Классик есімі ұлықталды
Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары насихатталды.
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Өзім туралы», «Менің атым Қожа» «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармаларының мазмұны қысқаша баяндалды. Бұл – балалардың қызығушылығын арттыру үшін қажет дейді ұйымдастырушылар.
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының балаларға қызмет көрсету бөлімінде жазушының өмірімен, шығармашылығымен толықтай таныса аласыз.
Шара барысында «Менің атым Қожа» повесі талқыланды. Іс-шараға Қарағанды қаласының №48 жалпы білім беретін мектебінің 5 сынып оқушылары қатысты. «Бала жанының білгірі» атты ұйымдастырылған көрмеде кітапхана меймандары жазушының суреттерде сақталған өмірбаянын шолып өтті.
Балалар «Менің атым Қожа» повесі бойынша викториналық сұрақтарға жауап берді. Тіпті, фильмдегі өздеріне ұнаған кейіпкер болып ойнап, әртістік шеберліктерін көрсете білді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz