Жаңалықтар

Комиссия әділдікке жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашадағы «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығында халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіріп, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару міндетін қойды.

Осы мақсатқа жету үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Оған тарихшы, заңгер, өлкетанушы, саясаттанушы, ізденуші, құқық қорғаушы және өңірдің басқа да зерттеушілері кірді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кіші комиссия және жұмыс топтары мүшелерінің жұмыстарын ұйымдастыру үшін «Жалпы Әдістеме» және «Жадынама» құжаттары дайындалды. Бұл құжаттарда Комиссияның алдына қойылған бірнеше міндеттері туралы айқындалды, оның ішінде, «Кеңес билігін күштеп орнатуға, таптық, діни, әлеуметтік белгілері бойынша қудалауға, «большевиктік емес» партияларға қатысты жүйелі саяси қуғын-сүргінге, мешіттер мен шіркеулерді жоюға, жергілікті халықты қандай да бір күнкөріс қаражатынсыз қалдырған әртүрлі дайындау науқандарына, большевиктер диктатурасы мен тоталитаризмнің өзге де қылмыстарына қарсы облыста, қазіргі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтарында орын алған халық наразылықтарын анықтау. Мал, мүлкі тәркіленген кулак, бай, жартылай феодалдар (орта шаруалар) мен шаруа қожалықтарының санын шығару, сонымен бірге малы тәркіленген және тұрғылықты жерлерінен қуылған босқындардың – отбасы мүшелерінің аштықтан, суықтан және аурулардан қырылуының мысалдарын келтіру, мешіттер мен шіркеулердің қаншасы жойылғанын, тәркіленгенін, кімге берілгенін, облыстардағы күштеп ұжымдастыруға ұшыраған шаруа қожалықтарының саны және қазақ отбасыларының отырықшыландыруын (отырықшылануын) анықтау, жабық қорлардың материалдарын зерделегеннен кейін Қазақстанда «Кіші Қазан» большевиктік компаниясын күштеп жүзеге асыру шеңберінде облыста, қалаларда және аудандарда орын алған құрбандар мен зардап шеккендер туралы басқа да статистикалық деректерді келтіру тағы басқа жұмыстар кіреді.

Ғалымдардың алдына арнайы тобы ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін анықтау мақсатында облыстық (қалалық) мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда тұрақты жұмыс істеу керек деп мақсат қойылды.

Мемлекеттік комиссияның екі жұмыс тобына Қарағандының ғалымдары кірді – «Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі» төртінші жұмыс тобына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Рымбек Жұмашев және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент осы жолдар авторы, ал, «Ақталмаған қазақстандықтар – НКВД ГУЛАГ-ының 26-лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне ұсыныстар әзірлеу жөніндегі» он бірінші жұмыс тобына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Этномәдени, тарихи және антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова мен «Bolashaq» академиясының «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, заң ғылымдарының магистрі Әлия Әупенова кірді.

Біз төртінші жұмыс топ мүшесі ретінде алдымен Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істеу үстіндеміз.

Жұмыс барысында күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылар бойынша құжаттарды анықтау, құжаттарды электрондық форматқа көшіру, арнайы қоныс аударушылардың тізімін 1990-2000 жылдардың басында ақталғандардың тізімімен салыстыру, жиналған материалдар негізінде Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың ақталмаған құрбандарын және арнайы қоныс аударушыларды оңалту бойынша ұсыныстар дайындау және енгізу тәрізді мәселелермен айналысамыз. Қызықты және керекті материалдарды Қарағанды облысының мемлекеттік архивіндегі №205 «Прокуратура қоры», №239 «ҚазКСР ІІМ Қарағанды облысы бойынша басқармасының Ворошилов аудандық бөлімшесі (1947-1956) қоры», №1482 «Осакаров ауданының аумағында тұратын еңбек қоныс аударушылардың тізімі» сияқты қорлардан таптық.

Сонымен қатар, құпия қорлармен да жұмыс істейміз, бұл жұмыстың күрделілігі – құжаттар жүйеленбеген, сондықтан, барлық құжаттарды қатарынан қарау керек, бұл көп уақытты қажет етеді және көбінесе оң нәтиже бермейді.

Мемлекеттік комиссия алдында үлкен жұмыстар тұр. Бұл бір жылдық жұмыс емес. Аз ғана уақыттың ішінде комиссияның атқаратын жұмысының ауқымды екенін түсіндік. Жұмыстың күрделі әрі қиын тұстарына қарамастан жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысы алдымызға қойған тапсырманы орындауда.

Сондықтан, қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі туралы айту әзірше ертерек, бірақ мынандай тұжырым жасауға болады: біріншіден, жұмыс тобының санын көбейту керек, өйткені барлық жұмысты төрт-бес адам атқара алмайды, оның үстіне, біз бүкіл Қазақстан бойынша оңалтуға материалдарды зерделеп, дайындауға тиіспіз; екіншіден, құпия құжаттарды ашу керек, әйтпесе, жұмыс топтары мүшелерінің саны көбейсе де, олар құпия құжаттармен арнайы жұмыс істей алмайды, сондықтан, жаңадан қосылған мүшелерге де арнайы құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат берген дұрыс болады деп есептейміз; үшіншіден, мұрағат мекемелерінде жұмыс топта[1]рының мүшелерін тиісті техникалық құралдармен қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана ауыз толтырып айтатын нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Ләззат ШОТБАҚОВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button