Аймақ

Конституция күнінде қарағандылық жас отбасылар пәтер иесі атанды

Конституция күніне орай Қарағанды шаһарында бірқатар шаралар жалауын желбіретті. Кеншілер мерекесі Ата Заңды атап өтуге ұласты. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан БИКЕНОВ мәлімдеді. 

Ұлы бабамыз Төле бидің «Халқы  Заңын сыйлаған елдің бағы – бір мысқал артық» деген сөзінде қаншама мән жатыр. Ата заңын құрметтей білген елдің ұрпақтарымыз.

Ата Заңымыз – еліміздің дамуына, өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. Өткен тарихымыздан тамыр алып, ертеңімізге тұғыр болған. Тәуелсіз елімізде ол салтанат құрып тұрғанда еліміз белестерді бағындырып, алға жылжи бермек, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Басқарма басшысының сөзінше республика көлемінде Конституция күніне 157 мерекелік бағдарлама ұйымдастырылған. Қала, тіпті, аудан, ауылдар да қамтылған. Облысымыздың өзінде түрлі іс-шара орын алды. Осындай мерекеде қарағандылық жас отбасылар да баспаналы болып бір қуанысты. 

Жыл басынан бері «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып, жас отбасыларға 4 пайыздық несиеге пәтерлер беріліп жатыр. Қомақты қаржы жинай алмай, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жас отбасына бұл жағымды жаңалық. Әзірге аталмыш бағдарлама тек қала жастарына ғана ұсынылды. Болашақта жалпы облыс көлемінде де қарастыру жоспарда бар, – дейді Нұрлан Бикенов. 

Сондай-ақ, Конституция күніне орай облысымыздың әр өңірінде ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар өтуде. Атап айтар болсақ, Теміртау, Шахтинск қалаларында өткен бәйге, көкпар, тоғызқұмалақ сайыстары. Ата Заңды ардақтауға келгенде Алаш баласы алдына жан салар емес. 

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button