Бас тақырып

Киік киесі

Биыл еліміздің біраз өңірінде құрғақшылық болуы мүмкін дейді сарапшылар. Оның себебі – ауа райының күрт ысуы. Әуелден табиғат құбылысын жан-жануарға қарап болжайтын қазақ биыл мамырдың соңында күн күркіреп, күрт суытатын «құралайдың салқынын» күтіп отырғанда, ысып берген ауа райынан секем алып қалды. «Қазақтың малдарындай қыбырласып, әр ойдан топ-топ болып жусап өрген», тас дәуірінен бері тіршілік ететін ақбөкендердің нақ құралайын өргізетін кезеңде күннің жылып кетуін синоптиктер жаһандық жылыну салдарынан дейді. Бірін-бірі толықтырған егіз ұғымдай болған, араларында көзге көрінбейтін байланыс орнаған, қазақпен тағдырлас киіктің құралайын өргізуге қолайсыз ауа райының орын алуы болжам жасалған құрғақшылықпен дөп келуі кездейсоқ құбылыс па, ол жағы беймәлім.

КИІКТІҢ КИЕСІ МЕ, ӘЛДЕ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ МА?

Ауаның жұпары мен судың мөлдірін қуалап өмір сүрген бейкүнә жануар мен қазақтың ертеден жолы түйісіп, әлі күнге дейін бірге келеді. Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы киік саны шамамен 300 мыңнан ғана асады. Мамырдың соңында, небары 2-3 күннің ішінде төлдеп үлгеретін аналық ақбөкендердің кез келген құралайды бауырына алып, емізе беруінің өзі ерекше құбылыс. Осы кездің салқын ауасында желге қарсы жүгірген құралайлар тынысы ашылып, тез аяқтанады. Табиғаттың өзі мейірімін аямаған киіктердің төлдеуі кезінде, атап айтқанда, мамырдың 22-28 аралықтарында ғана түйетабанды көруге болады. Аса үлкен жапырақтарымен өзгелердің көзінен құралайды жасырып, ол аяқтанған соң келесі көктемге дейін жоғалып кететіні – табиғаттың да ақбөкендерге ерекше пейілінің бір көрінісі. Бірақ, кейінгі екі жылда, нақ осы ақбөкен құралайын өргізер уақытта ауа райы өзгеріске ұшырады. Синоптиктердің айтуынша, «мамыр айында күннің бұлай жылынуының «құралайдың салқынына» еш қатысы жоқ». «Қазгидрометтің» Қарағанды облысы бойынша филиалының климатологтары «жаһандық жылыну» процесі бізді де айналып өтпейтінін айтады. Әрі, ауа температурасының көтерілуі жыл сайынғы құбылысқа айналуда. Мәселен, өткен жылы да нақ осы кезде ауа райы биылғыдай температураны көрсеткен. Оның мәнісі – қоршаған ортаның ластануынан дейді олар.

Негізі климатологтар кейінгі уақытта атмосфералық айналым режимінің өзгеруіне планетаның экваторлық және солтүстік аймақтары арасындағы температура қарама-қайшылықтары теңесетінін айтуда. Яғни, оңтүстік пен солтүстіктегі ауа райы алмасуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде, әрине, ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.

Ресми деректерге сүйенсек, 2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңірлерінде астық өнімділігі шамамен 15%-ға қысқаруы мүмкін. Ал, майлы дақылдардың кейбір түрлерінің өнімділігі 2030 жылға дейін артса, 2050 жылға қарай құрғақшылыққа байланысты өнімділік төмендейді.

«АУА РАЙЫНА ҚАРСЫ ТҰРА АЛМАЙМЫЗ»

Климат өзгерісі әлбетте экономикаға да, тұрғындардың денсаулығына әсері болатыны айдан анық. Ендеше, қайтпек керек? Мамандар бұл жағдайға да бейімделу керек дегенді айтып жүр. Мысалы, озық елдерде құрғақшылыққа бейім дәнді дақылдар өсіріп, суға жақсы үнем болатын тамшылатып суару әдісін жиі пайдаланады.

Ал, елімізде 2020 жылдан агроөнеркәсіп кешенін ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру жүргізілуде. Сақтандыру операторы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» іске қосылғаны жөнінде диқандармен онлайн тәртібінде бірнеше семинар өткізіліп, сақтандыру оң нәтиже беретіні жайлы айтылған.

Сақтандыру кезеңі 3 айды қамтиды. Яғни, 15 мамырдан 15 тамызға дейінгі аралық есепке алынады. Бүгінгі күнге дәнді дақылдардың топырағында ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін Ұлытау және Осакаров аудандары шаруашылықтарынан өтінім келіп түсті, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өндіріс бойынша орынбасары Сырым Бошпанов.

Сақтандыру бойынша нормативті шығынның (30 000 теңге) 3,2%-ы төленеді. Мысалы, 1 гектарға сақтандыру сыйақысы – 960 теңге. Ал, оның 50 %-ын мемлекет субсидиялайды.

Өңірде алқаптарын үнемдеп суару технологиясын пайдаланатын қожалықтар да бар. Мәселен, Абай ауданындағы «Поливное» шаруа қожалығында тамшылатып суару жүйесі енгізілсе, «Шахтерское» ЖШС, «Шанс» шаруа қожалығы, «Астра Агро ЛТД» ЖШС, «Лайф Актив» ЖШС сияқты шаруашылықтар шетелдік өнімділігі жоғары үнемдеп суару техникаларын қолдануда. Сейтжаппар Нығметов, «Қайнар» ЖШС басшысы:

Ауа райына қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан, құрғақшылық болды екен деп, тағы да қол қусырып қарап отыруға болмайды. Оған да бейімделу керек. Қазір шаруа қожалығы дәнді құрғақшылыққа қарсы технологияларды қолдану арқылы егуде. Оның үстіне, дер уақытында салып, жердің ылғалы кеуіп кетпей отырғызу аса маңызды. Ылғалды жоғалтпау үшін жерді де аз қопсытамыз. Бүгінгі таңда дәнді дақылдың бәрін егіп болдық.

Алдын ала қамданған қарағандылық диқандар құрғақшылыққа дайын тәрізді. Оның үстіне, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша биыл тұрақты өнім алу мақсатында суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жалғастырылады. Яғни, суармалы жерлер алқабы 668 гектарға ұлғайтылып, 22 мың гектарға жеткізу жоспарда.

БОЛЖАМ НЕ ДЕЙДІ?

Құрғақшылық демекші, жұлдызшылар сиыр жылы бақ-дәулет артатын жыл дейді. Ал, этнограф Ахмет Тоқтарбай болса, «қазақ үшін сиыр жылы жайлы жыл болады» дейді.

«Сиыр жылы ақтың, берекенің бастамасы. Қазақ жыланның да басына ақ құйып шығаратын болған. Сиыр – нағыз берекелі жыл, дауыл, су тасқыны сияқты табиғи апаттардан аулақ боламыз. Осы жыл халқымыздың қаншалықты мейірімді, жанашыр екенін көрсетті. Осындай сабырлықтың арқасында кез келген мәселені жеңіп шығарымыз сөзсіз» дейді нумеролог Айдана Кәкен.

Бірақ, зерттеуші, геология профессоры Гийом Дюпон-Ниве «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында «Қазақстан жер шарындағы ең ыстық және құрғақ өңірге айналуы мүмкін» екенін айтқан. Оның айтуынша, ылғалдылықтың төмендеуі флора мен фаунаның толығымен жойылуына әкеледі. Климат бұрынғыға қарағанда өте құрғақ, ыстық болады. Ғалымдардың болжамы тегін емес. Кайнозой дәуірінде Ұлы дала орнын «Паратетис» ежелгі мұхиты алып жатқан. Қазір одан қалғаны Арал мен Каспий ғана. Осыдан-ақ, жаһандық жылыну жағдайында Қазақстан климаты қалай өзгеретінін көре беріңіз.

«Су – тапшы болып бара жатыр. Бұлай кете беруге болмайды. Табиғатты ұмытпау керек. Әйтпесе, өңір шөлейттену шегіне жетеді», – дейді зерттеуші.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button