Әкімдер — әлеуметтік желіде

Әкім елмен етене араласып, бұқараның мұң-зарына дер кезінде назар аударғаны жөн. Сонда тұрғындардың билікке деген сенімі нығайып, тұрақтылық тұғыры беки түседі. Ол үшін шенеуніктер әлеуметтік желіні тиімді пайдаланып, жұртпен тікелей қарым-қатынас орнатуы тиіс. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Мемлекет басшысының бастамасы – әлемдік тәжірибеде сыналып, тиімділігі дәлелденген дүние. Әлемдік дейміз-ау, өзіміздің елде де әлеуметтік желі арқылы халық ықыласына бөленіп үлгерген лауазымды тұлғалар бар. Толығырақ тоқталсақ…

Президент тапсырмасы

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен өткен Кеңесте шенеуніктерге халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына өтуді тапсырды.

 – Бізге халықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде шара қолдану – маңызды. Әкімдер әлеуметтік желілерде мемлекеттік саясатты түсіндіру қажет. Бұл азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттырады. Әкімдерге халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырамын. Бұл барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты, ауылдағы әкімдерден облыс әкімдеріне дейін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіні халықпен байланыс орнатудың тиімді тәсіліне айналдырғанына біраз жылдың жүзі болды. Парламент Сенатының төрағасы лауазымында болған кезде елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты өз пікірін «Twitter-дегі» парақшасында жариялап, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің назарына іліккен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы атанған соң да әлеуметтік желідегі белсенділігін тоқтатпады. Ел аса маңызды ақпаратты тікелей Президенттің парақшасынан оқи алады.

Әлеуметтік желі және саясаткер

Әлем үшін саясаткерлердің әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен тікелей байланыс орнатуы қалыпты дүние. Мәселен, АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter мен Инстаграмдағы белсенділігімен танымал. БАҚ өкілдері оның парақшасын ұдайы назарда ұстайды. Өйткені, салмақты саясаткерлігіне қарағанда қызуқандылығы басым Президенттің жазбасы сенсациялық жаңалық болып шығуы келуі бек мүмкін. Ал, Германия канцлері Ангела Меркель ханымның «Instagram» парақшасындағы жазбалар негізінен ресми кездесулердің фотосуреттерінен және түрлі эмоциялық жазбалардан тұрады. Ол осы арқылы өзінің нәзік жанды әйел екенін ел есіне салып тұрғандай.

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының қатарында көрші Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбеков, Моңғол елінің басшысы Халтмаагийн Баттулга, Ресей Федерациясына қарасты Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыров бар.

Дамыған елдерде ірі мегополистердің басшылары қаладағы халықтың ахуалын интернет арқылы бақылап отыруды әдетке айналдырған. Енді бұл тәжірибе біздің елде де кең қолданысқа енеді.

Әжеліде белсенді шенеунік кім?

Әлеуметтік желіге тіркелген қазақстандық шенеуніктердің арасында жазылушылар саны жағынан елорданың бұрынғы әкімі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешов мырза көш бастап тұр. Оның парақшасына 40 мыңнан астам адам жазылған. Әйтсе де, әкім кезінде белсенді болған Әсет Исекешов қызметін ауыстырған соң әлеуметтік желіге кірмейтін болған.

Жазбалары үнемі ел назарында жүретін шенеуніктердің бірі – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев. Ақпарат министрінің ашық болып, даулы мәселелерге қатысты пікір білдіруі, халыққа дұрыс мәліметтің дер кезінде жетуіне ықпал етуде.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сынды бірқатар лауазымды қызметкерлер де әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов пен облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбайдың әлеуметтік желіні халықпен байланыстың тиімді құралы ретінде пайдаланып жүргенін айта кеткен жөн.

Әлеуметтік желі – тиімді

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов “Твиттер” желісіне тіркеліп, алдағы уақытта тұрғындарды алаңдатқан әр мәселені жеке бақылауына алатынын хабарлады.

 – Жеке аккаунт ашу туралы шешім қабылдадым. Мұнда облыс жаңалықтары мен жұмысымыз туралы жазамын. Сондай-ақ, тұрғындардан да кері байланыс күтемін. Әр мәселені жеке қарастыратын боламын, – деп жазды Ерлан Қошанов “Твиттер” парақшасында.

Сонымен қатар, Қарағанды облысына қарасты аудандар мен қалалардың әкімдері де халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына өтіп, әлеуметтік желіге тіркелді.

Медиа-сарапшы Нұрлан Жанайдың пікірінше, шенеуніктердің әлеуметтік желіге тіркелуі қос тарап үшін де қолайлы болмақ. Алдымен, қарапайым халық түйткілді мәселелерді тікелей әкімге жолдай алады. Бұл олардың мәселесін жедел шешуге жол ашпақ. Ал, әкімдер елді алаңдатқан мәселелерді дер кезінде аңғарып, бақылауда ұстау мүмкіндігіне ие болады. Бірақ, әкімнің жұмысы әлеуметтік желімен шектеліп қалмауы керек.

Нұрлан Жанай, медиа-сарапшы:

– PR-ы жақсы болса да, жұмысы сын көтермейтін басшылар бар. Сондықтан да, әлеуметтік желі оң имидж қалыптастырып, басшылыққа есеп берудің құралы емес, атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы талқыланып, халықтың талабы ескерілетін ортаға айналуы тиіс. Халыққа барынша шынайы ақпарат ұсынылып, кері байланыс орнағаны жөн.

Ақпарат заманында әлеуметтік желілер үлкен күшке айналды. Кез келген ақпарат әп-сәтте әлемнің барлық түпкіріне жетіп, қоғамдық резонанс туғызуға қауқарлы. Оны тізгіндеп, тежеп ұстау мүмкін емес. Ең абзалы – сол күшті өзің басқару.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan».