Коронавирус белгілері өзгерді

Бас ауыру, тұмау және тамақ ауруы коронавирустың белгілері болуы мүмкін. Лондон Корольдік колледжі ғалымдары зерттеулеріне сүйеніп солай деп отыр. Коронавирустың өзгерген түрлері оның негізгі белгілерінің де өзгеруіне әсер еткен.

Ғалымдар бұл мәліметтерді инфекция белгілерін бақылауға мүмкіндік беретін ZOE қосымшасы арқылы алған. Осыған сүйене отырып, мамырдан бері COVID-19 белгілерінің өзгергенін байқаған. Дегенмен, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі індеттің негізгі белгілеріне қалтырау, тұрақты жөтел, дәм мен иіс сезбеуді жатқызады. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың қалтырау, құрғақ жөтел және әлсіздік түрінде көрініс беретінін алға тартады.

Мұндай мәлімдемеге үн қатқан ресейлік ғалымдар коронавирус белгілерінің өзгеруі екі инфекцияның қатар жұғуынан болуы мүмкін дегенді келтіреді.

– Бірқатар жағдайларда бұл бірнеше инфекция болуы мүмкін. Мәселен, мұрыннан көп су ағатын риновирус инфекциясы мен коронавирусты бірден жұқтыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда риновирус жоғары тыныс жолдарында қарқынды көбейетіндіктен, коронавирус жеңіл түрде өтеді. Бірақ, мұрыннан су ағу, тұмау оның белгілері ретінде көрсетіледі, – деді Роспотребнадзор эпидемиология ғылыми зерттеу орталығы директорының клиника-аналитикалық жұмыс бойынша орынбасары Наталья Пшеничная.

Сонымен қатар, ол тамақтың ауруы коронавирус пен аденовирустың әсерінен де болатынын, тіпті, маусымдық аллергияның өзі коронавирустың клиникасын өзгертуі мүмкін екенін жеткізді.

Дене қызуы көтеріліп, тұмау белгілері байқалса, іш өтсе, коронавирусқа ПТР тест тапсыру қажеттілігін ұмытпаған жөн. 13 маусымдағы мәлімет бойынша елде ауру жұқтырғандар 400 мыңнан асты. Республика көлемінде 402 329 адам ауырса, 377 642 адам жазылып шықты. Ел ордасы «қызыл» аймақтан әлі шыққан жоқ. «Сарыда» Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. Қалған өңірлердің барлығы – «жасылда».

Жалпы, ғалымдар коронавирустың қалай пайда болғаны туралы сұрақтың нүктесін әлі қоя алмай отыр. Оның үстіне, COVID19-дың салдарына байланысты күн сайын түрлі жаңалық шығады. Мәселен, үндістандық зерттеушілер тобы коронавирус инфекциясын емдеуде пайдалы болуы мүмкін зат көк шайдан табылғанын мәлімдеді. Ғалымдар вирус инфекциясын өлтіру мүмкіндігі бар түрлі фитохимиялық 132 заттың құрылымын зерттеген. Оның екеуі көк шайдың құрамында болған. Осылайша, ғалымдар көк шайдың негізінде коронавирус жұқтырған науқастарға көмектесетін дәрілік препарат жасап шығаруды шешкен. Зерттеу нәтижесі ғылыми журналда да жарияланды.

«Біз басқа вирус түрлеріне қарсы белсенді табиғи қосылыстарды сараладық. Ол үшін жасанды интеллектісі бар компьютерлік бағдарлама қолданылды. Зерттеу нәтижелері коронавирусқа қарсы күресе алатын сондай табиғи қосындылардың бірі көк шайда бар екенін анықтадық»,– деді Суреш Моханкумар.

Жансая ОМАРБЕК.