Руханият

Кешегі зиялыларды білу – парыз

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен   Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыс­тық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Жанайдар Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған «Тауқыметті тағдыр, тарихқа айналған тұлға» атты танымдық кездесуі өтті.

Аталған іс-шараға тарихшылар, Алаш ардақтысы Жанайдар Сәдуақасовтың ағайын-туыс, ұрпақтары мен облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы өкілдері, Ж.Сәдуақасов атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Кездесу шымылдығы Алаш ардақтысының тағдырын сөз еткен бейнематериалдармен ашылды. Онда Ж.Сәдуақасовтың өмірбаяны мен еңбектері атап айтылған. Тіпті, сол бейнероликтерді көру барысында тұлғаның туыстары көздеріне жас та алды.

– Жанайдар Сәдуақасов кім болды дегенде, санаға ең алдымен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді қазақ зиялыларының оралуы тегін емес. Оларды ортақ тағдыр, бір мақсат байланыстырды. Кеңестік дәуірдің тар қапасында құлашты кеңге жаю мүмкін емес-ті. Алайда, Алаштың ардақтылары бұны жоққа шығара алды. Әйтпесе, бүгінімізге осынша мұраның жетуі екіталай еді. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ кешегі руханият аталарына айналған қазақ зиялыларын әрдайым есте ұстауы керек, – деді профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы.

Нұрсахан Ахметқызының бұл пікірінен соң, қатысушылар қазақ зиялысының қилы кезеңдегі тағдырына тоқталып, қалдырған рухани мұраларын талқылады. Жиналған мектеп, колледж студенттері Ж.Сәдуақасов туралы шара қонақтарына біршама сұрақтар қойып, тұлғаны тануға ықылас білдірді. Ол туралы көптеген естеліктер айтылып, жастар мен аға буын өкілдері арасында пікір алмасу өрбіді. Кеш соңында орталықтың бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан сөз алып, қоғам қайраткерінің мұрасының ізін суытпай, осынау тарихи тұлғалар бастаған істі одан әрі жалғай отырып, тілдің мәртебесін көтеру жастардың қолында екенін атап өтті.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button