Кезек күттірмейтін күндізгі стационар
Суық тиіп ауырғанда 24 сағат ауруханада жатқан ыңғайлы ма? Әлде, 1 сағат ем алып, үйде емделген жөн бе? Осы сұрақ мазалағанда еріксіз күндізгі стационардың көмегіне жүгінетініңіз анық. Тәулік бойы дәрігердің бақылауын қажет етпейтін күндізгі стационар – көптің таңдауына ие. Оның тиімділігі сол – емделуші күндіз кезекке тұрмастан өзіне қажетті емді алып, үйіне немесе жұмысына қайтады. Осылайша уақыты мен қаражатын қатар үнемдейді. Жақында Х.Мақажанов атындағы облыстық медициналық орталықтың отоларингология бөлімшесінде күндізгі стационар ашылды. Бөлімшедегі білікті отоларинголог Айдан МУСИН күндізгі стационардың қызметімен таныстырған болатын.
МӘМС-тің мүмкіндігі мол
– Суық тиіп ауырғанда күндізгі стационардың көмегіне жүгінетіндер көп. Ол алдымен жұмысбасты адамның уақытын үнемдейді. Емдеу курсын аяқтаған пациенттер қалған уақытын үйде өткізіп, дәрігердің талабы бойынша тәртіп сақтап, дәрі-дәрмекті қабылдап, диета ұстайды. Оған қоса өзі тіркеуде тұрған жергілікті аурухананың жолдамасы арқылы бізге келіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында кезек күтпей, тегін ем алады. Күндізгі стационардағылар үнемі дәрігердің бақылауында болатындықтан 4-5 күнде емделіп шығады, – дейді облыстың медициналық орталығының отоларингология бөлімшесінің дәрігері Айдан Мусин.
Айданның айтуынша, күндізгі стационар бөлімшесі емделушілерге ыңғайлы болуы үшін облыстың медициналық орталығының бірінші қабатынан ашылған. Орталыққа пациенттер жергілікті емхана берген жолдама арқылы қабылданады. Науқас толық тексеруден соң, күндізгі стационарға өтеді. Көбінесе тыныс алу жолдарына қатысты ринит, гаймарит, ларингит, фронтитпен ауырған пациенттерге ота жасау да бөлімшеде жүзеге асады. Қазіргі таңда тыныс алу жолдары ауруларын уақыт күттірмей емдейтін жаңа медициналық комбайн іске қосылған.
«Бәрімізге керегі – лор комбайн»
Жарты сағатта дертке диагноз қоятын заманауи комбайн рентген құралдарының орнын алмастырады. Емделушінің күмәнін сейілту мақсатында экраннан барлығын көрсетіп тұратын құрылғы диагноз қоюымен қатар, емдеу мүмкіндігіне ие. Нақтыласақ, комбайнның қосымша құралдары арқылы тамаққа, құлаққа, көмекейге дәрі құюға болады. Мұрыннан іріңді сорып алатын құрылғы шұғыл көмек көрсетуде тиімді. Комбайнның көмегімен диагнозы анықталған, күндізгі стационарда емделуші Қайрат Жұмағұлов «бәрімізге керегі – лор комбайн» дейді. Құлағына суық тиген науқас тұмауға шалдығып, құлағы қабынып, есту қабілетінің төмендеуінің бірінші сатысына әкеліп соққан. Бұл туралы лор дәрігер Айдан Бауыржанұлы:
–Тамақ пен құлақтың ортасында канал бар. Сол арқылы суықтан инфекция түсіп, көбіне құлақ қабынып, ауыра бастайды. Емдеуге екі-үш апта уақыт кетеді. Қыс айларында тыныс жолдарының қабынуы тұмаудың әсерінен болады. Сондықтан, мейлінше суық тигізбеуге тырысу керек, – дейді.
Маман тапшылығы жоқ
Күндізгі стационары бар бөлімшеге бүгінде облыстың бас отоларингологы Нұрлан Күлмағанбетов жетекшілік етеді. Білікті басшы бөлімшеде Айдан Мусин секілді жас мамандардың жеткілікті екенін айтады.
– Қазіргі таңда облыстың отоларингология саласына жауапты басты бөлімше – осы. Әзірге бізде маман тапшылығы жоқ. Білікті дәрігерлеріміз күндізгі стационарда айына 70-тен астам адамды қабылдайды. Емделушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында толықтай емделіп шығады, – дейді Нұрлан Күлмағанбетов.
Облыстың бас отоларингологынан құлақ күтімі жайлы сұрағанымызда, дәрігер құлақты сіріңкенің шиі секілді жіңішке заттармен тазалауға болмайтынын қатаң ескертті. «Өйткені, құлақта қорғаныш қабаттары болады. Қалтасынан алған сіріңкенің шиі немесе басқа да заттармен құлақты тазалауға тырысқан жандар құлаққа әртүрлі бактерияларды жинайды. Кейін қорғаныш қабатына зиянын тигізіп, ол құлақтың қабынуына әкеліп, естуін төмендетеді» дейді бас отоларинголог.
Айына 200-ге жуық пациентке тегін кеңес беріп, ем-шараға шақыратын бөлімшенің жұмысына жұрттың көңілі толады. Стационардағы ақ халатты абзал жандардың да жауапкершілігі жоғары екенін байқадық. Емделушілер кезек күттірмейтін стационарлардың облыстың әрбір ауруханасына қажет екенін айтады. Өйткені, күндізгі стационар бар жағынан тиімді болып тұр.
Аяулым СОВЕТ