Басты тақырыпЖезқазған

ӘКІМДІКТІҢ ӘЛІМЖЕТТІГІ Үкімет тарапынан тегеурінді тосқауылға тап болды

      Жезқазған қаласындағы атқарушы билік тізгінін ұстаған мемлекеттік органдардың жергілікті «Дидар» телерадиохабарларын тарату дирекциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін заңсыз саудаға салып, жекеменшікке сатып жіберуі әлеуметті әжептәуір әбігерге түсіріп, қоғамның қобалжуына негіз қалады. Мәселенің мән-жайы оқырманға «Орталықта» жарық көрген басылым басшысының бірінші орынбасары Ерсін МҰСАБЕКТІҢ «Елбасы тапсырмасы еленбей тұр» атты сараптамалық мақаласы (7 қаңтар, 2017 жыл, №2 (22 309) арқылы жете таныс. Осы тақырыпқа қатысты жарияланымдар республикалық деңгейдегі біршама электронды бұқаралық ақпарат құралдарында да көрініс тапты.

     Жергілікті қауым – ақсақалдар, еңбек ардагерлері, журналистика саласының байырғы майталмандары, қалаберді, қарапайым жұртшылық өкілдерінің жария етілген сауда қорытындысын қисынсыз қиянат ретінде бағамдап, ашық қарсылық білдірді. Ашынған елдің басым дені «Дидар» телеарнасына дүмеп келіп, өз пікірлерін жазып алуды және эфирге таратуды талап етті. «Халық сұраса, хан түйесін сояды». Ел тілегі ескеріліп, жұртшылықтың наразы пікірлері кө­рер­менге жеткізіліп жатты. Қалың ел әкімдіктің әлімжеттік әрекетін «бүтінді бүлдіру», «ілгері басқанды кері тарту», «алға шыққанды аяқтан шалу» деген сипатта бағамдайтындарын бүкпесіз білдірді. Олардың арасында орынсыз әрекетті жергілікті билік тарапынан жол берілген «саяси қателік» деп бағалайтындар да кездесіп жатты…

     Осы дүйсенбіде жергілікті билік журналистер қауымын қала әкімдігіне шақырған еді. Қалам ұстаған ағайынмен жүздесуге қалалық ішкі саясат бөлімі және қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшылары келді. Уақыт «тапшылығына» байланысты сұрақ қоюға, жауап қайтаруға мұрша болмаған келте кездесуде экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкая журналистерге онсыз да белгілі жайтты тізбелеп шығумен шектелді…

     Қызу әңгімеге сол күні ымырт қоюлана «Дидар» телеарнасы ғимаратында барша журналистер қауымының қатысуымен өткен жиында еріксіз орын берілді. Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкая және сауда нәтижесі бойынша жеңімпаз болып танылған 60 жылдық бай тарихы бар телеарнаның судай жаңа қожайыны Мағауия Мизанбаев қатысты. Бұл жолы тағы да Виктория Ставицкая ханымның көзіқарақты жұрттың құлағы бұған дейін де мейлінше қаныққан хабарламасы тыңдалған соң пікірлер таласы туындап берген. Өйткені, түсініксіз жайттар тым мол.

     Мәселен, ҚР Премьер-Министрінің аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын жекешелендіру тізімінен алып тастау туралы Елбасына берген ұсынысы (шығыс №21-35/И-544, 2016 жылғы 24 қараша) мен оған хат түскеннен кейінгі келесі күні Мемлекет басшысының тайға таңба басқандай етіп, «Келісемін» деп бұрыштама соғып, қол қойған құжатының еленіп-ескерілмеуі кімді де болса таң қалдырары күмәнсіз. Біздің тарапымыздан қойылған сауалдарға В.Ставицкая «Үкіметтен жіберілген құжаттар бөлімге биылғы жылдың 4 қаңтарында ғана түсіп, тіркелді» деген жауап берді. Сонда мемлекеттік маңызы бар құжат Елорда мен Жезқазғанның арасында бір айдан аса мерзім сапар шеккен бе?.. Жезқазғанда электронды құжат айналымы тәсілі қолданылмай ма?.. Әлде, қала әкімдігінің кеңсесінде сауда өтіп кеткенше «кешеуілдеп» жатып қалған ба?.. Қалай десек те, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарын саудаға салу үдерісін доғаруға қатысты пәрмен берілген құжат қолға тимеген күннің өзінде, ол туралы ақпарат елге ертерек мәлім болғаны анық. Осы дерек неге ескерілмеген?.. Иә, қысқасы, түйткілді сауалдардың тізбегі көп, мардымды жауап жоқ!.. Билік өкілдерінің жауабы жалқы – «Біз бәрін де қолданыстағы заңдар мен кешенді жоспарға сәйкес жүргіздік».

     Айтып-айтпай не керек, «Дидардың» қабырғасында өткен «Әрі тарт та, бері сал» әңгіменің түйінін жиын үстінде телеарна директоры Базарбай Әлеуханұлының ұялы телефонына түскен, «сүйіншілеген» СМС-хабарлама мәтіні қойып берді. Онда Вице-Премьер Иманғали Тасмағамбетовтің дәл сол күні кешкілік бір апта ішінде Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасының заңсыз сатылуына тексеріс жүргізіп, орын алған кемшілікті түбегейлі жоюға және оған жол берген кінәлі тұлғалардан жауапкершілік сұралуына қатысты тапсырма бергені айтылған. Бұл тапсырманың мазмұны бір демде республикалық электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпақ елге жария етілді. Осылайша, дүйім елді дүрліктірген дау-дамайға нүкте қойылып, көзі ашық, мемлекет мүддесін мұрат тұтқан зерделі қауымның әбіржуі басылды.

     Олардың ендігі тілегі – жер кіндігі Жезқазғанда қандай сипатта болса да, ел көңіліне қонбайтын, парқы төмен іс-әрекеттердің қайыра қайталанбауы.

      P.S. Айтпақшы, «Дидарда» өткен жиын басталар тұста Жезқазғанда электр жарығы «жалп» етіп сөніп, қала тұтасымен қараңғылық құшағында қалды. Кейін белгілі болғандай, қаладағы ЖЭО-да апат орын алған екен. Кездесуді басқаша қылар қайранның жоқтығынан телеарнаның түсіру-жазу құралынан шығатын жарықтың көмегімен өткізуге тура келген еді. Енді, мына «ғажайыпты» қараңыз!.. Сүйінші сұраған СМС-хабарлама түсіп, ұжым мүшелері бірін-бірі құттықтай бастағанда әлгі электр жарығы әдейі аңдып тұрғандай жарқ етіп қайыра жансын. Сәйкестік шығар, бәлкім?!.. «Аққа – Құдай жақ»!

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button