«Кітап – білім бұлағы»
Ең құнды инвестиция – білімге құйылған инвестиция. Уақыттың тезінен өткен бұл ұғым көзі ашық, көкірегі ояу жанға жақсы таныс. Сондықтан, дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан еліміздің білім беру саласы да күн санап жаңартылып, озық технологиялармен толығуда.
Мұны жас буынның кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселесінен бөле-жарып қарауға әсте болмас. №1 Ұлытау орта мектебі базасындағы Тірек мектебінде (Ресурстық орталық) ұйымдастырылған «Кітап – киелі ұғым» облыстық семинарына қатысушылар осы тақырыпты қаузады.
Ауданның білім бөлімі хабарлағандай, аталмыш шара Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жоспарымен бекітілген «Оқу шаттығы» әлеуметтік-педагогикалық жобасы аясында жүзеге асты. Педагогтардың басқосуын Ұлытау ауданы білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов ашып беріп, семинар қатысушыларының жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы, семинарға Жезқазған қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Әшірбекова, мектеп мұғалімдері, Сәтбаев қаласы білім ошақтарының мамандары, №3 білім-инновация лицейі, «Өркен» ММ мұғалімдері және ауданның білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі пәні мұғалімдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
«Кітап – білім бұлағы». Онсыз, яғни, кітапсыз күн кешу бекер. Тек, кітап қана мәнді, маңызды білім береді. Терең ойға жетелейді. Кітаптың әр беті адам баласын тылсым табиғатпен үндестіріп, өшпес құндылықтарға жетелейді. Бұл – ешбір дәлелдеуді қажет қылмайтын аксиома.
Шынымен де, интернет желісі мен жаңа технологиялар секундтап дамып жатқан қазіргі қоғамда кітаптан бас алмайтын баланы кездестіру некен-саяқ көрініске айналған. Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған жобаның діттегені – осы кемшіліктің орнын толтыру. Яғни, оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, ойлы оқырман тәрбиелеу, оқырман танымын дамыту, оқушылардың белсенділігін арттыру, оқушыларды ізденімпаздыққа баулу және мәтінді түсініп зерделей білуге үйрету. Семинар барысында оқушылармен әдеби оқу сағаты, ата-аналармен жұмыс, кітапханашымен жұмыс және сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырылды. №1 Ұлытау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және бастауыш сыныптар, ағылшын тілі пәні мұғалімдері, №7 Сарысу орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Әлиманова, №6 Жезді орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі А.Қалиева, А.Байғорина, №3 Амангелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Бегаева, №14 Алғабас орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Көзтай, №15 Қарсақбай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі К.Кенжебекова түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара соңында оқырмандар, қатысушылар және ұстаздар өз пікірлерін ортаға салды. Облыстық семинардың жоғары деңгейде өткенін айтты.
Өз тілшімізден