Жаңалықтар

Комплаенс компанияда жаңа қызмет

Комплаенс – еліміз үшін мүлдем жаңа қызмет түрі. Қандай да бір ұйымның ережелері мен этикалық нормалар жиынтығы, ұйым қызметкерлерінің іскери тәртібінен тұратын комплаенске әуелдегідей банк саласы ғана емес, бүгінгі таңда түрлі мемлекеттік, квазимемлекеттік органдар, сондай-ақ, жеке компаниялар да қызығушылық танытуда. Солардың бірі – Қарағанды, Теміртау қалаларының, Ақтас кенті тұрғындарын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсынатын табиғи монополиялар субъектісі «Қарағанды Су» ЖШС. Осы орайда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті онлайн-форматта комплаенс қызметі институтын енгізу бойынша семинар-кеңес ұйымдастырды. Кеңес аясында «Қарағанды Су» ЖШС-дегі комплаенс қызметінің жұмысы қаралды.

Жиналыс барысында Орталық Қазақстан академиясының оқытушысы, ақпараттық-ағарту штабының мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша сертификатталған маманы еліміздегі комплаенс қызметі туралы айтса, «Қарағанды Су» ЖШС комплаенс-офицері Жұлдыз Ескенова осы бағытта атқарылған жұмыстары туралы мәлімдеді. Жалпы, үр жаңа қызмет түрі енгізілген компания желілерінің ұзындығы 1081 шақырымнан асса, сумен жабдықтау және кәріз желілерінің ұзындығы – 691 шақырым шамасында. Қырықтан астам құрылымдық бөлімшеде екі мыңға жуық жұмыскер бар.

Аталмыш компанияның Бас директорының бұйрығымен құқықтық реттеу және комплаенс қызметіне жауап беретін адам тағайындалған. Міндетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт, осы саладағы саясат, жемқорлықтың алдын алу шаралары, корпоративтік басқару кодексі, сондай-ақ, компанияның коммерциялық құпиясы мен құпия ақпаратын қорғау, дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау мен қорғау кіретін комплаенс қызметінің жедел желісі де бар. Келіп түсетін шағымдардың құпиялылығын сақтау үшін жедел желісі мен сенім телефоны да жұмыс істейді. Қызмет компания қызметкерлерінің заңға қайшы іс-әрекеттерінің алдын алу және заңнаманы сақтауға негізделген корпоративтік этиканы енгізу жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Ал, комплаенс қызметінің мамандары компания қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттан басқа өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде де, жұмыстан бос уақытында да компания қызметкерлерінің этикалық қағидалары мен мінез-құлық нормаларын қамтитын ішкі құқықтық актілерін оқытып, таныстыру дәрістерін өткізеді.

Одан бөлек, комплаенс қызметтің негізгі міндеттерінің бірі – компания қызметкерлері, серіктестері және басқа да мүдделі тұлғалар арасында корпоративтік мәдениетті енгізу. Жұмысқа қабылдау кезінде компания заңнаманы және ішкі актілердің талаптарын басшылыққа ала отырып, біліктілігі жоғары және тәжірибелі үміткерлерге артықшылық береді. Кадрларды іріктеу және жоғарылату тек жыныстық, нәсілдік, саяси, діни және басқа да осыған ұқсас себептер бойынша кемсітушіліктің қандай да бір көріністерін қоспағанда, ішкі актілерге сәйкес кәсіби қабілеттер, білім мен дағдылар негізінде жүзеге асырылады.

Қызметтің тағы бір артықшылығы – мемлекеттік органдар тарапынан да, сондай-ақ, лауазымды тұлғалар мен кәсіпорын қызметкерлері тарапынан да жасалатын сыбайлас жемқорлық және басқа да құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кеседі.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button