салған орнын суламауға, сауна, моншаға бармауға, алкогольдік ішімдік ішпеуге және шамадан тыс физикалық күш салудан аулақ болуға кеңес берді. Вакциналау орны қызарған, ісініп, ауырған кезде арнайы дәрі-дәрмек (антигистаминдерді) қабылдау ұсынылады. Ал, дене қызуы көтерілсе, қабынуға қарсы препараттар қабылдауға болады. Дәрігерлер екпе салғаннан кейін сұрақтар туындаса, емханадағы учаскелік дәрігерге жүгініп, қажет болған жағдайда жедел медициналық жәрдем шақыртуға болатынын еске салады.

Жансая ОМАРБЕК.