Басты тақырыпРухани жаңғыруҰлытау

Кітап алмасу – бағалы бастама

   Парасат-парқы биік жандар үшін Мемлекет басшысының «Кітап оқитын адам, ғаламторда отыратын адамдарды билейді» деген сөзінің астарынан орнықты ой түю қиынға соға қоймасы анық. Шынтуайтында, кітап – білім бұлағы, ешқашан түгесілмес қазына. Осы орайда, Ұлытау аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен аудан аумағындағы мектептерде қолға алынған «Оқып болсаң, досыңа бер» атты буккроссинг жобасының алғышарттары мен талаптарын оқырмандар ұтымды тәсіл ретінде қабылдады.

«Буккроссинг» ұғымы ағылшын тілінен тәржімалағанда «кітаптың айналыста жүруі» деген мағынаны білдіреді. Нақтылай түссек, «өзің оқы да, өзгеге өткіз» қағидасына негізделген қарапайым болса да, қоғам үшін қайтарымы мол іс-әрекеттердің  жиынтық бейнесі. Аудандық білім бөлімі қолға алған шараның түпкі межесі, әрине, кітаптың құндылығын дәріптеу, адамдарды, әсіресе, жас буын өкілдерін кітап оқуға бейімдеу.

Жоғарыда аталған акция аясында аудандағы барлық мектептерде буккроссинг сөрелерін ашу жоспарлануда. Кітап сөрелеріне балаларға арналған көркем әдебиет, энциклопедиялар және басқа да танымдық маңызы терең туындыларды орналастыру көзделген. Соның нәтижесінде, шығармалары оқырман қауымға рухани азық беру құдіретіне ие ақындар мен жазушылар кітаптарының санын арттыру жайы да жоспарланып отыр.

Акцияның алғашқы таныстырылымы және тұсаукесер рәсімі аудандағы ауылдық мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және мектеп кітапханашыларының қатысуымен Аманкелді селолық округіндегі №3 орта мектебі қабырғасында өткізілді.

Мағыналы жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов жиналғандарды бағалы бастаманың тұсаукесерімен құттықтап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішкі иірімдерімен мейлінше үндес сипаттағы іс-шараның маңыздылығы мен күтілер нәтижесі хақында ой толғады. Маңызды мәселеге қатысты өз пікірлерімен сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлбақыт Қалиева, Аманкелді  селолық округінің әкімі Ноян Жеңсікбаев, ардагер кітапханашы Жұмкен Жұрқабаева және Аманкелді орта мектебінің директоры Бұқар Байжантаев бөлісті.

Акция барысында сөз алған жобаның бас менеджері, аудандық білім бөлімінің әдіскері Светлана Омарова ізгі ниетті іс-әрекетке қатысушылардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайтынын айрықша атап өтті. Ол сонымен қатар, аудан орталығындағы  оқырмандардан жиналған 120 кітапты мектеп кітапханасына  табыс етті.

Жиын түйінінде сыртқары кенттер мен келген меймандар жергілікті өнерпаздардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалау мүмкіндігін иеленді. Соның аясында өлең құрауға бейім мектеп оқушылары «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» тақырыбында өздерінің жүрекжарды жырларын оқып, тыңдарманды тәнті етті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button