«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек»

      Арулар мерекесі қарсаңында облыс орталығындағы «Нұрәсем» Сән үйін бетке алғанбыз. Мақсатымыз – сән үйінің директоры, ұлт руханиятының жанашыры Венера ИСИНА ханым бастаған ұжымды Ару-Көктем мерекесімен құттықтау.

Көліктеміз. Бұқар жырау даңғылының бойы – кептеліс. Иін тірескен көлік. Назарым – жолда, құлағым – радиода. «Қазақ радиосы» «Алтын қорын» қозғаған екен. Марқұм Мәдина Ералиеваның орындауындағы Марат Омаровтың «Қыз сыны» әнін беріп жатыр.

«Үкілі кәмшат, Бүрмелі көйлек. Тұр­ғандай өзі Қимылсыз билеп»… Ғажап ән! Қайталанбас үн! Менің қайда бара жат­қанымды «Қазақ радиосы» біліп қойғандай…

…Иә, үкілі кәмшат, бүрмелі көйлекті көрмегелі қашан. Наурыз мейрамында кө­зіміз шалып, концерттерде жанарымызды суғарып алатынымыз болмаса. Айтпақшы, мұражайлардан көріп жүрміз. Әйтпесе, біз­дің көшеде шолтиған етек пен жалаңаш кіндіктен көз тұнады ғой…

Міне, іздеп барамын сол кәмшат бөрік пен бүрмелі көйлекті.

Аулада Венера апай қарсы алды. Анығын айтайын, бетімнен ерте көктемнің жылы лебі өбіп, маңдайымнан Анам сүйгендей әсерге бөлене қалдым. Қазақы болмыс, биязы үн, кіршіксіз пейіл, инабат-ибадан иірім тартқан мәдениет… Осы бір асыл қасиеттердің бәрі Венера Әбдіғалиқызының бойына қонақтап, мені қарсы алуға шыққандай! Менің ұлт мәйегін аңсап, сонша шөліркеп келгенімді сезіп тұр. Мынау тас қабырғалы ғимарат та, Венера апай да… Тіпті, кіреберістегі қыз­мет­ші қарындасым да.

Мен жай ғана «Нұрәсем» фирмасы орналасқан ғимараттың ғана емес, ұлт қа­сиетінің босағасын, асыл қазынаның табал­дырығын аттап келе жатырмын. Бір өтірігі жоқ, сондай сезімдемін. Өйткені, мынау қабағы түксиген тасбауыр қоғам, жауқабақ қаладағы ұлт уызынан жерінгендердің пи­ғылынан үріккен асыл қазына мен баға жетпес қасиетіміз қашып келіп, осы ғи­ма­рат­қа тығылғандай көрінді маған. Қазір қауышамын!

…Қарбалас шақта келген екенмін. Сонау сұлу Көкшеден, «Азия-Су» ЖШС директоры Қанат Ахметов тапсырыс беруге келіп жатыр екен. Іргеміздегі «Нұрәсемді» біз қыз ұзату, үйлену тойы секілді шаңырақ шаттығында немесе Наурыз мейрамында ғана іздейміз ғой. Ал, мына азаматтың «Нұрәсеммен» іскерлік байланыста жүргеніне 20 жылға жуықтап қалыпты. Өзі де аңқылдаған азамат болып шықты. Венера ханым ұсынған ыстық шәйді ұрттай отырып, ағытылып берсін.

Мен Көкшетаудан келіп отырмын. «Нұрәсемге» жиі тапсырыс беріп тұрамын. Фирманың Астанадағы филиалына да аялдамай, Венераның өзіне жеткен бетім осы. Ұлттық ат спортының жанашырымын. Қазір 1500 адам жұмыс істейтін іргелі кәсіпорыным бар. Наурыз мейрамына қыз-жігіттеріме ұлттық киім тіктіруге арнайы келдім. «Нұрәсемнің» тігетін киімдері ғажап! Осы ұлттық нақышта тігілген киім үлгілерін Наурызда ғана емес, күнделікті киіп жүретін уақыт туса ғой, шіркін! Біздің ою-өрнегіміз кеңсеге кіріп, көшені кезіп кетсе ғой. Мына Венералардың бизнесі де дөңгелеп, банктің несиесіне телмірмес еді,– деп бір қайырды Қанат аға. Ойымыз орайлас шыққанын жақсы ырымға балап мен отырмын.

…Иә, Венера Әбдіғалиқызын бұл тө­ңіректе білмейтін жан жоқ шығар. Қолынан оймағы түсіп көрмеген Гүлбарам анасынан алып қалған шеберлігін үлкен бизнеске айналдырып отыр. Анасы марқұм түлкі тымақ, құндыз бөрік, тон, ішік, шапан тігіп, сырмақ сыратын. Гүлбарам шешейдің соғыс жылдарында жауынгерлерге арнап жылы киім тіккені туралы біздің «Орталық» талай жазған. Міне, осындай ананың құрсағын жарып шыққан Венера қалай өнерден құр­алақан болсын?!

Көкшетаулық мейманның тапсырысын қабылдап болған соң, Венера апай мені тігін цехына бастады. Кәсіпорын тарихы мен бүгінгі мүмкіндігі жайлы жүре әңгімеледі. Уақыты тығыз екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

«Нұрәсем» Сән үйі – Тәуелсіздіктің құр­­­­дасы. 90-шы жылдардың басындағы аласапыран шақта Венера өзге замандастарындай ала дорба арқалауға асықпады. Аяулы анасынан үйренген өнері кәдеге жарайтын мезгілдің жеткенін де сезген. 1991 жылы шағын фирма болып құрылған тігін цехы ауқымын кеңейте келе, 1993 жылы сәуір айында ресми тіркеуден өтіп, салтанаты жарасқан Сән үйіне айналды. Бүгінгі таңда 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі кәсіпорын. Астанада филиалы бар. Филиалдың жұмысын және фирманың негізгі бағытынан бөлек жұмыс істейтін қонақ үй, кафе жұмысын Венера апайдың қызы Нұргүл дөңгелетіп отыр.

Сонымен, цехтамыз. Бұрын да талай цехта болғанбыз. Тігін машинасының сырылдаған даусы мен қарш-қарш еткен қайшы даусынан құлақ тұнатын. Мұнда оның бірі жоқ. Әркім өз жұмысын ықтиятпен орындап отыр. Заманауи технология жетіпті мұнда. Қолмен пішілген киім компьютер-машинамен тігіледі. Кәсіпорынның байырғы қызметкерлері киім пішушілер Рая Жейінбекова мен Динара Әлібаева тапсырыс үлгілерін дайындауда. Мына бөлмеде өндіріс жетекшісі Светлана Исина жаңа тапсырыс бойынша нұсқаулық беріп жатыр. Келесі бөлмеде Гүлбағила Мақсұтова компьютер көмегімен оюдың жаңа түрін әзірлеуге кіріскен. Он саусағынан өнер там­ған Татьяна Папенко, Елена Осипова және Светлана Ермолаева ақ матаға қазақтың зерлі оюын кестелеп отыр. Ана жерде – зергер Индира Оразбаева. Ол дайын өнімді әшекей тастармен көмкеруде. Тігіншілер Нәсіп Шакутова, Зоя Қинаят және Татьяна Зайлердің қолы қолына жұғар емес. Суретші-дизайнер Айгүл Бәкірова жүзі нұрланып, қарындашпен ою салып отыр. Шамасы, оюдың жаңа түрін ойлап тапқан. Сырт көзге қарапайым кәсіп көрінгенімен, осылардың барлығы тарих бетіне ұлтымыздың заманауи өрнегін зерлеп жатқан зергерлердей көрінді. Олар Бішкектен жеткен матаға (өрісі төрт түлікке толған Қазақстанда мата өндірісі де жоқ екен-ау) ұлтымыздың бүгінгі дәуірінің тынысын бейнелеп жатыр. Сөзге тартып, алаңдатуға дәтіміз бармады. Нәзік жандылардың қолынан ғана келетін нәзік кәсіп қой. Кедергі келтіруге қақамыз жоқ. Өйткені, олардың әрқайсысы – күнделікті жұмысына шығармашылық мақсатпен жұмылатындар. Өз басымызда бар. Жазу үстінде телефон шылдыраса, ой бө­лі­ніп, мазамыз қашады емес пе?! Мына отырған қыз-келіншектер де тура біздің кебімізді киген. Сондықтан, «Нұрәсемнің» барша қызметкерлерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жылы лебіз біл­діруге ғана мүмкіндік таптық.

Кәсіпорыннан аттанар сәтте «Нұр­әсемнің» дүкеніне бас сұққанбыз. Сату­шылар Үміткер Шөкеева мен Шолпан апайдың да мұрындарына су жетпей жатыр екен. Тұтынушы көп. Бірақ, сол тұ­тынушылардың да ұлт қазынасына мән беріп жатқаны шамалы сияқты. Наурызға киетін камзол мен шапан іздеп келген. Оның өзін сатып алуға емес, бір-екі сағатқа жалға алмақшы. Міне, біздің ұлтық құндылығымыз бен оған деген өзіміздің құрметіміздің жағдайы! Наурызда ғана қазақ екеніміз есімізге түседі.

Осы ойымды Венера Әбдіғалиқызы­мен бөліскен едім. Апай да әрең шыдап тұр екен, ағытыла жөнелді:

Ұлттық оюмен әдіптелген кеңсе киімдері мен күнделікті киюге арналған киімдер үлгісін қызым Нұргүл жасаған. Нұргүл Алмасқызының «Жібек жолы» сериясымен әзірлеген үлгілері халықара­лық, республикалық сән байқауларына қаты­сып, жүлде алып жүр. Бірақ, сұраныс жоқ. Тек қана прокатқа шығарып жүрміз. Ал, концерттік киімдер тапсырысының кө­леміне өкпеміз жоқ. Облыстың барлық қала-аудандарының мәдениет бөлімдері бізге тапсырыс береді. Сырт облыстардан да тапсырыс берушілер бар, – дейді көңіліне қанағат ұялатқан сабырлы қал­пынан ажырамаған күйі.

…Істеріне сәттілік тілеп атқа қондық. Радио қосылды. Бұл жолы Заттыбек Көпбосыновтың «Ақ маржаны» әуелеп сала берді. Бірақ, менің көкейімнен Мә­дина салған «Қыз сыны» кетер емес. «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек». Көктемнің лебін енді сезінгендеймін. Рухтың мұражайын аралап шыққандай күй кешіп…

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерде:

1.«Нұрәсем» Сән үйінің директоры Венера ИСИНА.

2. «Нұрәсем» Сән үйінің өнімі.

3. Компьютерлік тігін машинасының маманы Гүлбағила МАҚСҰТОВА.

Суреттерді түсірген автор.

2 thoughts on “«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек»

  1. Тамаша! Апа-карындастарымыздын енбегин корсету аркылы когам проблемасын, руханият олкылыгын шебер котерген.

  2. Мереке құтты болсын!! Жақсы жазылған. Репортаж осылай жазылу керек қой

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.